Маманның кеңесі
Ақмола облысы жағдайында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен дамуы құрғақшылық және ауа райының ыстық болуы жағдайында өтті. 2026 жыл климат пен ауа райы жағдайларының өзгеруінің нақты мысалы болып табылады. Вегетациялық кезеңдегі температуралық режимі мен атмосфералық жауын-шашын мөлшері бойынша биылғы жыл алдыңғы жылдардан айтарлықтай ерекшеленеді. Сәуір айынан бастап температуралық режим мен атмосфералық жауын-шашын көрсеткіштері бойынша соңғы 90 жыл ішінде 2026 жылға ұқсас ауа райы жағдайлары байқалмаған. Ақмола облысының көптеген аудандарында нақты мол жауын-шашынның болмауы байқалды.
Биыл 10-12 мамыр аралығында себілген жаздық бидай құрғақшылықтан айтарлықтай зардап шекті, егістіктер зиянкестер мен аурулардың әсеріне ұшырады. Сонымен қатар, түтікке шығу және масақтану кезеңдері ауа температурасының ең жоғары көрсеткіштерімен тұспа-тұс келіп, бұл масақтағы дән санына, сондай-ақ, дәннің толық қалыптасуына кері әсер етті. Әсіресе, ерте пісетін сорттар зардап шекті. Бұл жағдай қосымша қаржылық шығындарды талап етті. Биылғы жағдай себу мерзімін, атап айтқанда, жаздық бидайды себу мерзімін дұрыс таңдаудың тиімділігін көрсетті. Себу мерзімі дақылдың пісу мерзіміне және дәннің толық қалыптасуына тікелей әсер етті. Жаздық бидайдың ерте пісетін сорттарын ерте мерзімде себу гектарына 8-10 центнер деңгейіндегі төмен өнімділікке және дәннің толық қалыптаспай, солғын әрі ұсақ болуына әкелді. Көктемгі кезеңде топырақтың жоғарғы қабатының қарқынды кебуі ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының танаптық өнгіштігіне кері әсер етті. Осындай жағдайларда анкерлі және дискілі жұмыс органдарымен жабдықталған тұқым сепкіштерді пайдалану тұқымдардың танаптық өнгіштігін жақсартып, біркелкі көктеп шығуын қамтамасыз етеді. Ерте құрғақшылықтың алғышарттары сәуір айында басталып, тамыз айына дейін жалғасты. Ақмола облысында биылғы жылы сәуір-шілде айларындағы атмосфералық жауын-шашынның орташа мөлшері шамамен 70 миллиметр болды, ал, көпжылдық орташа көрсеткіш 152 миллиметрді құрайды. Жауын-шашын мөлшері 0,4; 1,6; 3-4 миллиметр деңгейінде ғана түсіп, олар жоғары ауа температурасымен және қатты ыстықпен қатар жүрді. Солтүстік Қазақстанның басқа өңірлерінде де құрғақшылық құбылыстары әртүрлі деңгейде байқалды. Алайда, жалпы алғанда климаттың құрғақшылық үрдісі анық байқалды.
Статистикалық талдау көрсеткеніндей, Қазақстанда жаңа жерлерді игергеннен кейінгі ең қатты құрғақшылық 1955 жылы болды, сол жылы дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына небары 4,6 центнерді құрады. Келесі 1956 жыл өнімділігі бойынша рекордтық жыл болды (15,9 ц/га). 1975 жыл жауын-шашын мөлшері бойынша құрғақшылықпен сипатталды: сәуір-тамыз айларында жауын-шашын мөлшері 88,5 миллиметр деңгейінде болды және дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 10,9 центнерді құрады. 1976 жыл жауын-шашын мөлшері мен ауа температурасы бойынша қолайлы болды және дәнді дақылдардың өнімділігі әр гектар бойынша 20,2 центнерден айналды. 1991 жылы қатты құрғақшылық болып, өнімділік гектарына 10,0 центнерден айналды, ал, келесі 1992 жыл астық шығымдылығынан рекордтық көрсеткішке – 30,0 центнерге қол жеткізілді. Статистика бойынша келесі аса құрғақшылық болған жылдар – 2010 және 2012 жылдар, бұл жылдары дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 7,0 центнерге дейін төмендеді. Алайда, одан кейінгі 2011 және 2013 жылдар да ауыл шаруашылығы дақылдарының дамуы үшін ауа райы жағдайлары қолайлы болып, Қазақстан бойынша дәнді дақылдардан рекордтық өнім алынды.
2026 жыл ауа температурасы мен атмосфералық жауын-шашын мөлшері бойынша аса құрғақ әрі экстремалды жыл болғалы тұр. Құрғақшылық және ылғалды жылдардың кезектесіп отыратынын статистикалық тұрғыдан күту және келесі 2027 жыл ауа райы жағдайлары бойынша қолайлы болады деп болжау перспективалы емес және ғылыми тұрғыдан негізделмеген тәсіл. Талдау көрсеткеніндей, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру қаржылық ауытқуларды жұмсартуға мүмкіндік береді. Әртүрлі дақылдар жауын-шашын мөлшері мен ауа температурасының ауытқуларын әртүрлі пайдаланады.
Ағымдағы жылы Ақмола облысының көптеген аудандарында жаздық бидай және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі жаз мезгілінде көздегендей жауын-шашынның ұзақ уақыт болмауы, ауа температурасының жоғары болуы және ыстық күндердің орын алуы жағдайында қалыптасты. Ағымдағы жыл аса күшті ауыл шаруашылығы құрғақшылығымен сипатталуда. Биылғы жылы атмосфералық жауын-шашын мөлшері аса құрғақшылық болған 1974, 1975, 1991, 2010, 2012 және 2023 жылдардағы көрсеткіштерден де төмен болды. Биыл ауа температурасының тиімді температуралар жиынтығы соңғы жылдардағы құрғақшылық болған барлық жылдардың орташа көпжылдық мәндерінен жоғары болды. 0,5 және 10 градустан жоғары тиімді температуралар жиынтығы көпжылдық мәндерден тиісінше 14,8; 22,3 және 36,2 пайызға жоғары. 35 градустан жоғары ыстық күндердің саны артты. Көптеген егістік алқаптарында дәннің пісу кезеңінде топырақтың төменгі қабаттарындағы өнімді ылғал қоры өлі қор деңгейінде болды.
Тәжірибеде мұндай жағдайларда да диқаншылардың сапалы әрі лайықты өнім өсіре алатыны дәлелденген. Климаттық өзгерістер болжамы болашақта құрғақшылықтың жиі қайталанатынын көрсетеді. Ақмола облысының егістік алқаптарын зерттеу көрсеткеніндей, бидай, арпа, рапс, зығыр және басқа дақылдардың егін жағдайы облыс аймақтары бойынша да, әр аймақтың шегінде де ерекшеленеді. Облыстың көптеген аудандарында жаздық бидайдың сабағының биіктігі 60-70 сантиметрден аспайды. Ағымдағы жылдың 5 тамызындағы жағдай бойынша егістікті себу мерзімдеріне байланысты бидай дәні негізінен балауыздана пісу – толық пісу кезеңінде тұр. Ауа райының тұрақсыз сипатын ескере отырып, мұндай алқаптарды егістіктің арамшөптермен ластану деңгейі рұқсат етілген шекте болған жағдайда тікелей комбайндау тәсілімен жинау қажет. Бір ерекшелігі, құрғақ климатқа қарамастан, бір егістік алқабының өзінде бидай дәнінің біркелкі піспеуі байқалады. Оның негізгі себебі – топырақ құнарлылығының әркелкілігі және себу сапасы. Дәл күшті құрғақшылық кезінде топырақтағы ылғал қоры мен басқа да қоректік элементтердің мөлшерінің өзгеру шекаралары айқынырақ байқалады.
Дәнді дақылдарды, атап айтқанда, жаздық бидайды тікелей комбайндау мынадай жағдайларда қолданылады: егістік арамшөптермен әлсіз ластанған; дәндердің пісуі біркелкі; егіннің сабақтылығы қалың (тығыз) (тығыздығы шамамен 300 сабақ/1 м²); сабақтары аласа (50 см-ден аспайды). Бір фазалы жинауды дән толық піскен кезде және оның ылғалдылығы 20 пайыздан аспаған жағдайда, кейіннен кептіру арқылы бастайды. Бидайды екі фазалы немесе бөлек жинау тәсілін қолданған кезде келесі жағдайларды ескеру қажет: дәннің балауызданып пісу кезеңіндегі ылғалдылығы – 25-35 пайыздан аспауы тиіс. Дәнді масса дестелерде жатқан кезеңде сабақтарда болатын қоректік заттардың есебінен дән пісіп-жетілуін жалғастырады. Бұл жинау тәсілін мынадай жағдайларда қолдану негізделген: тұқымдық учаскелерді жинау; дақылдың біркелкі піспеуі; жатып қалуға бейімділігі; сабақтардың биік болуы; жоғары сапалы дән қалыптастыру және арамшөп басқан учаскелерде. Дәннің жоғары сапасын алу үшін бөлек жинау тәсілін дәнді дақылдарды (арпа, сұлы, тары), бірқатар дәнді-бұршақ дақылдарды (асбұршақ, майбұршақ, сиыржоңышқа, ноқат және тағы басқаларын) және майлы дақылдарды (рапс, зығыр, мақсары, қыша және тағы басқаларын) жинау кезінде негізгі тәсіл деп есептеу керек. Бұл дақылдардың биологиялық ерекшелігі – тұқымдарының біркелкі піспеуі және дәндерінің шашылуға бейімділігі. Тамырында ұзақ тұрып қалған жағдайда өнімнің айтарлықтай шығыны сөзсіз болады. Дестеге шапқанда масақшалар бір бағытта орналасуы тиіс және дестелерді комбайнмен іріктеп жинау кезінде дән шығынын болдырмау үшін комбайн масақшалардың бағытымен қозғалуы керек.
Дәнді дақылдарды жинаудың агротехникалық талаптары: кесу биіктігі қойылатын мақсаттар мен міндеттерге және сабақтардың биіктігіне байланысты белгіленеді: өсімдіктердің биіктігі төмен болған жағдайда (60 сантиметрден төмен) кесу биіктігі 10-14 сантиметр деңгейінде болуы тиіс. Сабақтары биік болған кезде кесу биіктігін 12-18 сантиметр деңгейіне дейін көтеру қажет. Жауын-шашынның түсу ықтималдығы жоғары болған жағдайда кесу биіктігін жоғарырақ белгілеу керек. Биік аңызда дестелердің жақсы кебуіне қолайлы жағдай жасалады.
Арнайы жаткаларды пайдаланып жинау кезінде техникалық себептерге байланысты кейбір жаткалардың кесу биіктігі 15 сантиметрден төмен болмайды. Сонымен қатар, кесу биіктігін 3-4 сантиметр деңгейінде қамтамасыз ететін арнайы жаткалар да бар. Бұл, әсіресе, майлы дақылдар мен бірқатар бұршақ тұқымдас дақылдарды жинау кезінде аса маңызды.
Піспеген дәндердің және арамшөп тұқымдарының араласуына жол бермеу үшін егістік алқабының шеттерін бөлек орып алу қажет. Бұл әсіресе, тұқымдық учаскелер үшін өте маңызды, оны көршілес алқаптарда өсірілетін басқа сорттармен араласып кетуге жол бермеу керек. Егістік шеттерінен бөлек орылып алынған өнім жеке жиналып, тек тауарлық мақсатта пайдаланылуы тиіс.
Егін жинаудың перспективалы тәсілдерінің бірі – дестені тарақтап жинайтын жаткаларды (жатка-очесыватель) қолдану. Бұл ретте, комбайнның өнімділігі 40-50 пайызға артып, отын шығыны азаяды. Ең маңыздысы, келесі жылғы өнімге негіз қаланады: алқапта өсімдік биомассасы сақталып, қар массасының ерте әрі тиімді жиналуына жағдай жасалады. Тарақтап жинайтын жаткаларды пайдалану дәннің ылғалдылығы жоғары болған жағдайда (30 пайызға дейін) дақылдарды жинауға мүмкіндік береді.
Өнімнің біркелкі емес және кеш пісіп-жетілуі жағдайында егін жинауды жеделдету үшін егістіктерге десикация жүргізіледі. Ауа райының тұрақсыз сипатын ескере отырып, астықты тікелей комбайндау – егін жинаудың негізгі тәсілі болып табылады. Бұл жағдайда жиналған өнімді стационарлық жағдайда стандарт талаптарына сәйкес тұқымдық және тауарлық сапа көрсеткіштеріне дейін жеткізу жүзеге асырылады.
Мол жауын-шашын дәннің «ағып кетуіне» немесе масақта, сондай-ақ, дестеде тұрған кезінде өніп кетуіне себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, мол жауын-шашын масағы тік орналасқан өсімдіктерде дәннің өнуін масағы төмен иілген өсімдіктермен салыстырғанда күшейтуі мүмкін. Мұндай құбылыс соңғы уақытта біздің фермерлер арасында кеңінен қолданылып жүрген шетелдік, қысқа сабақты сорттарда байқалуы мүмкін. Осы факторларды егін жинау тәсілдерін таңдау және астық партияларын қалыптастыру кезінде міндетті түрде ескеру қажет. Тік тұрған астықты жинау кезінде комбайн өткеннен кейінгі жалпы дән шығыны 2 пайыздан аспаған жағдайда рұқсат етілген деп есептеледі, ал, жатып қалған (жапырылған) астықты жинау кезінде бұл көрсеткіш 3 пайыздан аспауы тиіс. Жаткадан кейінгі дән шығыны 0,5 пайыздан аспауы керек. Тік тұрған астықты жинау кезінде бастыру аппаратынан кейінгі дән шығыны 1,5 пайыздан, жатып қалған астықты жинау кезінде де дәл солай 1,5 пайыздан аспауы тиіс.
Пісіп-жетілген күйінде ұзақ уақыт тұрып қалған астықты жинау кезінде барабан мен барабан асты торының арасындағы саңылауды азайту, сондай-ақ, барабанның айналу жиілігін арттыру арқылы дән шығынын 1,2 пайызға дейін төмендетуге болады. Ауа райы болжамын ескере отырып, бидайды балауыздана пісудің бастапқы кезеңінде, дәннің ылғалдылығы 35-37 пайыздан аспаған кезде, ертерек жинауға болады. Алайда, мұндай тәсілді қолданған жағдайда дән құрамындағы клейковина мөлшерінің 1-1,5 пайызға төмендеу қаупі бар. Егінді ерте, атап айтқанда, қамырлана пісу кезеңінде жинау жұмысқа ертерек кірісуге, дәннің сапасына қол жеткізуге және оны астық қырмандарында тиімді сақтауға мүмкіндік береді. Дән кез келген пісу кезеңінде дестеде жатқан кезде үсікке жақсырақ төтеп береді. Ал, өсімдік тамырында тұрған жағдайда бидай дәні балауызданып пісу кезеңіне дейінгі уақытта жеңіл үсіктердің өзінен зақымдануы мүмкін. Егін жинау тәсілі жоғары сапалы астық алуда маңызды рөл атқарады. Бидай партиясының сапасына онда зақымданған дәндердің болуы тікелей әсер етеді. Зақымданған дәндер ұнның және нан өнімдерінің технологиялық қасиеттерін сипаттайтын «құлау саны» көрсеткішінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Құлау саны көрсеткіші халықаралық астық саудасында фермерлерге төленетін бағаны белгілеу кезінде ескеріледі. Әдетте, зақымданған бидайдың бағасы сапалы бидаймен салыстырғанда 10-30 пайызға төмен болады. Бұл фермер немесе астық саудасымен айналысатын кәсіпкер үшін елеулі қаржылық шығынға әкеледі.
Рапстың өсімдік массасының көп болуы, сабақтарының жуан әрі жасыл болуы және толық піспеген серпінді бұршаққаптарының болуы оны бастыру кезінде белгілі бір қиындықтар туғызады. Рапс тұқымының ылғалдылығы 30-40 пайыз болған жағдайда, оны бөлек жинау әдісімен жинау ұсынылады. Рапстың пісіп-жетілуінің негізгі белгілері: төменгі жапырақтары кеуіп, түсе бастайды; өсімдіктегі бұршаққаптардың шамамен жартысы лимон-жасыл түске өзгереді; төменгі бұршаққаптар лимон-сары түске айналады; бұршаққаптардың ішіндегі тұқымдар қоңыр түске ие болады. Егер рапстың жоғарғы бұршаққаптарындағы тұқымдар шашылып түсе бастаса, оны бастыруға әлі ерте. Сабақтың төменгі бөлігіндегі толық піспеген бұршаққаптар бастыру кезінде толық ашылмай, өнімнің бір бөлігі ысырап болуы мүмкін. Бұл шығындар жоғарғы бұршаққаптардың төгілуінен болатын шығындардан да едәуір жоғары болуы мүмкін. Алайда, олар бірден байқалмайды, себебі, толық пісіп жетілмеген бұршаққаптар сабан ұсақтағышпен ұсақталады. Осының салдарынан бастырылған масса жабысып қалады, дәндер сабанға жабысып, нәтижесінде сабан ажыратқыштағы және електердегі дән шығыны артады. Сонымен қатар, бастырылған массаның ылғалдылығы да жоғарылайды. Бұған толық пісіп жетілмеген тұқымдардың ылғалы қосылып, майдың сапасының төмендеуіне және кептіруге жұмсалатын шығындардың артуына әкеледі. Төменгі бұршаққаптарды қолмен уқалағанда ғана оңай үгітілетін деңгейге жеткен кезде рапсты бастыру қажет. Рапс дестелерін тұқымдардың 98 пайызы толық пісіп, қажетті ылғалдылыққа жеткен кезде жинап бастырады. Жинау кезінде нақты қалыптасқан сабақ биіктігін ескере отырып, қарды ерте жинақтауды қамтамасыз ететіндей жеткілікті биік аңыз (стерня) қалдыру қажет.
Егін жинау 2027 жылғы егіс науқанына дайындықтың бір бөлігі. Топырақтағы ылғалды сақтау мақсатында ұсақталған сабанды алқап бетіне біркелкі шашу қажет. Бұл тәсіл 2026 жылғы аса құрғақшылық жағдайында өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Сабанды өртеу топырақ құнарлылығына айтарлықтай зиян келтіреді. Сабанды өртеу кезінде топырақтың 0-5 сантиметр қабатындағы қарашірік жойылып, топырақ ылғалының жоғалуына әкеледі. Сирек шыққан және арамшөптермен ластанған егістіктерді бөлек жинау әдісімен жинау қажет. Бұл ретте, дестелерді егіс бағытына көлденең орналастырған дұрыс. Бұл жағдайда жинағыштан кейінгі жалпы шығындар егіс бағыты бойымен шабумен салыстырғанда 1,5-1,8 есеге төмендейді. Астықты егіс бағытына көлденең етіп дестеге шабу міндетті. Бұл өсімдіктердің топырақпен жанасуын азайтып, дестенің жақсы әрі тез кебуін қамтамасыз етеді. Тұқымдық алқаптарды жинаудың ең тиімді тәсілі – екі фазалы жинау әдісі. Биыл жасымық егістігінің өсімдіктері аласа болып қалыптасты (15-25 сантиметр), бұл өз кезегінде жинау тәсілін таңдауға әсер етеді. Жасымықтың бұршаққаптары бір мезгілде піспейді, сонымен қатар, олар топырақ бетінен 4-9 сантиметр биіктікте өте төмен орналасады. Тұқымның шашылып төгілуіне жол бермеу үшін жасымықты ауа ылғалдылығы жоғары болған жағдайда, мүмкіндігінше түнгі және таңғы уақытта жинаған дұрыс. Десикация жүргізу жасымықтың бастыруға дайын болуын жеделдетеді, сондай-ақ, жинау науқаны ылғалды ауа райында жүргізілген жағдайда тұқымның шашылып-төгілуінен болатын шығынды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Асбұршақты тікелей комбайнмен жинауды дәннің ылғалдылығы шамамен 18-21 пайыз болған кезде жүргізеді. Дегенмен, дәнді 16 пайыз ылғалдылыққа жеткен кезде жинаған дұрыс (ылғалды дәнді жинап алып, кейін кептірген жөн). Жинаудың ең қолайлы мерзімі – бұршаққаптардың 60-75 пайызы піскен кезеңі. Бұл жоғары өнім алуға және тұқым сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Екі фазалы жинау кезінде шабуды түнгі және таңғы уақытта, яғни, сабақтары мен бұршаққаптары ылғалды болған кезде жүргізген дұрыс. Бір фазалы жинауды тиімді жүргізудің негізгі шарттары – егістік бетінің тегіс болуы және бұршақ егістігінің арамшөптерден таза, біркелкі болуы.
Ұзаққа созылған жазғы құрғақшылық облыстың ғылыми қауымдастығы мен диқандарын ерекше алаңдатып отыр. Қазіргі таңда ауа райының өзгеруіне қатысты жеткілікті деңгейде сенімді болжамдар жоқ. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін тұрақты өндіру үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын облыс өңірлері бойынша ғылыми негізделген түрде орналастыру, аймақтық егіншілік жүйесінің элементтерін нақты жағдайға сәйкес қолдану, аудандастырылған ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын пайдалану және өсіру технологияларын таңдауда сараланған тәсілді қолдану қажет. 2026 жылдың тәжірибесі егістіктердің өнімділігі ғылыми негізделген тәсілге тікелей байланысты екенін және мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен тұрақты өнім алуды қамтамасыз ететінін көрсетті. Құрғақшылық пен аптап ыстықтың кері әсерін жұмсартуға мүмкіндік беретін резервтер жоқ емес, бар.
А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында топырақ құнарлылығын тұрақтандыру мүмкіндіктері бойынша бірегей нәтижелермен танысуға болады. Бұл өз кезегінде көмірқышқыл газының эмиссиясы арқылы климаттың жылыну үдерісіне әсер етеді. Ең күшті құрғақшылыққа қарамастан, ауыспалы егісте тікелей себу жүйесін қолдану нәтижесінде биылғы жылы да ауыл шаруашылығы дақылдарынан бірегей өнім алынуы ықтимал.
Қанат АҚШАЛОВ,
А.И.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы
ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі.
![]()

