Қадамың құтты болсын, жеткіншек!

Білім күні – көптеген шаңыраққа шаттық сыйлайтын, үкілі үміттер мен асқақ армандардың шырағы маздайтын үлкен-кішіге ерекше мереке. Қыркүйектің алғашқы таңында Ақмола облысы бойынша 141 мыңнан астам оқушы алтын ұя мектептеріне қайта оралып, білім нәрімен сусындауға кірісті. Үстіміздегі оқу жылында өңірдегі 518 білім беру мекемесі өз есігін шәкірттеріне айқара ашты.

Алғашқы қоңырау үні сыңғырлаған салтанатты жиын Көкшетау қаласындағы №16 жалпы білім беретін мектепте де өтті. Биыл бұл білім ордасының оқушылары мен ұстаздары үшін қуаныш екі есе еселенді. Себебі, мектеп ұжымы жаңа оқу жылын күрделі жөндеуден өтіп, мүлде жаңарып, заманауи кейіпке енген ғимаратта қарсы алды. Мұнда 82 бірінші сынып оқушысы алғаш рет партаға отырып, білім жолын бастады.

Мерекелік салтанатқа Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, облыс басшылығының атынан жиналған қауымды, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды Білім күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол мемлекет тарапынан білім саласын дамытуға және өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беруге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

– Бүгін білім әлеміне жаңа қадам басатын, жаңа оқу жылынан үлкен үміт күтетін қуанышты күн. Әсіресе, бұл күн алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер үшін ерекше маңызды. Облыс бойынша 13 мыңға жуық бала 1 сыныпқа барады. Олар мектеп қабырғасында өмірлеріне қажет білім мен тәрбие алады. Ал, 11 сынып оқушылары үшін бұл жыл ертеңгі мамандықтары мен өмірлік жолдарын таңдауда шешуші кезең болады, – деді Алтынай Әміренова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпаққа сапалы білім мен лайықты тәрбие берудің ел болашағы үшін маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Бүгінгі басты міндет – балаларға заманауи білім беріп қана қоймай, бойына адамгершілік асыл қасиеттерді сіңірген адал, жауапты, еңбекқор және отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеу. Осы асқақ мақсатқа жету жолында елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Айта кету керек, биыл Ақмола облысы бойынша бес мектепте ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Солардың бірі – осы №16 мектеп. Іргетасы 1962 жылы қаланған бұл ғимарат толық жаңартуды қажет еткен еді. Жобалық қуаты 774 оқушыға арналған білім ордасының шатыры мен ішкі оқу кабинеттері толықтай қайта жөндеуден өтті. Ең бастысы, физика, химия, биология және робототехника кабинеттері ең соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл оқушыларға тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибелік сабақтар өткізуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және инженерлік-техникалық дағдыларды ерте жастан үйренуге кең мүмкіндік береді.

Мерекелік жиында мектеп ұжымына облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан ерекше тарту жасалып, технология кабинетін ер балаларға арналған заманауи құрал-жабдықтармен толықтыру үшін 15 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сертификат табыс етілді. Мектептің жаңарған кейпі мен жасалған жайлы жағдайын ата-аналар қауымы да ерекше тебіреніспен, жоғары бағамен қабылдады. Бірінші сынып оқушысының анасы Надежда Завадская өз әсерімен бөлісіп, ризашылығын білдірді:

– Бүгін біздің отбасымыз үшін өте толқынысты, маңызды әрі көптен күткен қуанышты күн. Кенже ұлым алғаш рет мектеп босағасын аттап отыр. Осы №16 мектепті таңдағанымызға өте қуаныштымыз. Күрделі жөндеуден кейін мектепке кірген кезде алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, толықтай жаңарып, құлпырып кетіпті. Балаларымыздың осындай жайлы, заманауи әрі қауіпсіз ортада білім алатыны көңілімізді орнықтырады. Осындай қолдау білдірген мемлекетімізге және облыс басшылығына шексіз алғыс айтамыз, – деді ол.

Жаңарған мектепте сыңғырлаған алғашқы қоңырау үні жас өрендерді жаңа білім шыңын бағындыруға шақырды. Білім кемесіне аяқ басқан әрбір бүлдіршіннің қадамы сәтті, болашағы жарқын болғай!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар