Әр үйге табиғи газ кіріп, тұрмыс жеңілдейді

Бұл бір қуаныш!

Аршалы кентінің «Жаңа құрылыс» шағын ауданында табиғи газбен жабдықтау желілерінің құрылысы толық аяқталды.

Сөйтіп, ұзақ уақыт бойы тұрғындарды толғандырып, шешімін таппай келген өзекті мәселе оң шешімін тапты. Аталмыш жоба 2024 жылдан бері ауданды газдандырудың өңірлік бағдарламасы аясында қарқынды жүзеге асырылып келеді. Маңызды инфрақұрылымдық бастаманың өмірге келуі енді жергілікті тұрғындарға өз үйлерін экологиялық таза, қолайлы әрі заманауи отын түрімен жылытуға толық мүмкіндік береді.

Бұл ауқымды жоба барысында шағын аудан аумағында жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын төмен қысымды газ құбыры сапалы түрде тартылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қажетті техникалық қауіпсіздік талаптарына сай қысыммен сынақтан өткізілді. Қазіргі таңда инженерлік желілер пайдалануға толықтай дайын тұр.

Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта бұл көгілдір отын желісіне барлығы 380 абонентті қосу көзделіп отыр. Бұл тұрғындар үшін тек жаңадан тартылған инженерлік коммуникациялар ғана емес, күнделікті тұрмыстағы жайлылықты арттырып, әр шаңыраққа жылу мен береке әкелетін қуанышты қадам болып табылады.

Өңірді газдандыру жұмыстары тек бір шағын ауданмен шектеліп қалмайды, аудандағы басқа да елді мекендерді көгілдір отынмен қамту шаралары кезең-кезеңімен жалғасын табуда. Мәселен, алдағы 2026–2027 жылдар аралығында Бұлақсай, Қостомар, Михайловка, Сарыоба елді мекендерінде және Сарыоба станциясында газ тарату желілерін салу жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Аталмыш игі істер өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және тұрмыс сапасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге қолайлы жағдай туғызатыны сөзсіз.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар