Жасанды интеллект және ІТ – болашақ
Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Aqmola Hub алаңында өткен ІТ-кәсіпкерлер мен стартапшыларға арналған Startup Orda 2.0 инкубациялық бағдарламасы сәтті аяқталды.
Жобаға өңірдің аудандары мен қалаларынан 143 өтінім түсіп, ақтық кезеңге 15 үздік стартап өтті. Осы соңғы кезең стартапшыларының жобаларын ІТ-саланың тәжірибелі сарапшылары бағалады.
– Бағдарлама қатысушылары 3 ай бойы білім алып, сарапшылардың жетекшілігімен бизнес-үлгілерін дамытты және өнімдерін жетілдірді. Үздік деп танылған жоба 1-3 қазан аралығында елордада өтетін «Digital Bridge» халықаралық форумына және «Astana Hub Battle» жартылай финалына жолдама алады. Бұл бастама өңірдегі IT-кәсіпкерлікті дамытуға және жас стартапшыларды қолдауға зор мүмкіндік береді, – дейді «Ақмола хаб» өңірлік ІТ-хабының директоры Әсел Әбдірахманова.
Облыстық кезеңге қатысқан үміткерлер арасында жасанды интеллектке негізделген инновациялық сервис – «TUSIN» жобасын ұсынған Санжар Ережепов Demo Day жеңімпазы атанды.
– «Түсін» жобасы мәтін мен сөзді ым-ишара тілінде шынайы бейнеге аударатын, жасанды интеллектке негізделген сервис. Әрине, бұл стартап арқылы біз сурдоаудармашыларды алмастыра алмаймыз, бірақ, оларға көмектесеміз. Біз әлі де бұл жобаның MVP нұсқасын жасап жатырмыз. Мен үшін Астанада өтетін «Digital Bridge» форумына жолдама алу өте маңызды. Осындай мүмкіндік берген «Ақмола хаб» командасына үлкен алғысымды білдіремін, – деді бізге берген сұхбатында жеңімпаз Санжар.
Енді ол TUSIN жобасын елордада өтетін халықаралық форумда қорғайтын болады. Бұл алаңда жасанды интеллекті стартаптары ұсынылып, үздік жобалардың авторларымен келісімдер жасалып, инвесторлар анықталады.
Түсіндіре кетсек, «Digital Bridge» форумы дегеніміз инновациялық компаниялардың негізін қалаушылар мен халықаралық инвесторлардың басы қосылатын ауқымды алаң. Сонау 2018 жылдан басталған форум бүгінде Еуразияның технологиялық әлеуеті тоғысқан бірегей алаңдардың бірі болып саналады.
Олай болса, ақмолалық үздік стартапшы жасқа біз де сәттілік тілейміз.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

