Әкім – ел ішінде
Өткен аптаның соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданында кезекті жұмыс сапарымен болып, Райгородок кен орнында алтын өндіру фабрикасы құрылысының капсуласын салу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Бүгінде елімізге шикізаттық өндірістен жоғары технологиялық терең өңдеуге өту аса маңызды. Осыған байланысты алтын өндіру фабрикасының жобасын іске асыру басталды. Стратегиялық маңызды іс-шараға Zijin Mining және Zijin RG Gold басшылығының, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар өкілдері де қатысты. Жоба Мемлекет басшысының инвестиция тарту және елдегі инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асырылуда. Фабриканы салуға осы саладағы әлемдік алпауыттардың бірі де бірегейі Zijin Mining атсалысады.
Бұл жоба бізге не береді? Біріншіден, алтын өндірісінің көлемі екі есеге молаяды. Екінші, алтын өндіру фабрикасын пайдалануға беру жылына қосымша 7 тонна алтын өндіруді қамтамасыз етіп, кәсіпорынның жылдық өнім шығару көлемін 6 тоннадан 12 тоннадан астам Доре қорытпасына дейін арттырады. Ең бастысы, алтын мемлекетіміздің, Ұлттық банктің алтын-валюта қорының негізі екендігін білеміз. Демек, біздің өңірімізде де бұл нысанның ашылуы тек біздің аймақ үшін емес, тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Өндіріс алаңында толыққанды индустриялық кластер құрылады. Фабрика энергетика, сумен жабдықтау объектілерін, қалдық шаруашылығын, жөндеу-қойма кешендерін және 400 адамға арналған жайлы вахталық қалашық құрылысын қамтиды.
– Бұл күнді шынымен де, тарихи күн деп айтуға болады. Мемлекет басшысы шикізатты сыртқа жайдан-жай тасымалдамай, оны заманауи халықаралық технологиялар бойынша өз елiмiзде өңдеуіміз керектігін талай рет баса айтқан болатын. «Zijin» компаниясы мыс пен алтын өндіруден әлемдік көшбасшылардың үздік бестігіне кіретін халықаралық алып. Олар жер шарының 18 елінде жұмыс істейді. Енді міне, біздің өңіріміздің де экономикасына 600 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салып, заманауи, экологиялық таза жаңа осыған байланысты фабрика тұрғызбақ, – деді өз сөзінде облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Еліміздегі алтын кенінің 60 пайызы біздің облыстың жер қойнауынан өндіріледі. Сондай-ақ, Доре алтын құймасының 55 пайызын Ақмоладағы алтын айыру фабрикалары қорытады. Айта кетейік, бүгінде облысымызда құрылысшылар мен тау-кен өндірісі мамандары ең жоғары жалақыға ие. Олардың еңбекақы мөлшері орташа есеппен 680 мың теңге. Сондықтан, бұл жоба өнеркәсіптік әлеуетімізді арттырып, оған едәуір серпіліс береді. Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Ақтаев пікір білдірді.
– Бұл жобаны іске асыру осы сала қуатын екі есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жоба тек өңір үшін емес, тұтас еліміз үшін де стратегиялық маңызға ие. Бүгінде өндіріліп жатқан 6 миллион тоннаға қосымша 10 миллион тоннадан астам кен өндіру жаңа технологияларды тартуға ғана емес, елдің алтын қорын толықтыруға да жағдай жасалды. Бүгінгі таңда «RG Gold» республика бойынша 380 миллиард теңгеге жуық қосымша құн табысын әкеледі. Бұл соманың екі есеге жуық өсуі елдің жалпы экономикалық көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Олай болса, іске сәт! – деді ол.
Қазіргі уақытта елімізде өндірілетін барлық алтын алтын-валюта резервтерін толықтыру үшін Ұлттық банкке тапсырылады. Осылайша, экономикалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, экономиканың негізгі қаңқасы нығая түсуде. Ал, бүгінгі жаңа жоба осыдан бірнеше жыл бұрын бастау алған болатын. Инвестор мен әкімдіктің арқасында оны іске асыру 400-ден астам жұмыс орнын құруға және өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашады. Мұны өз сөзінде Zijin RG Gold бірлескен бас директоры Марат Шаймарданов та растайды.
– Біз үшін бұл жоба өндіріс қуатын арттыру ғана емес, сонымен бірге өңірді дамытуға салынған инвестиция. Өндіріс қуатын арттыру еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, экономиканы нығайтуға ықпал етеді. Біз мемлекет және серіктестер үшін ұзақ мерзімді құндылықтар құруға ұмтыламыз, – деді ол.
Қол қойылған меморандумға сәйкес, компания аудандық бюджетке жыл сайын міндетті түрде жарты миллиард теңгеге жуық аударым жасайды. Бұдан бөлек, соңғы үш жылда компания әлеуметтік жауапкершілік аясында облыс бюджетіне 5 миллиард көлемінде салық төледі. Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасады.
