Барлық қаржы аудан орталығын дамытуға бағытталады

Меморандум

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Біржан сал ауданында 1,2 миллиард теңгенің жобаларын іске асыру жөніндегі меморандумға қол  қойды.

Бұл қаражат аудан орталығы Степняк қаласының инфрақұрылымын жаңартуға бағытталады. Қалада шамамен 2 шақырым көше-жол желісін жөндеу, 27 көппәтерлі тұрғын үйдің аумағы мен қалалық саябақты абаттандыру жоспарлануда. Сонымен қатар, екі көпфункционалды балалар алаңы жабдықталып, мемориалдық кешен мен аудандық Мәдениет үйінің қасбеті жөнделеді.

– «Семізбай-U» ЖШС – Біржан сал ауданындағы негізгі кәсіпорындардың бірі. Мұнда 400-ге жуық адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Сондықтан, бизнестің ауданды дамытуға қатысуы халыққа қолайлы жағдай жасауға қосылған нақты үлес болып табылады. Жолдарды жөндеу, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңарту бүгінгі таңда Степняк қаласы үшін өте-мөте қажет жұмыс. Біз мұндай әріптестікті одан әрі дамытып, осы тектес жаңа жобаларды мұқият іске асыра беретін боламыз, – деді Марат Ахметжанов өз сөзінде.

«Семізбай-U» ЖШС – уран өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Әрі бұл компания өңірдегі маңызды салық төлеушілердің қатарында. Өндіріс орны заманауи технологияларды қолдана отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау талаптарына ерекше мән береді. Сонымен қатар, кәсіпорын Біржан сал ауданындағы әлеуметтік бастамаларға ат салысып, тұрмысы жағынан осал топтарға қолдау көрсетіп келеді.

Ақмола облысында ірі бизнес өкілдерімен мұндай өзара іс-қимыл халық үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Айталық, Көкшетау қаласында «Алтынтау Көкшетау» компаниясы 2025 жылы 500 орындық мектеп құрылысын аяқтады. Қазіргі таңда «АК «Алтыналмас» АҚ Степногорск қаласында 1000 орындық мектеп пен заманауи көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, 2026-2027 жылдары Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кенттерін әлеуметтік-экономикалық қолдауға да қаржы қарастырылған.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар