Он күнде – он жаңа нысан!
Аққайың ауылында табиғат аясында демалуды және бос уақытын отбасымен өткізуді ұнататындар үшін Dara Resort экопаркінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Өңірде Астана агломерациясының тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орындарын көбейту және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары әрі қарай жалғасуда. Техникалық ашылуынан бері экопаркке шамамен 1,5 мың адам келген. Бұл елорда маңында табиғат аясында демалуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Экопарк аумағында демалыс орындары, күркелер мен шолу алаңдары жабдықталып, жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолдары қарастырылған. Сонымен қатар, экопаркті жасыл желекке бөлеу үшін 200 түп ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта мұнда арқанды саябақ ұйымдастыру және жаяу жүргіншілер бағыттарын одан әрі ұзарту жоспарланып отыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда облысымызда өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Экопарктер құру жөніндегі жобалар табиғат аясында демалу мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде Астана агломерациясы тұрғындарының демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Адамдардың өз бос уақытын отбасымен бірге өткізіп, қала қарбаласынан тынығуына арналған мұндай қолжетімді әрі абаттандырылған орындардың көп болуы өте маңызды, – деп атап көрсетті бұл орайда, өз сөйлеген сөзінде Ернар Жаркешов.
Жалпы, Ақмола облысында жеті экопарк құру жоспарланған. 2026 жылдың басында Зерендіде де осындай парк ашылды. Сонымен қатар, Ақкөл қаласында Wyndham резиденциясының аумағында тағы бір ірі экопарк құрылып жатыр. Осылайша, жыл соңына Ақмола облысында барлығы үш экопарк жұмыс істейтін болады.
Бұған қоса, 2027 жылы Аршалы және Целиноград аудандарында тағы екі экопарк ашу жоспарланған. Ал, 2028 жылы облыс орталығында тағы бір осындай демалыс аймағын пайдалануға беру көзделуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.
![]()

