Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыстық ішкі істер департаменті Әкімшілік полициясы басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жанбай ОМАРОВ: «Жаңа ереже жол қозғалысы мәдениетін қалыптастырады» - АРҚА АЖАРЫ

Облыстық ішкі істер департаменті Әкімшілік полициясы басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жанбай ОМАРОВ: «Жаңа ереже жол қозғалысы мәдениетін қалыптастырады»

Ел Үкіметінің өткен жылғы 13 қарашадағы қаулысына сәйкес осы жылдың 7 қаңтарынан бастап елімізде жаңа «Жол қозғалысы туралы» ереже күшіне енді. Газет тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің Әкімшілік полициясы басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жанбай Омаровқа жолығып, одан жаңа заң талаптары жөнінде сұрап, білген еді.

–Жанбай Жұмажанұлы, бүгінгі таңда жол қозғалысына қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін сақтауға ерекше назар аударылып отырғанын білеміз. Жаңадан қабылданып, күшіне енген жол ережесінде қандай жаңалықтар қарастырылады?
–Өздеріңізге белгілі, өткен жылдың 20 қазанынан бас-
тап «Жол қозғалысы туралы» Заңы күшіне еніп, онда Қазақстан Республикасында жол қозғалысын жүйелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен жалпы жағдайлары анықталған еді. Осы заң арқылы «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» Заңға он өзгеріс енгізілді. Бұл ретте жол ережесін бұзуға байланысты салынатын айыппұл көлемі де жоғарылады. Мысалы, көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлесу, қауіпсіздік белдігін тақпау 5 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлмен жазаланады. Яғни, мұндай ережені бұзғандар 9 мың 260 теңге айыппұл төлейді. Ал, тыйым салынған жерден бұрылу, бағдаршамға бағынбау 18 мың 520 теңге айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Тіпті, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен жүргізуші бұрын 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлесе, енді ондайлар 1 жылға жүргізушілік куәлігінен айырылатын болады.
Енді міне, биылғы жылдың басынан бастап жол жүрісін реттейтін жаңа ереже де заңды күшіне еніп отыр. Мұнда бүгінгі уақыт талабынан шығатын талаптар кеңінен ескерілген. Әсіресе, жол қозғалысына қатысатын тұлғалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Себебі, жол қозғалысы ережесі 1997 жылдан бері өзгертілмеген екен. Сондықтан, уақыт көшінен қалмай, жаңа заң талаптарын енгізу аса маңызды екенін айтар едім. Мұның бірнеше себептері де бар. Қазір елімізде көлік құралының саны көбейе түсуде. Кейбір деректерге қарағанда әр төрт адамға бір көліктен келеді екен. Демек, жаңа жол ережесінің қабылдануы да уақыт талабымен орайлас келіп отыр.
–Жаңа жол жүрісі ережесіндегі жаңалықтарды да жіліктеп айтсаңыз. Бұл газет оқырмандарын да толғандырып отырған мәселе. Біздің естуімізше, кейбір жол бойларындағы көлік жылдамдықтарына да шектеу қойылған сияқты…
–Қазір жаңа автобандар да салына бастады. Бірақ, барлық жолдар заман талабына сай келе бермейді ғой. Бір жағынан қазіргі көліктердің жылдамдығы да  бұған әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, автобандардағы жоғары жылдамдық көрсеткіші сағатына 140 шақырым болып қалды. Ал, басқа облыстық және өңірлік негіздегі жолдардағы жылдамдық 110 шақырымнан 100 шақырымға түсірілді. Жоғарыда айтқанымдай, жолдардың кеңдігі мен сапасы  көліктердің қатты жылдамдығына сәйкес келмейді.
Осының бәрі жол қауіпсіздігін жақсарту мақсатында жасалып отыр. Осыған дейін жүргізушілер жолдың кез келген айрығына тоқтап, жолаушыларын түсіре беретін. Бұл өз кезегінде  жүргізушінің өзіне ғана емес, жолаушыға да мол қауіп төндіретін еді. Ендігі жерде арнайы  белгіленген жерге ғана тоқтау қарастырылады.
Жалпы, бізде көлік жүргізу мәдениеті толық қалыптасқан жоқ. Көліктерін жолдың қақ ортасына қаңтарып қоятындар да табылады. Арнайы көлік қоятын орындар не үшін жасалады. Бұл да адамдардың санасына жақсы танымдық істі сіңіру ғой. Әйтпесе, кей автотұрақтарда мүгедектер көлігі тұратын жерге де өз автомобильдерін қоятындар да жетерлік. Мұндайлар сексен мың теңге көлемінде айыппұл төлеп, жазаланатын болады. Қазір осындай көріністің куәсі болған былайғы адамдар жол ережесін бұзған оқиғаны бейне суретке түсіріп, бізге жолдайды. Артынан біз осы хабарлама арқылы жазалау шарасын жүргіземіз.
–Жаңа ереже күшіне енгелі көліктерде он екі жасқа дейінгі балалардың арнайы орындықтары  болуы керек деген талаптың жүргізушілер арасында пікірталас тудырғаны еш жасырын емес. Мұндай орындықтарды сауда орындарынан табудың өзі қиынға соғады ғой. Ондай жүргізушілер не істеулері керек?
–Әрине, жүргізушілердің ренішін түсінуге болады. Ең алдымен, осындай арнайы орындықтармен қамтамасыз ету керек дейсіз ғой. Негізінен, қазір біз жаңа ереже күшіне енді екен деп барлығын бірдей топырлатып жазалап жатқанымыз жоқ. Бәлкім, кейбіреулер мұны естімеуі де мүмкін. Сондықтан, алдымен жүргізушілерді ақпараттандыруға барынша көңіл бөлінеді. Алғашқы кезде ескерту тұрғысында жүргізушілер құлақтандырылады. Кейін барлығы өз орнына келеді деп ойлаймын. Өйткені, заң қабылданды, оны орындау біздің парызымыз.
Бұл жол ережесінде көліктердің жарығын жағып жүруі де қарастырылған. Шыны керек, қала ішіндегі жол қозғалысында  жылдамдықтың жоғары және көліктердің тығыздығы да апаттардың орын алуына ықпал етеді. Кейде көліктердің бір-бірін байқамай қалатын тұстары баршылық. Сондықтан, бұл жарықты жағып жүру талабы жол апаттарының азаюына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
–Жанбай Жұмажанұлы, көлікті жүргізуге нотариалдық рәсімдеу арқылы  сенімхат енді берілмейді дейді. Бұл көліктің ұрлануына жол ашпай ма екен. Себебі, біреудің көлігін еш құжатсыз айдап кететіндер де табылады ғой…
–Бұл көптен айтылып келе жатқан мәселе. Біз көбіне-көп шетелдің тәжірибесіне сүйенеміз ғой. Бір жағынан, сіздің айтып отырған уәжіңіздің де орны бар. Бірақ, әркім өз көлігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Дегенмен, көлік иесі жазбаша қарапайым сенімхат беретіні ескерілуі керек. Көлік жүргізуге нотариалдық кеңсе арқылы берілетін сенімхаттан айырды екен деп, көлік ұрлаушылар көбейеді деудің де қисыны жоқ. Мысалы, жол сақшысы ондай көлікті тоқтатты дейік. Бар құжаттарын тексереді, ал басқаның көлігін жүргізіп келе жатқан тұлға болса, онда сол көлікке алынған сақтандыру полисінде оған да жүргізу құқығы берілетіні көрсетілуі тиіс. Сондықтан, бұл қайта сенімхат берудегі әуре-сарсаңды болдырмайды ғой. Оған қайғырудың еш жөні жоқ дер едім.
Жаңа жол ережесінде көп жаңалық-өзгерістер бар. Мысалы, жол ережесін бұзған жүргізуші өз кінәсін мойындаса, оған  айыппұлды елу пайыз көлемінде төлеу мүмкіндігі беріледі. Есесіне,  әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен кейбір баптар қылмыстық заңнамаға беріліп отыр. Мәселен, жүргізуші бір рет мас болып көлік жүргізгені үшін жазаланып, жүргізушілік куәлігінен айрылса және оған қарамай рөлге қайта мас күйінде отырса, оның әрекетінде қылмыстық көрініс бар болғандықтан, қылмыстық іс қозғалады.
Көлігіне неше түрлі сурет салып алатындарға да тыйым салынды. Ондай көлік иелері де жазаға тартылады. Әсіресе, ақауы бар көлікті жолға шығарған көлік мекемелерінің жауапты тұлғаларына да жауапкершілік қарастырылған.
Міне, жаңа жол ережесі күшіне енді.  Ал, оның орындалуы жол сақшыларына қатысты ғана емес, әркім өз құқығы мен жауапкершілігін жан-жақты түсінгенде ғана  жүзеге асатын болады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген «Арқа ажары» газетінің арнаулы тілшісі  Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар