Ақмола облысында бөтеннің мүлкіне қол сұғу мен мал ұрлығы бойынша профилактикалық жұмыстар нәтижелі жүргізілуде. Соның айғағындай, биыл бұл қылмыстар 6,7 пайызға, ал, мал ұрлығы 33,3 пайызға төмендеген.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сағындық Жантеміров мәлімдеді.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша жалпы облыста 652 ұрлық фактісі тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 699 болған. Яғни, ұрлық саны 6,7 пайызға азайып отыр. Дегенмен, мәселенің өзектілігінің сақталып отырғанын байқаймыз. Олай дейтініміз, осы ұрлық облыста тіркелген барлық қылмыстардың 27,5 пайызын құрайды.
Қылмыстың жекелеген түрлері де азайған. Пәтер ұрлығы 204-тен 182 фактіге дейін азайса, ұялы телефон ұрлығы 132-ден 116-ға дейін төмендеген. Көлік құралдарын ұрлау деректері де 47-ден 42 фактіге дейін азайып отырғаны байқалады.
Алайда, қылмыстың алдын алуда полицияның ғана жұмысы жеткіліксіз екені белгілі. Бұл орайда, брифинг өткізген басшы мүлік қауіпсіздігіне азаматтардың өздері де жауапкершілікпен қарауы қажет деп санайды. Өйткені, көптеген жағдайда қылмысқа азаматтардың жеке заттарының қараусыз қалдырылуы себеп болып отыр. Мәселен, биыл көшелер мен тұрғын үйлердің кіреберістерінде 69-дан, базарлар мен дүкендерде 62, кафе мен мейрамханаларда 17 ұрлық фактісі тіркелген. Бұл, әрине, қарапайым сақтық шараларын естен шығармаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда қылмыстың алдын алу мен оны ашуда бейнебақылау жүйесі сияқты заманауи технологиялардың рөлі артып келеді. Бүгінде Ақмола облысының аумағында 74 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның шамамен 25,5 мыңы полиция департаменті мен басқа да операторлардың балансына, жедел басқару орталығына және полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне қосылған.
Расында да бұл бейнекамералардың нақты тиімділігі де бар. Жыл басынан бері олардың көмегімен 278 қылмыс ашылған. Оның 109-ы ұрлық фактілері болып отыр. Яғни, көшедегі, аулалардағы және қоғамдық орындардағы камералар тек болған қылмысты ашуға ғана емес, құқық бұзушылықтың алдын алуға да мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, брифинг барысында полиция полковнигі ауылдық жерлердегі ағайынды алаңдатып отырған төрт түліктің қолды болуы сияқты өзекті мәселеге де тоқталып өтті. Биыл облыста мал ұрлығының 12 фактісі тіркелген. Сөйтіп, бұл қылмыс саны 33,3 пайызға төмендеген.
Алайда, санның азаюына қарамастан, келтірілген шығын көлемі аз емес. Жыл басынан бері мал ұрлығынан келген жалпы залал 81,7 миллион теңгені құраған.
Ұрланған 297 бастың ішінде 145 жылқы, 11 ірі қара және 141 ұсақ мал бар.
Мұндағы тағы бір маңызды мәселе малды сәйкестендіру. Ұрланған 297 бастың 256-сы, яғни, 86,1 пайызы, тиісті сәйкестендіру базасында тіркелмеген.
– Бұл ұрланған малдың иесін анықтау мен төрт түлікті іздестіруді қиындатады. Сондықтан, малды уақытылы сәйкестендіріп, тиісті базаға енгізу әрбір мал иесінің өз мүлкін қорғаудағы маңызды жұмысы болуы керек, –, делінді брифингте.
Мал ұрлығының тағы бір ерекшелігі төрт түліктің қараусыз жүруі болып отыр. Биыл тіркелген 12 мал ұрлығының барлығы дерлік емін-еркін жайылып жүрген малға қатысты болған.
– Бұл жерде мал иелерінің жауапкершілігі айқын көрінеді. Төрт түлікті қараусыз қалдыру ұрлық қаупін арттырып қана қоймайды. Елді мекендерде еркін жүрген малдың егістікті таптауы, көшелерді ластауы, түрлі аурулардың таралуына ықпал етуі мүмкін. Ал, жол бойына шығып кеткен мал жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп, жол-көлік оқиғасына себеп болуы ықтимал. Сондықтан, қаңғыбас және қараусыз мал иесінің жауапкершілігін күшейту қоғамдық қауіпсіздік баршамыздың ортақ міндетіміз болуы тиіс, –деді спикер.
Полиция тарапынан ұрлықтың соның ішінде мал ұрлығының алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Ал, тұрғындар өз тарапынан қарапайым сақтық шараларын сақтап, малдарын қараусыз қалдырмай, уақытылы сәйкестендіріп, мүліктің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараса, қылмыстың алдын алуға қосқан үлестері де зор болмақ.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

