Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алименттен қашатын әкелер оларды өз балаларының шынайы әкесі деп айта аламыз ба?!. - АРҚА АЖАРЫ

Алименттен қашатын әкелер оларды өз балаларының шынайы әкесі деп айта аламыз ба?!.

Түйсіксіз аң-құс, хайуан да өз төлінен безінбейді. Бұғанасы бекіп, қанаты қатқанша асырап өсіреді, тіпті тәрбиелейді. Ал, саналы дейтін адамдардың арасында өздері дүниеге әкелген балаларынан безу, сәбилерін тағдыр тәлкегіне тастап, қарақан бастарын күйттеп кету  жылдан жылға белең алып барады. Сондықтан, алимент төлеу жайы бүгінде мемлекеттік деңгейде шешілуін тілейтін өткір мәселе болып отыр.

 

Өзектерін жарып шыққан өз балаларын асыраудан қашып жүрген «көкек әкелер» қатары көбейіп кетті. Ақмола облысында бүгінгі күні 11 мыңдай бүлдіршінге алимент бойынша әкелердің қарызы жарты миллиард теңгеден асып кетіпті. Олардың арасында алиментті мүлдем төлемейтіндер аз емес. Осы орайда, алиментті өндіру сот орындаушылары мен құқық қызметкерлерінің бас ауруына айналып отыр.  Рас, маскүнем болып кеткендер немесе екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүргендер алимент төлей алмасы белгілі. Мұндайлармен сот орындаушылары қанша жұмыс жүргізсе де ештеңе шықпасы анық. Бірақ, алимент төлемей борышқа батқандардың бәрі маскүнемдер мен жұмыссыздар емес. Олардың арасында тұрақты жұмысы барлар, кәсіпкерлер, тіпті, лауазымды тұлғалар да кездеседі екен. Олардың алименттен жалтаруы тұрмыс тауқыметінен, жоқшылықтан болып отырмағаны кім-кімге де түсінікті. Тіпті, алимент төлегісі келмей жұмыс берушімен келісіп, ақшаның көп бөлігін қолма-қол  алып жүретіндер де бар, дейді Көкшетау қаласының прокуроры Арман Ризанов. Өз балаларының аузынан жырып алып пайдаланған ақша мұндай «әкелерді» қаншалықты ұшпаққа шығарар дейсіз.  
Жылдан жылға өсіп бара жатқан алимент қарызы мәселесін қалай шешуге болады? Көкшетау қаласының прокуроры  Арман Ризановтың айтуынша, алимент бойынша қарыз көлемінің жыл санап артуына ең алдымен, сот орындаушыларының өз жұмыстарын дұрыс атқармауы себеп болып отырғанға ұқсайды. Осы мәселені тексеру мақсатында қала прокуроры арнайы бес қызметкерді бөліп, сот орындаушыларының қоржынында жатқан 1640 істі анықтап көріпті. Сонда мына жай белгілі болған: алимент төлемейтіндердің 700-і жұмыс істейді және тұрақты жалақылары бар екен, 113 адам көрсетілген мекен-жайда тұрмайтын болып шыққан, 153 борышкер басқа облыстың аумағына көшіп кеткен, яғни, олардың ісімен  сол өздері тұрып жатқан аймақтың сот орындаушылары айналысуы қажет. Сорақысы сол, сот орындаушыларының папкасында жатқан 105 іске қатысты борышкер әлдеқашан бұл дүниеден өтіп кеткен болып шықты. Өлгендердің ісі қысқартылуы тиіс болса да, ол сот орындаушыларының папкасында шаң басып жата берген.
Осы мәліметтен байқалғандай, сот орындаушыларының өз жұмыстарына мүлдем жауапсыз қарайтындықтары анық көрініп тұр. Тұрақты жұмысы, жалақысы бар 700 ата-ананы сот орындаушысы өз құзыреті шеңберінде неге жауапкершілікке тартып, алимент қарызын өндірмейді? Сот орындаушыларына заң жүзінде кең құзырет берілген. Олар борышкердің мүлкін тәркілеп, есеп-шотын  жауып тастаудан бастап, шетелге шығуына тиым салуға дейінгі шараларды қолдана алады. Десек те, олардың тарапынан осындай кең құзыретті пайдаланып, алимент бойынша қарызға белшеден батқандарды тәртіп тезіне салмаудың астарында жауапсыздық жатқаны анық. Мәселен, прокуратура қызметкерлерінің жоғарыда айтқан тексеруі барысында алимент бойынша қарызға белшесінен батқан 70 азаматтың автокөлігі, басқа да құнды заттары бар екен. Яғни, сол бағалы заттарын тәркілеу арқылы да қарызды жабуға болар еді.
Сот орындаушыларының қырсыздығына мына жай анық дәлел бола алады.  Астрахан ауданында тұратын В.Садчиков деген азамат ажырасқан әйелімен бірге тұратын екі баласы үшін көп уақыттан бері алимент төлемей, қарыз мөлшері 500 мың теңгеге жеткен. Содан сот орындаушысы оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Сол-ақ екен, борышкер азамат екі күннің ішінде 500 мың теңге қарызын жабады. Сонша қарызды екі күнде жабуға шамасы жеткен адамның өз балалары үшін әлденеше айлап алимент төлемеуінің себебі неде? Мұның астарында ең алдымен, қайырымдылық, жауапкершілік сияқты адами қасиеттердің жоқтығы жатқаны анық. Қылмыстық іс ашылған сәтте содан қорқып қарызын екі күнде жапқан әкенің жүрегінде өзі дүниеге әкелген сәбилеріне деген әкелік сүйіспеншілік, мейірім сезімдерінің жоқтығы көрініп тұрғандай.
Қала прокурорының айтуынша, алимент қарызына батқандардың арасында лауазымды қызмет істейтіндер мен қалталы бизнесмендер де бар екен. Жұмысы жоқтықтан немесе тұрмысы төмендіктен алимент төлеуге шамасы жетпей жүргендерді түсінуге болар, ал бақуатты осындай азаматтардың өз балаларын ашқұрсақ қалдырып, қарақан бастарын күйттеп жүргендерін қалай түсіндіруге болады?
Сот орындаушыларының алименттен басқа да істері аз емес және оны көбі басты шаруа санамайтыны түсінікті. Борышкерлер санының жыл санап артып, істер қатарының көбеюі осыны аңғартады. Осы орайда, Көкшетау қаласы прокурорының  жекелеген сот орындаушыларына тек алимент қарызын өндіру істерін берген дұрыс деген пікірімен келісуге болады.  Осындай жағдайда сот орындаушысы тікелей алимент қарызымен айналысып, соған байланысты бұл саладағы қордаланған мәселелер шешімін табар еді.
Прокуратура ардагерлері кеңесінің мүшесі Оңғар Сүлейменов алимент төлеуден жалтарып жүрген «көкек әкелерді» ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа беттерін аймандай етіп жариялау қажет деп санайды. Суретімен әлгіндей борышкерлерді баспасөзде жариялап, теледидардан берсе, бетінде қытығы болса ел-жұрттан ұялып, мұндай қылықтан бас тартар еді дейді ардагер. Мұның қаншалықты жемісті боларын кім білсін, дегенмен қатары күн санап өсіп бара жатқан борышкерлерді тезге салудың бір тәсілі ретінде пайдалануға болар бәлкім.
Қандай олқылықты да болары болып, бояуы сіңіп қойғасын жөндегеннен гөрі, оның алдын алған тиімді болатыны белгілі. Осы орайда, алиментті өндіргеннен гөрі, алимент төлеу жағдайының орын алмауын, яғни, отбасы бүтіндігін сақтаудың  тиімді болатыны дау туғызбас шындық.  Статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, алимент төлеушілер қатары жыл санап өсіп бара жатқанға ұқсайды. Алимент қарызы көлемінің өсуіне борышкерлердің көптігі ғана емес, алимент төлейтіндер қатарының өсуі де әсер етіп отырғаны анық. АХАЖ мәліметіне назар салсақ, бүгінгі күні ажырасушылар саны үйленгендердің 60 пайызынан асыпты. Яғни, әрбір екінші жұп ажырасады деген сөз. Ажырасушылар қатарының көбеюі алимент төлеушілер санының өсуіне, осыған орай жетім балалар қатарының артуына ықпалын тигізіп отырғаны белгілі.
Статистикалық мәліметтерден бағамдарымыз, ажырасушылардың дені үйленгеніне бір жыл болмаған жастар екен. Яғни, жастарымыз отау құрып, отбасы болуға дайын емес деген сөз. Бұған тұрмыстағы қиындықтардан бөлек, психологиялық жағынан жастарымыздың осы өмірге дайын еместігі, жауапкершілік, төзімділік, байыптылық сияқты қажетті қасиеттердің  бойларында бола бермеуі  де әсерін тигізіп отырғанға ұқсайды. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, өткен жылы отбасында зорлық-зомбылық көрген 1330 әйел полицияға шағымданған. Отбасындағы зомбылық бүгінде отбасының ауқымынан шығып, мемлекеттік өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай отбасылардың әдетте түптің түбінде шаңырағы шайқалып жататыны белгілі.
Алимент қарызын болдырмаудың негізгі жолы ажырасушылар қатарын азайту екені айтпаса да түсінікті  жай. Осы орайда, жастар арасында ұлттық дәстүрлеріміз бен салт-санамызды насихаттаудың мәні зор екені даусыз. Өкінішке орай, мектепте оқытылатын қаптап кеткен пәндердің арасында ұлттық дәстүрімізге арналған сабақтың жоқтығы жастарымыздың отбасы құруды ойыншық  санап, оған жеңіл-желпі қарауына ықпалын тигізіп жатыр. Қит етсе, Батысты үлгі етіп, содан үйреніп, жастарымыздың санасын да сол батыстық мәдениетпен улап жатқан біздер осының зардабын тарта бастаған секілдіміз. Ол жылдан жылға ажырасушылар санының көбеюі, тастанды балалар мен бауыр еті баласын тағдыр талқысына тастап, алимент төлеуден жалтарушылар қатарының өсуі түрінде көрініс беріп отыр.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ. Балаға деген мейірім жоғалған қоғамның болашағы да бұлыңғыр болмақ. Ендеше ойланайық, ағайын.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар