Сыбайлас жемқорлық жарға жығады

Бұл – өзекті мәселе!

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кері әсер ететін, заңдылық пен әділдік қағидаттарына нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Оның кез келген көрінісі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер етіп қана қоймай, мемлекеттік органдардың беделіне және қоғамның тұрақтылығына кері ықпал етеді.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы әр азаматтың заң талаптарын қатаң сақтауына және заңсыз әрекеттерге бейжай қарамауына тікелей байланысты.

Мамандардың айтуынша, қоғамдағы бұл дертті түп-тамырымен жою үшін әрбір тұлғаның құқықтық санасы мен жауапкершілігі аса маңызды.

– Қандай да бір мәселені заңсыз жолмен немесе сыйақы беру арқылы шешуге тырысу қатаң жауапкершілікке әкеліп соғады. Ең бастысы, кез келген жағдайда тек құқықтық тәртіпті басшылыққа алып, өзімізден бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруымыз қажет, – дейді бұл орайда, Көкшетау қалалық полиция басқармасы ақпараттық саясат тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айдана Сейтқалиева.

Кей жағдайда азаматтар белгілі бір мәселені тезірек шешу, қажетті құжатты алу немесе жауапкершіліктен құтылу мақсатында лауазымды адамға ақша, сыйлық немесе өзге де материалдық игілік ұсынуы мүмкін. Алайда, мұндай әрекетті қарапайым «алғыс» немесе «ризашылық білдіру» деп қабылдауға болмайды. Заңсыз сыйақы ұсыну немесе беру заңда белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғуы мүмкін, сондықтан, қандай да бір мәселені шешудің ең дұрыс жолы – заң талаптарын сақтау және белгіленген тәртіппен әрекет ету. Сол сияқты, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де лауазымды адамдар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін жеке пайдасы үшін пайдаланбауға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға және қызметтік міндеттерін адал орындауға тиіс.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мына бір қарапайым қағида өте маңызды. Ол – пара бермеу және пара алмау. Егер азаматтан заңсыз сыйақы талап етілсе немесе қандай да бір қызметті орындау үшін ақша не сыйлық ұсынуға мәжбүрленсе, мұндай жағдайды жасырмай, тиісті органдарға хабарлау қажет. Әрбір заңсыз әрекетке немқұрайлы қарамау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызды бөлігі. Қоғамда заңды айналып өтуді емес, мәселені құқықтық жолмен шешуді жолға қою арқылы ғана әділдік пен заңдылықты нығайтуға болады.

Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру біздің әрқайсымыздың жеке басымыздан басталады, ал, заңды құрметтеу, өз құқықтарыңды білу және заңсыз ұсыныстарға жол бермеу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар