Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халық қасіреті. Халық рухы. Халық қуанышы! - АРҚА АЖАРЫ

Халық қасіреті. Халық рухы. Халық қуанышы!

Ақмола өңірінде де Ұлы Жеңістің 72 жылдығы зор өрлеумен атап өтілді
Қан мен тердің, ерлік пен батырлықтың айқын көріністерімен жеткен Жеңіс күні Көкшетау қаласындағы Абылай хан  алаңына жиналған қалың жұртшылықтың, сұрапыл соғыстың куәгерлері – майдангерлер мен тыл ардагерлерінің алдында облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп, бейбіт күнді жақындатқан аға ұрпаққа тағзым етті.
Аспан шайдай ашық. Ең алғашқы Жеңіс күнін тойлаған уақыт осындай болған шығар, сірә. Құтты ауа райының өзі Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына шаттанып тұрғандай. Халық та шат-шадыман қуанышты көңіл-күйде. Биылғы мерекеге дайындықтың жақсы екені көзге көрініп-ақ тұр.
Абылай хан, Тәуелсіздік алаңдары мен «Мәңгілік алау» монументінің алдына халық өте көп жиналды. Салтанатты митинг ашылғаннан кейін облыс әкімі Мәлік Мырзалин көкшетаулық тұрғындар мен қала қонақтарын Жеңіс күнімен  құттықтап, соғыс ардагерлерінің етігімен су кешіп, 1418 күн бойы жаумен бетпе-бет айқасқанын, облысымыздан 90 мыңнан астам ер-азаматтың майдан даласына аттанып, олардың небары үштен бірі ғана оралғандығын атап өтті.
– Бұл зұлмат соғыс дүниежүзінің ондаған елдерін шайқалтып, миллиондаған адамдардың өмірін жалмады. Кеңес Одағы 27 миллион адамынан айырылды. Бұл қанқұйлы соғыста ақмолалықтардың үлесі де ересен. Аты аңызға айналған 106-шы кавалериялық дивизия 1942 жылдың көктемінде Харьков түбіндегі қанды шайқаста жауға жалаң қолмен тойтарыс берді. Сонымен бірге, қазақстандықтар Мәскеу, Сталинград, Курск доғасы, Ленинград түбіндегі шайқастарда батырлықтарымен танылды. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алса, оның 66-сы ақмолалықтар. 13 жерлесіміз «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері атанды, – дей келе, аймақ басшысы майданды азық-түлік, киіммен қамтамасыз етуге біздің облыстың да қосқан үлесінің зор екендігіне назар
аударды.
 Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдиновтың, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Рейхстагқа бірінші болып Ту тіккен Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың ерен ерліктерін жас ұрпаққа үлгі етті. Біздің жерлес батырлардың өрлігі мен еңбегі, қайсарлығы мен өжеттігі тарих беттерінде мәңгі сақталады. Қазіргі таңда облыста 115 майдангер  мен 6 мыңға тарта тыл ардагерлері бар. Өкінішке орай, олардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Ендігі міндет – оларға қалған өмірлерін жақсы сүруге жағдай жасап, құрмет көрсету.
Облыс әкімінің құттықтауынан кейін «Мәңгілік естен кетпес отты жылдар» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылым сол бір 1941 жылдың жазындағы суық хабарын естіген елді мекендердің ер-азаматтарын майдан шебіне әкетуден, отбасылардың тірегі – әкелері мен балаларын, жолдастары мен өмірлік серіктерін қимастықпен шығарып салу сәтімен бас-талып, хореографиялық би көріністеріне ұласты.
Бас киімдерін көкке атып, қуанған Жеңіс күнін бейнелеген көріністер жүректерді елжіретпей қоймады. Балалардың бейбіт күнде шаттанып, қуанғанын бейнелейтін би қойылымы да шараға көрік бере түсті. Жастардың Қазақстанды жырларына қосып шырқаған рухты әні де бүгінгі жас ұрпақтың бойында патриоттық сана-сезімді қалыптастыруға мол септігін тигізді деген ойдамыз.
Бұдан соң облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, батыр бабалардың рухына тағзым етті.
«Мәңгілік алау» монументі алдында жалғасқан салтанатты митинг бір минуттық үнсіздікпен басталып, бейбітшілік нышаны – көгершіндер көк аспанға ұшырылды. Аймақ басшысынан бастап, мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің, әскери органдардың өкілдері, әскери-техникалық білім ордаларының қызметкерлері мен білім алушылары, майдангерлердің ұрпақтары монументке гүл шоқтарын қойып, батыр бабаларды еске алды.     
«Мәңгілік жасақтың» қатары да бұрынғыдан көбейе түскені алаңдағы шеруде айқын байқалып тұрды.
– Атамыз Қабдөш Бәкіров Еңбекшілдер ауданында туған. 1941 жылы соғысқа аттанып, Ленинградты азат етуге қатысқан. 200-ші атқыштар полкінің бірінші взводының командирі болған. Толарсақтан саз кешіп, етігімен су кешіп, сол Ленинградтың сазды-батпақты жерінде суық күндерде неміс фашистерімен айқасқан. Кейін Волхов түбіндегі, одан әрі Эстония, Япония жерлеріндегі қанды шайқастарға қатысқан. Соғыстан аман-есен оралғанда, бізге бейбітшіліктің қандай қымбат екендігін ерекше айтып отыратын. «Жауынгерлік  ерлігі үшін», «Ерлігі үшін» медальдерімен, «Ұлы Отан соғысының» І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталды. Әкемнің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, – дейді ардагердің қызы Бағила Қабдөшқызы.
Мереке күні Тәуелсіздік алаңында жалпы білім беретін оқу орындарының әскери-патриоттық клубтарының сапқа тұру, орталық саябақта «Біз ешқашан ұмытпаймыз» тақырыптық көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Абылай хан алаңындағы концерттік бағдарламалар күні бойы көкшетаулықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Көкшеліктердің Жеңіс күнін тойлауы «Ұлы Жеңіс – Ұлы мамыр» мерекелік бағдарламасынан кейінгі әдемі отшашумен аяқталды.

 

Ырысалды Шамшиева.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар