Ақмола облысындағы сайлау учаскелері таң атқаннан бастап тұрғындарды қабылдай бастады. Кешке қарай бұл күннің тек сандармен ғана емес, түрлі оқиғалармен де есте қалатыны белгілі болды. Отбасылар бірге келді, спортшылар дауыс беруді жаттығумен ұштастырды, еңбек адамдары жұмыс кестесінен уақыт тапты, ал ерекше бастамалар күннің жалпы атмосферасының бір бөлігіне айналды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне барлығы 518 мыңнан астам адам енгізілді. Соңғы мәлімет бойынша, 82,69% пайыз сайлаушы өз таңдауын жасады. Бұл сандардың артында бүгін өңірдің қалалары мен ауылдарында болған нақты адамдар мен оқиғалар тұр.
Кейбір тұрғындар үшін бұл күн бірден бірнеше маңызды оқиғамен байланысты болды. Жас жұбайлар сайлау учаскелеріне бірге келді. Бірі некесін сайлау қарсаңында тіркесе, енді бірі отбасын құрғанына бірнеше күн ғана болған. Сондықтан дауыс беру олар үшін үйлену тойынан кейінгі алғашқы ортақ шаралардың біріне айналды.
Көкшетауда №9 сайлау учаскесіне Warhammer әлеміндегі ғарыш десантшысының толық костюмін киіп келген Тимур Кожахметов көпшіліктің назарын аударды. Жас жігіт костюмді өзі жасаған: бөлшектерін 3D-принтерден шығарып, кейін өңдеп, бояған. Костюмді дайындауға бір жыл уақыт кеткен, ал қаруымен бірге салмағы шамамен 40 келі.
«Warhammer-дегі әр легионның өзіндік ерекшелігі бар. “Ақ тыртықтардың” бейнесінде дала көшпелі халықтарына сілтеме жасалған, яғни бейнелеп айтқанда, оларды “космо-қазақтар” деуге болады. Костюмді басып шығару, бояу және тегістеуге бір жыл уақыт кетті. Қаруымен бірге салмағы 40 келі, бірақ бұл мен үшін кедергі болған жоқ», – деді Тимур Кожахметов.
Алайда бүгін Көкшетау тұрғындарды тек ерекше костюмдерімен ғана таңғалдырған жоқ. Сайлау учаскелерінің біріне толық экипировкадағы байкерлер колонна болып келді. Олар үшін сайлау учаскесіне аялдау бүгінгі бағыттарының бір бөлігіне айналды.
Спортшылар да өздеріне тән форматты таңдады. «Бегом к выбору» акциясына қатысушылар Құрылтай символикасы бейнеленген спорттық киіммен дауыс беруге келіп, дене белсенділігін азаматтық бастамамен ұштастырды.
Облыс орталығынан тыс жерлерде де сайлау күні мазмұнды өтті. Атбасарда сайлау учаскелерінің маңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қатысқан «Музыка объединяет» бағдарламасы ұйымдастырылды. Ал Целиноград ауданының Софиевка ауылында тұрғындарды жәрмеңке, музыкалық және шығармашылық қойылымдармен өткен «Аула Fest» шарасы біріктірді.
Сонымен қатар көптеген тұрғындар үшін дауыс беру күнделікті жұмыстардың арасында өтті. Қосшыда сайлау учаскесіне курьерлер мен жеткізу қызметінің қызметкерлері жұмыс киімімен келді. Жұмыс күні жалғасып жатқанына қарамастан, олар өз таңдауын жасауға бірнеше минут уақыт тапты.
Ал Целиноград ауданында бүгінгі оқиғаларды өнер арқылы сақтап қалуға шешім қабылданды. Ақмол ауылындағы №733 және Ы. Алтынсарин ауылындағы №687 сайлау учаскелерінде суретшілер Ниязбекова Ұлдана мен Искендирова Айжан Қайратқызы табиғи көріністерді қағазға түсіріп, тұрғындардың көңіл күйі мен күннің атмосферасын кенепке бейнеледі.
Осылайша бір жексенбінің шежіресі отбасылық оқиғалардан, спорттық акциялардан, еңбек барысындағы үзілістерден, музыка мен шығармашылықтан құралды. Әр эпизодтың өзіндік тарихы бар. Ал барлығы бірге бір өңір тұрғындары үшін бір күннің қаншалықты әртүрлі өтуі мүмкін екенін көрсетті.
Кешке қарай сайлау учаскелері жабылып, комиссиялар дауыстарды санауға кірісті. Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 518 мыңнан астам азамат енгізілді, олардың 78,95%-ы сағат 18:00-ге дейін өз таңдауын жасады.
Енді ресми қорытындыларды күту қажет. Ал бүгінгі күн Ақмола өңірінің тарихында тек сандармен ғана емес, адамдардың жүздерімен, кездесулерімен және есте қаларлық оқиғаларымен де сақталып қалды.
![]()

