Жуырда елімізде Спорт күні аталып өтті. Соған орай, ауданымыздағы спортты жандарына серік еткен отбасылардың бірі – Сағындықовтар жанұясы туралы қолға қалам алуды жөн көрдім.
Медет пен Нариман Сағындықовтардың спортта жеткен жетістіктері, бағындырған белестері көпшілікке аян. Екеуі де аудан орталығы Макинск қаласында дүниеге келіп, қазіргі таңда кіндік қандары тамған өңірлерінің намысын үлкен додаларда қорғап жүрген абыройлы азаматтар.
Үйдің үлкені Медет Қайыркелдіұлы 2001 жылы қаладағы №4 орта мектепті бітіріп, Астана қаласының жоғары оқу орындарының біріне дене шынықтыру пәнінің оқытушысы мамандығына оқуға түсті. Кейін әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен өткеріп келді. Әскер қатарында жүргенде алдына әке жолын қуып, құқық қорғау саласында еңбек ету мақсатын қойды. Сол ойын іске асырмақшы болып, әскерден келген соң, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне осы құқық мамандығы бойынша оқуға түседі. Десе де, «адамның ойлағаны емес, Алланың жазғаны болады» демекші, оқуын сәтті аяқтағанымен құқық қорғау саласына бармады. Макинскідегі «Балдырған» балабақшасына дене шынықтыру нұсқаушысы болып жұмысқа орналасты. Содан бастап бүгінге дейін осы салада адал қызмет етіп келеді. Медет ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. «Осы тоғызқұмалақ ойынын қайдан үйрендіңіз?» дегенімізде, ол:
–1994 жыл болуы керек, Алматы қаласынан жездем қонаққа келді. Өзімен бірге тоғызқұмалақтың тақтасын ала келген екен. Содан бізді де үйретіп, ойын шарттарын түсіндіріп, кетерінде бізге сол тақтасын сыйлап кетті. Содан бастап біздің тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығымыз оянды. Күн сайын үйде ойнап, қыр-сырын терең меңгере бастадық. Алғаш мектепішілік, кейін аудандық, облыстық жарыстарға барып, жүлдегер, жеңімпаз атандық. Біршама тәжірибе жинаған соң республикалық жарыстарға қатыса бастадық. Республикалық жарыстарда 2 рет жеңімпаз болдым. Балабақша қызметкерлері арасында ұйымдастырылған тоғызқұмалақтың тағы бір түрі – бестемшеден республика чемпионы атандық. Ізімді жалғаған інім Нариман да қазір қасымда еңбек етуде. Балаларым да осы ұлттық спорт түрін ерекше жақсы көреді,– деді.
«Дені сау ұлттың болашағы жарқын болады» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Медет пен Нариман секілді жастардың бұл ісі – өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ағайынды спортшылар тек өз жеке жетістіктерін ғана мақтан тұтпай, барша жастарымыз бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын серік етсе екен деп армандайды.
Жайнарбек ЗАНДЫБАЙ.
Бұланды ауданы.
![]()

