Темір жол вокзалдары жаңаша келбетке ие болуда

Игі бір іс

Ақмола облысында темір жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары ауқымды түрде одан әрі жалғасуда. Айталық, таяуда Есіл қаласы мен Елтай ауылындағы вокзалдардың  қайта жаңартылуымен, өңірдегі республикалық жобаға енгізілген 16 темір жол вокзалының 14-і пайдалануға берілді.

Облыс темір жол инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасын іске асыру бойынша елімізде көшбасшы өңірлердің қатарында. Бұл жоба аясында жолаушылар нысандарын заманауи талаптар мен тұрғындардың қажеттіліктеріне сай жаңарту көзделген және мұның өзі ойдағыдай іске асырылуда.

Айталық, Есіл қаласында қайта жаңартудан кейін ауданы 485,4 шаршы метр болатын вокзал ғимараты осы заманғы келбетке ие болды. Ішкі бөлмелер мен іргелес аумақ та абаттандырылды.

Бұланды ауданындағы Елтай ауылында осындай вокзалды қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Бұл ғимараттың жалпы ауданы 200 шаршы метрден асады. Ауыл тұрғындары үшін жөнделіп, жаңартылған вокзалдың ашылу  салтанаты маңызды оқиға болды.

– Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Енді пойызымызды осындай жақсы вокзал ғимаратында күтіп алатын боламыз. Сондықтан, мемлекет облыс және аудан басшыларына темір жол бойында орналасқан біздің елді мекен тұрғындарына көрсеткен қамқорлықтары үшін алғыс сезіміміз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Тілеулес Кенжебаева.

Еліміз бойынша темір жол инфрақұрылымын жаңарту пойыздар қозғалысын пайдаланатын жолаушылар мен сала қызметкерлеріне осы заманғы қолайлы жағдайлар жасау тұрғысында қолға алынып отыр.

Облысымыздағы осы тізімге енген қай вокзалды алсаңыз да вокзал ғимараттары қайта жаңаартылып, іргелес аумақтар абаттандырылып, жолаушыларға барынша жағдайлар жасау қарастырылған. Аймақта темір жол вокзалдарын жөндеп, ішкі-сыртқы келбетін жақсарту жұмыстары мұнымен бітпейді. Алдағы бірер айда тағы екі нысанда – Көкшетау және Атбасар қалаларының вокзалдарында осындай  жаңарту жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру көзделуде.

Алдағы жылдары да кезең-кезеңімен жүргізілетін бұл жұмыстар көпшілік тарапынан тек қана қолдау табуда. Өйткені, темір жол қазір халықтың  күнделікті жүріп-тұруында ең көп пайдаланылатын көлік түрінің бірі. Бұл ретте, оның қауіпсіздігі мен билет құнының қолжетімділігі ұнайды. Сондықтан, қалаларымыз бен өзге де елді мекендеріміздің қақпасы саналатын әрі келген жолаушылар мен қонақтарды қарсы алып, шығарып салатын вокзалдарымыздың көз тартып, жайлы да сайлы болып тұруы заман талабы десек артық емес. Демек, соған келе жатқанымыз қашанда құптарлық жай.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар