Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубының ойыншылары сайлау күні спорттық жаттығуларынан уақыт бөліп, қаладағы №22 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
Футболшылар №2 орта мектеп ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне команда құрамында келді. Спортшылардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын насихаттауға бағытталған бұл шара сайлаушылардың да назарын аударды. Жасыл алаңда бір мақсат жолында топтасып жүрген футболшылар бұл күні азаматтық міндеттерін де бірге атқарды. Алайда, әрқайсысы дауыс беру кабинасына жеке кіріп, өз таңдауын жасады.
– Ел өміріндегі маңызды мәселелерге бейжай қарамау әр азаматтың міндеті. Біз спортта тәртіп пен жауапкершілікке мән береміз. Бұл қасиеттер күнделікті өмірде де маңызды. Сондықтан, бүгін команда болып сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық таңдауымызды жасадық, – деді команда ойыншыларының бірі.
Клуб өкілдерінің айтуынша, спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және бірлікке тәрбиелейді. Жарыс кезінде ортақ жеңіс үшін күш біріктіретін спортшылар қоғам өмірінде де белсенді болуға ұмтылыс жасады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

