Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жақсы ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты және жергілікті тұрғындармен кездесті.
Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені аталған аудандағы жеке бассейні бар алғашқы спорт нысаны болып табылады.
–Жақсы ауылы тұрғындарының жыл бойы жүзумен айналысып, денсаулығын нығайтуға және белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндіктері бар. Бұл, әсіресе, балалар мен жастар үшін маңызды, өйткені, олардың алдында үлгі тұтарлық жандар бар. Жақында Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында жерлесіміз Қыдырбек Шыныбаев аралас жекпе-жектен алтын медаль жеңіп алса, Арлан Жаңабай ерлер арасындағы жекелей триатлон жарысында қола жүлдеге ие болды, – деп атап өтті ашылу салтанатында Марат Ахметжанов.
Аймақ басшысы Жақсы ауданының жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген спортшыларының ел арасында танымал екендігін де атап өтті. Грек-рим күресінен Азия чемпиондары мен жүлдегерлері Дамир Зарлыханов, Азиза және Ислам Гасымовтар, сондай-ақ, әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан және басқа да талантты спортшылардың есімдері ұлттық, азиялық және әлемдік спорт ареналарында кеңінен танымал.
Жаңадан ашылып жатқан бұл кешеннің көпфункционалды спорт залында жергілікті тұрғындар футбол, баскетбол және волейбол сияқты командалық спорт түрлерімен айналысса, күш жаттығуларымен шұғылданатындар тренажер залына барады.
Салтанатты шарада облыс әкімі спорт кешеніне 5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Жұртшылық өкілдері спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасағаны үшін аймақ басшысына шынайы алғыстарын білдіріп, бұл нысаннан болашақта чемпиондар шығатынына сенім білдірді.
Сол күні облыс басшысы жаңартылған теміржол вокзалына барды. Жоба жетекшісі Мейірім Динаевтың айтуынша, жаңғырту жұмыстары барысында сыртқы және ішкі инженерлік желілер толық ауыстырылып, теміржол тұрағы (перрон) 120 метрге кеңейтілді, қасбеті мен шатыры түгелдей жаңартылып, қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде және айналасы абаттандырылуда.
– Мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Тактильді жолақтар, шақыру түймесі және есту қабілеті нашар жандарға арналған жүйелер орнатылып, жеке санитарлық тораппен жабдықталды, – деді Мейірім Динаев.
– Біз сегіз жолаушылар және екі қала маңына қатынайтын пойызды қарсы алып, шығарып саламыз. Станция арқылы күн сайын 80-нен астам жолаушы өтеді. Теміржол тұрағының аумағы кеңейтілгендіктен, енді «Қостанай – Алматы» пойыздары оған ыңғайлы жағдайда тоқтай алады. Ана мен бала бөлмесі де жаңартылды. Қазір егде жастағы жолаушылар жаңартылған вокзалдағы барлық жағдайларға дән риза болып, жиі алғыстарын білдіреді, – деді станция кезекшілері Жанар Берлібекова мен Сәуле Бекқалиева.
Жергілікті тұрғындармен кездесуде облыс әкімі Жақсы ауданын өңірдегі жетекші ауыл шаруашылығы аймақтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Биыл мұнда 500 мың гектар жерге егін егілді, бұл – облыстағы жалпы егістік алқабының шамамен 9 пайызы. Соңғы екі жылда майлы дақылдар егілетін алқап көлемі он бір есеге артып, 48 мың гектарға жетті.
– Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға 18,5 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үштен бір есеге артық. Мемлекеттік қолдау – жай ғана көмек емес, ең алдымен, сенім мен жауапкершілік. Қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, нақты нәтижелерге – өндіріс көлемінің артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және салық түсімдерінің ұлғаюына қол жеткізу қажет. Егін жинау науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтаған «Еркіндік Агро» шаруа қожалығының, сондай-ақ, әр гектардан 15 центнерден жоғары өнім алған «Kiima Agro» мен «Alex-Agro 2004» кәсіпорындарының жұмысын ерекше атап өткім келеді, – деп ерекше атап өтті Марат Ахметжанов.
Облыс басшысы аудан әкімдігіне егіс алқаптарын әртараптандыру және жоғары өнімді дақылдар егілетін жер көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Ол мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік» және «Береке» атты жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын іс жүзінде алғашқы болып Қазақстанда біздің облыс іске қосқанына баса назар аударды. Бұл несиелер 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен және жеті жылға дейінгі мерзімге беріледі.
– Жақсы ауданы – маңызды көлік торабы. Жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуді қамтитын жеті жобаға 11,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Жақсы–Атбасар тас жолының 29 шақырымдық учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталды, ал, облыс орталығына дейінгі жол қашықтығын едәуір қысқартатын Жақсы–Чистополье бағытындағы 58,5 шақырымдық жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, келесі жылы ауыл шаруашылығы өндірушілері едәуір көлемдегі жерді игеріп жатқан Қазақстан ауылына көпір салуға қаражат бөлінеді.
Облыс әкімі әлеуметтік, мәдени, білім беру және медициналық нысандарды салу кезінде қоғамдық бақылауға ерекше назар аударды.
– Біз ауылдық жерлерде мәдени-демалыс орталықтарын салу жобаларын қолдауға дайынбыз. Құрылыстың әр кезеңінде сайланған өкілдер мен белсенділерден тұратын қоғамдық бақылау кеңестері маңызды рөл атқаруы тиіс. Ортақ мақсатымызға қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдармен тиімді ынтымақтастық орнату қажет. Қазіргі уақытта ауданда жастар ресурстық орталығы салынып жатыр. Сондықтан, құрылыс сапасын қадағалайтын бастамашыл топ құруға шақырамын, өйткені, бұл – сіздердің балаларыңыз пайдаланатын нысан, – деп атап өтті аймақ басшысы тұрғындармен кездесуде.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов аудан басшылығына агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және өнімді терең өңдеу, аймаққа инвестиция тарту, сондай-ақ, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту мен жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
![]()

