Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов сайлау күні отбасымен бірге облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында орналасқан №18 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Тұрғындармен кездескен аймақ басшысы бұл сайлаудың ел өміріндегі маңызына тоқталып, оның Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғаннан кейінгі алғашқы жалпыхалықтық сайлау үдерісі екенін атап өтті. Сайлау барысында азаматтар бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлайды.
– Бүгін еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды әрі жауапты күн. Ақмола облысында 518 мыңнан астам тұрғынның дауыс беру құқығы бар. Сайлауға қатысу азаматтық ұстанымды білдіріп, Қазақстанның болашағына өз үлесіңді қосуға берілген мүмкіндік. Өңір тұрғындарын өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, саналы таңдау жасауға шақырамын. Еліміздің болашағы осындай шешімдерден құралады, – деді Марат Ахметжанов.
Ақмола облысында сайлауды ұйымдастыру үшін 759 сайлау учаскесі жұмыс істеп, тұрғындардың өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына барлық жағдай жасалды. Облыстағы барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру үдерісі белгіленген тәртіпке сай өтіп, азаматтардың белсенділігі қамтамасыз етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

