Жарты ғасырлық жарасым

Алтын той

Кейбір тағдырлар өзімен бірге тұтас бір әулеттің тарихын ала жүреді. Қайыркелді Қабдоллаұлы мен Күләш Нәбиқызы Исиндердің бірге өткізген жарты ғасырлық ғұмыры адал еңбекке, өзара құрмет пен отбасы құндылығына негізделген өнегелі өмірдің жарқын бір көрінісі. 1976 жылы іргесі қаланған осы шаңырақ бүгінде үлкен әулетке айналды. Өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар еңсерген қос жүрек бір-біріне тірек болып, ұрпағына мейірім мен адамгершіліктің үлгісін көрсетуде.

«Ұстаздың ұлылығы өзі тәрбиелеген шәкіртінің шыққан биігінен көрінеді» деген қанатты сөз Қайыркелді Қабдоллаұлының өмір жолына дәл келеді. Ол Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, Амангелді ауылының тумасы. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, қырық жылдан астам уақыт білім беру саласында абыройлы еңбек етті. Алғашқы бетте Петропавл педагогикалық институтын география мамандығы бойынша тәмамдап, туған ауылындағы Ленин орта мектебінде ұстаздық жолын бастады.

Өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін Ақтүйесай орта мектебінің директоры, Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Ұжымда жаңашыл ұстаз ретінде танылып, аудандық, облыстық, республикалық ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен конференцияларға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Оның бастамасымен аталған мектептердің оқу-тәрбие жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп, білім ордасының материалық-техникалық базасы нығая түсті.

Қайыркелді Қабдоллаұлы тек білікті ұстаз ғана емес, әдебиет, өнер мен руханиятқа да жан-тәнімен берілген жан. Мектепте домбыра үйірмесін ұйымдастырып, оқушылардың бойына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті сіңірді. Оның шәкірттері облыстық, республикалық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, екінші Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты деген мәртебелі атаққа ие болды. Бұл – сол кездегі мектеп ұжымының ғана емес, жетекшісінің де кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің айқын жемісі еді. Өзі кезінде туған ауылы – Амангелдіде домбырашылар триосын ұйымдастырып, өнерлерімен бүкіл республикаға танымал болды, сан рет телевизиялық хабарларға түсті.

Басшылық қызметте жүріп, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор ықпал етті. Бойындағы табиғи дарынымен өлең, мақала, сценарий жазып, ауылдың, ауданның мәдени-рухани өміріне белсене араласты, облыстық халық шығармашылығы басқауларының лауреаты атанды. Осылайша ұйымдастырушылық қабілетімен, адамгершілік қасиетімен әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне бөленді.

Бүгінде Қайыркелді Қабдоллаұлы ардақты әке, аяулы ата. Зайыбы Күләш Нәбиқызымен бірге үш ұлынан тараған немерелері мен шөбере қызығын көріп отырған, өнегелі әулеттің алтын діңгегі. «Ұстаздың қалдырған ең асыл мұрасы – шәкірті, әкенің қалдырған ең қымбат қазынасы – тәрбиелі ұрпағы» дейді халық даналығы. Біз айтып жатқан бұл азаматтық қасиеттердің бастауы әкесі Қабдолла Исаұлы мен анасы Дәметкен Хамитқызы берген тәлім-тәрбиеде жатыр. Кезінде әкесі мал шаруашылығында бригадир әрі есепші болып еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азамат болса, анасы ауылдық, аудандық, облыстық Кеңестердің және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде халық сенімін ақтап, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан ардақты да еңбекқор жандардың бірі болды.

Енді осы бүгінгі берекелі шаңырақтың отанасы Күләш Нәбиқызына келсек, еңбек жолын тауартанушы болып бастап, кейін балабақшада қызмет атқарды. Қай салада жүрсе де, жауапкершілігі, мейірімімен, адамгершілігі және ұқыптылығымен ерекшеленді. Бұл күнде үлкен отбасының қай ішкі шаруасына да қылау түсірмей, ұлдарын тәрбиелеп өсірген аяулы ана, келіндеріне қамқор ене.

Ардақ, Абзал, Айдындай азаматтарды өсіріп-өндіріп жеткізген өнегелі отбасы иелері осы күні немерелері мен шөберенің қызығына кенеліп отыр. Келіндері Махаббат, Жанар мен Ләззат өз ақыл-парасаттарымен шаңырақтың берекесін одан әрі еселеп келеді. Бақытты ата-әженің немерелері де Көкшетау қаласындағы «16 қыз» халықтық би ансамблінің белсенді мүшелері. Аталарындай ұлттық өнерді дәріптеп, талай сахнаның төрінде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ұжымдық және өзіндік өнерлері тек елімізде ғана емес, шет елдің сахналарында да жоғары бағаланып, қазақ биінің сұлулығы мен ұлттық мәдениетімізді жер-жерге танытуға аянбай үлестерін қосуда. Бұл – ата-әженің берген тәлім-тәрбиесінің, өнер мен ізгілікке баулыған өнегесінің жарқын жемісі дер едік.

Өмірлерін осындай ұлағатпен өрнектеген Қайыркелді Қабдоллаұлы мен Күләш Нәбиқызы үшін ұрпақтарының жетістігі – өмірлерінің ең үлкен марапаты, маңдайға жазылған бақыттары. Негізі жарты ғасыр бұрын қаланған шаңырақ бүгінде тамыры тереңге жайылған бәйтерек іспетті. Әулеттің қуанышын еселеген тағы бір бақыт – немересі Ажардың ана атанып, шаңыраққа шөбере сыйлауы. Бүгінде Қайыркелді атасы мен Күләш әжесі шөбересі Ясиннің тәтті күлкісіне тоймай, ұрпақ сабақтастығының сәтті жалғасып жатқанын өз көздерімен көріп отырған бақытты жандар.

– Әкеміздің айтқан әрбір ақылы, өнегелі ісі біз үшін өмірлік бағыт-бағдар болды. Анамыз Күләш Нәбиқызы да бәрімізді аялы құшағына алып, шаңырағымыздың шырағын маздатып келе жатқан аяулы жан. Қазақ «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Бұл сөз дәл біздің анамызға арнап айтылғандай. Ата-анамыз осы күні бізді ғана емес, бізден көрген немерелерін де дәл сондай махаббатпен тәрбиелеп келеді. Әр немересінің қуанышын өз бақытына балайды. Олардың әр жетістігіне шын көңілден қуанып, әрқайсысына ақылын айтып, мейірімін төгіп отырады. Немерелері үшін ата-әженің құшағы ең жылы мекен, ақылы өмірлік азық. Біз ата-анамыздан байлық емес, ең қымбат қазына – тәрбие алдық. Адалдықты, қарапайымдылықты, кішіпейілдік мен еңбексүйгіштікті бойымызға сіңіргендері үшін оларға мәңгі қарыздармыз, – дейді бұл ретте, балаларының үлкені Ардақ. Ата-ананың өнегелі жолын қуып, өзге бауырларымен бірге дұрыс жолда келе жатқан перзент сөзіне аға-жеңгенің қамқорлығы мен қайырымдылығын көп көрген Қайыргелді Қабдоллаұлының қарындасы Айгүл де қосылады.

Иә, бір ерлі-зайыптының маңдайына бұйырған 50 жылдық жұбайлық ғұмыр! Оның қызық-қуанышы мен бастан бірлесіп өткізген ауыр тұстары, кез-келген отбасында болатын ыстық-суығы, алға қойған мақсаттар мен еңсерілген, алынған асулар, бәрі-бәрі ұбақ-шұбақ өмір көшінің бұлжымас заңдылығы. Осы жолда өзіндік биіктерден көрініп, ұрпағын жеткізіп, адал еңбек, кісілік келбеттерімен өздерін жүрген, тұрған ортасына сыйлы еткізіп келе жатқан Қайыргелді және Күләш Исиндердің алғаш отау құрып, шаңырақ көтергендеріне жарты ғасыр толуы шынында, тек өздері үшін ғана емес, тұтастай осы әулетке қараған үлкен-кіші, таныс-біліс, туыс жандар үшін есте қаларлық оқиға болды. Онда ұстаз ұлағаты мен азамат ажары, ана, әже парасаты мен мейірімі бір арнада тоғысып, отбасы құндылығының мән-маңызын асқақтата түсті. Осы бір жарты ғасырлық жарасым алда да тамырын тереңге жіберіп, жаңа баянды жолмен ілгері ұзай берсін дейміз.

Қ.КӘКЕНОВ.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар