Облыс әкімі Мәлік Мырзалин ішкі істер департаменті құрылымдарының жұмысымен танысып, учаскелік инспекторларға қызмет көліктерінің кілтін тапсырды.
Облыс басшысы алдымен Тәуелсіздік алаңында сап түзеген облыстық ішкі істер департаменті салалық қызметтерін аралап көрді. Әсіресе, қазіргі заманғы озық құрылғылармен жарақталған жылжымалы криминалдық сараптама зертханасының жұмысына оң бағасын берді. Қылмыс түрлерін, оның ішінде бүгінде қауіпті сипат алған есірткі тарату қылмысын ашуға көп көмегін тигізетін кинологтар құрылымының жұмысына да назар аударды.
Жергілікті жерлердегі қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін сақтау сияқты маңызды жұмыстарды атқаратын учаскелік инспекторларға жүктелер міндет жүгі ауыр. Осыған орай, облыстық әкімдік жергілікті полиция қызметін техникалық жағынан жабдықтау мәселесін шешуге жете көңіл бөлуде. Өткен жылы жергілікті полиция қызметіне 42 автокөлік берілсе, облыс басшысы бұл күні барлық өңірлерден келген учаскелік инспекторларға тағы 18 жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.
– Елбасымыздың тапсырмасы бойынша құрылған жергілікті полиция қызметі бүгінде өздеріне жүктелген ауыр да жауапты міндетті абыроймен атқаруда. Өткен жылы қылмыс көлемі оның алдындағы жылмен салыстырғанда біршама кеміп, қылмысты ашу көрсеткіші жақсара түсті. Мұның бәрі жергілікті полиция қызметінің өз парыздарын адал орындауының нәтижесінде келген жетістіктер, – дей келе, облыс басшысы халықпен қоян-қолтық араласып, жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың жұмысының ауырлығын да атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі күні тапсырылып отырған автокөліктер учаскелік инспекторлардың өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруына игі ықпалын тигізеді деген сенім білдірді.
Бұдан кейін облыс басшысы барлық аудан-
дардан келген учаскелік инспекторларға тиісті құрылғылармен жарақталған «Нива» жеңіл автокөлігінің кілтін табыс етіп, жергілікті жерлердегі құқық қорғау органдары мен қылмысқа қарсы күресіп келе жатқан полиция қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қалкһз Жүсіп.