Алакөл ауылында жаңа жағажай волейбол алаңы ашылды

Егіндікөл ауданының Алакөл ауылында тұрғындар үшін жаңа жағажай волейбол алаңы ашылды. Спорттық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Юрий Курушин, «Сарымсақты» ЖШС басшысы Данияр Жунусов және ауыл тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында жаңа алаңның ауыл тұрғындары, әсіресе балалар мен жастар үшін маңызы атап өтілді. Заманауи спорттық нысан ауыл жастарының волейболмен тұрақты айналысуына, денсаулығын нығайтуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Юрий Курушин жаңа спорт алаңының ашылуы ауылдағы спортты дамыту бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Ауылдың құрметті тұрғындары! Бүгін біз ауылымызда жаңа волейбол алаңын ашып отырмыз. Бұл – ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиға. Әрине, ауданымызда спортты дамыту жолындағы тағы бір қадам», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ол мұндай алаңдардың балалар мен жастар үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мұнда олар спортпен шұғылданып қана қоймай, денсаулығын нығайтып, жаңа достар тауып, командалық рухты, тәртіпті және жеңіске деген ұмтылысты қалыптастыра алады.

Жаңа алаңда жаттығулар мен спорттық жарыстар, түрлі бұқаралық іс-шаралар өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Ауыл жастары енді волейболмен жаңа әрі жайлы жағдайда айналысып, бос уақытын белсенді өткізе алады.

Жаңа спорттық нысанның ашылуына қолдау көрсеткен «Сарымсақты» ЖШС басшысы Данияр Ермуратұлы Жунусовке және жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдірілді.

Ашылу салтанаты барысында әндер шырқалып, балалардың биі ұсынылды. Дәстүр бойынша шашу шашылып, кейін жас спортшылар волейбол ойынына дайындалып, алаңда алғашқы ойындарын өткізді.

Аудан көлемінде спорттық инфрақұрылымды дамыту, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау және бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар