Байқау
«Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді дана халқымыз. Қазақ халқында әже – отбасының берекесі, ақылшысы, ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі. Әженің әлдиі мен ақ батасы бәрінен қымбат, бәрінен бағалы.
Осы орайда, асыл әжелеріміздің өмірлік тәжірибесін насихаттау, отбасындағы орнын ұлықтау мақсатында біздің «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасында «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» атты сайыс ұйымдастырылды.
Әуелі кітапханашылар Айғанымдай, Зередей асыл да текті әжелеріміздің сынығы, бүгінгі байқауға қатысып отырған осы кісілерге сәлем беріп, төрден орын ұсынды. Ә дегеннен аңғарғанымыз, сайысқа қатысатын, он саусағынан өнер тамған Рысжан Мұстафина, Күләш Құрманова және Сәуле Жүнісова секілді әжелеріміз байқауға тыңғылықты дайындықпен келіпті.
Сайыс «Өзін таныстыру», «Мақал – сөздің мәйегі», «Әже өсиеті», «Салт-дәстүрді білесіз бе?», «Өнерлі әже» деп аталатын 5 кезеңнен тұрды. Осы талаптар бойынша әжелеріміз ұлттық құндылықтарды дәріптейтін өнерлерін, қолөнер бұйымдарын, тағылымды әңгімелері мен өмірлік тәжірибелерін көрермен назарына ұсынды.
Іс-шара барысында әжелер өздерін жан-жақты таныстырып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Мақал-мәтелдердің тек жалғасын ғана таппай, мағынасын да кеңінен ашып, тәрбиеге бастайтын салиқалы сөз маржанынан көрерменге шашу шашты. Ал өздері дайындаған ұлттық тағамдардан отырғандарға ауыз тигізіп, денсаулыққа қандай пайдасы барын да айтып өтті. Ән шырқап, өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын таныстырып, кейбірін тіпті көрермендерге сыйға тартты. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа, немерелеріне арналған жүрекжарды тілегі мен өмірлік өсиеттерін ортаға салып, ақ батасын берді. Әжелердің тәрбиелік мәні зор ұлағатты сөздері көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Бақыт ЕСМАҒАНБЕТОВА,
кітапхана қызметкері.
Көкшетау қаласы.
![]()