– Мен бұл компанияның өкілдерімен кездесіп, өндіріс орындарын өз көзіммен көріп қайттым. Олар өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауға, яғни, рекультивация мәселесіне өте мұқият қарайды. Оларда қараусыз қалған карьерлер жоқ. Орнына бау-бақшалар, саябақтар отырғызылып, орман қоры қайта қалпына келтіріледі. Әлеуметтік жауапкершіліктері де өте жоғары. Еуропада бірнеше футбол және волейбол клубтарын өз қаржыландыруына алған. Сонымен қатар, өндіріс толық іске қосылғаннан кейін облысымыздың командаларына да осындай демеушілік жасап, қолдау көрсетуге дайын. Бұл жағынан да алдын ала келісім-шартымыз бар. Тек аудандар ғана емес, өңірдегі басқа да әлеуметтік нысандарды тұрғызуға көмектесіп, қоғам өміріне белсене араласпақ. Тағы да қайталап айтамын, мұндағы басты пайда көруші мемлекет, қоғам және жергілікті тұрғындар. Әрине, инвесторлар да серіктес ретінде пайда табуы тиіс, әйтпесе, оларға жұмыс істеу тиімсіз болады. Сондықтан, біз әрдайым осы тепе-теңдікті сақтаймыз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Алпауыт серіктестік пайдалы қазбалар ресурстарын игеру мен пайдаланудың мүлде жаңа белесіне қадам басуда. Жаңа өндірістік қуаттылықтар іске қосылмақ. Осы үдеріс барысында RG Gold жобасын жүзеге асыратын ұжымға айрықша міндет жүктеледі. Жиында осы RG Gold компаниясының бас атқарушы директоры Ли Каивен де жылы лебізін жеткізді.
– Құрметті серіктестер, бүгін біз RG Gold компаниясының CIB-2 жобасының іргетасын қалау сияқты тарихи да маңызды сәттің куәсі болып отырмыз. Ең алдымен, өңір басшылығына облыс басшылығына және тиісті мемлекеттік органдарға RG Gold компаниясына ұдайы білдіріп келе жатқан зор қолдаулары үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Жер телімдерін бөлу, ресурс қорын растау, шетелдік жұмыс күшінің квоталарын бекіту сияқты мәселелерде жедел әрі тиімді көмек көрсетіліп, жобаның кедергісіз басталуына жол ашылды.
Осыны айтқан компания директоры өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпайтынын жеткізе келе, былай деді.
– Сондай-ақ, акционерлеріміз «Зижин Майнинг» (Zijin Mining) және «Зижин Голд Интернешинал» компанияларына шын жүректен алғыс айтамын. Олар тез арада даму стратегиясын қабылдап, бізге техникалық, басқарушылық және қаржылық әлеуетіміз жағынан зор қолдау көрсетті. Соның арқасында бұл жоба да қарқынды түрде іске аса бастады. Алдағы уақытта біз CIB-2 жобасын қауіпсіз, жоғары сапалы әрі тиімді түрде іске асырылып, пайдалануға беру міндетін бірлесе атқарамыз. Сөзімнің соңында RG Gold компаниясының барша ұжымына алғыс айтқым келеді. Біздің команда түрлі елдердің мәдениеттерді тоғыстырады. Мақсатымыз бұл жобаны Қазақстанның алтын өндірісі саласындағы ең озық заманауи кен байыту фабрикасына айналдыру. – Бұдан бөлек, ол жоба құрылысына қатысып жатқан барлық серіктестер мен мердігер ұйымдарға алғыс білдірді.
CIB-2 жобасы – бұл тек өндірісті ұлғайту емес, бұл RG Gold компаниясының заманауи, интеллектуалды әрі «жасыл» даму бағытына жасаған шешуші қадамы. Мұнда озық кен байыту технологиялары, автоматтандырылған басқару жүйесі мен сандық технологиялар және интеллектуалды өндірістік басқару жүйесі енгізілмек. Бұл ресурстарды пайдалану тиімділігін, өндірістік сапаны және қоршаған ортаны қорғау деңгейін арттырады. Қауіпсіздік, заңдылық және тұрақты даму – құрылыстың басты талабы. «Біз Қазақстан Республикасының заңнамасын, халықаралық салалық стандарттарды қатаң сақтай отырып, «жасыл» өндірісті өркендетеміз», – деп сендірді бас директор. Түпкі мақсат – қауіпсіз, тиімділігі жоғары, экологиялық таза «саябақ-кеніш» үлгісін құру.
Келешекте жоба іске асырылған соң, жаңа жұмыс орындары ашылып, сабақтас салалар дамиды. Әлеуметтік, білім беру, медициналық және инфрақұрылымдық жобаларға қолдау көрсетіліп, даму шарапатын халық та көреді. Сол үшін Алтын өндіру фабрикасының құрылысы табысты әрі қауіпсіз аяқталады деген сенімдеміз.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
![]()

