Вакцинадан бас тартпаңыз! Опық жеп қалуыңыз мүмкін

Акмола облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы аймақтағы вакцинациялаудың тиімділігі және вакцинамен басқарылатын инфекциялар жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омарханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша облыста полиомиелит, сіреспе, дифтерия, гемофильді инфекция, қызылша секілді бірқатар қауіпті аурулардың жағдайы тіркелмеген. Сонымен қатар, малярия, тырысқақ, оба, құтыру және бруцеллездің кейбір түрлері мүлде жоқ. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызылша ауруы 1,2 есе, желшешек 1,4 есе, вирустық гепатит А 1,6 есе, ал, туберкулез 1,1 есе төмендеген. Дегенмен, көкжөтел 1,5 есе, бруцеллез 1,8 есе және кене энцефалиті 2 есе өскендігі байқалады.

Мамандар бұл қауіпті инфекциялардың көпшілігінің жойылуын көпжылдық иммунопрофилактиканың нәтижесі деп отыр. Мәселен, 1998 жылы жаппай вакцинация басталғанға дейін вирустық гепатит В көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 28,7-ні құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 300 еседен астам азайып, 0,09-ға дейін төмендеген. Алайда, егу жұмыстарының көрсеткіші төмендесе, тұрғындардың иммундық қорғанышы әлсіреп, жұқпалы аурулардың қайта көтерілу қаупі бар екендігін қызылша мен көкжөтел мысалынан көруге болады.

Ағымдағы жылдың жеті айында облыста қызылшаның 181 жағдайы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе азайғаны байқалды. Науқастардың арасында 19 жастан асқан азаматтар 49,4 пайызды құраса, 15-18 жастағы жасөспірімдер 32,5 пайызды құрайды. Ауырғандардың 51,4 пайызының екпе мәртебесі белгісіз болса, 15,2 пайызы мүлде егілмеген. Вакцина алмағандардың 66,6 пайызы бас тартқандар, ал, 24,4 пайызы жасына жетпегендер екені анықталды. Ал, көкжөтел бойынша керісінше, өсім байқалып, 11 жағдай тіркелді. Өткен жылы 7 жағдай тіркелген болатын.

Барлық науқастар 5 жасқа дейінгі кішкентай балалар, оның ішінде 41,6 пайызы бір жасқа толмаған сәбилер. Балалардың көкжөтелге қарсы толық егілмеуі ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты болып отыр. Эпидемиологтар бұл инфекция тек балалар бақшасы мен мектептерде ғана емес, отбасы ортасында да жұғатынын еске салады.

– Тіркелген әрбір жағдай бойынша мамандар ошақтарда қажетті эпидемиологиялық шаралар мен екпе мәртебесін тексеру жұмыстарын жүргізді. Вакцинация тек жеке қорғаныш қана емес, ол бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен денсаулығының кепілі екенін ұмытпаған жөн, – дейді Серік Омарханов.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар