Бар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Төлеген Сейілбекұлы Кенжин туралы бір үзік сыр
Біз кейде күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, қасымызда жүрген қадірлі жандардың еңбегіне лайықты бағасын беріп, азаматтық болмысын көпшілікке танытуға уақыт та, ықылас та таба бермейтініміз рас. Әйтпесе, қарапайым қалпынан айнымай, елге елеулі еңбек сіңіріп, саналы ғұмырын халықтың игілігіне арнаған азаматтар арамызда аз емес. Сондай абзал жандардың бірі Ақмола өңірінің тумасы, бар саналы ғұмырын адам өмірін арашалауға, денсаулық сақтау саласының дамуына арнаған білікті дәрігер, аяулы жар, ардақты әке, немерелерінің сүйікті атасы, бүгінде мерейлі жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған Төлеген Сейілбекұлы Кенжин. Төлеген ағамен таныстығымыздың да тамыры тереңдеп, арада жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Әсіресе, Хауаз досымыз бен Анар әпкеміздің шаңырағында өткен қуанышты күндер мен игі басқосуларда Төлеген аға мен Тұрар апайдың бізді жатсынбай, туған бауырларындай бауырына тартып, әрдайым ақжарқын көңілмен қарсы алатыны көңілімізге ерекше жылылық ұялатады. Осындай жарасымды сыйластықтың арқасында жылдар өткен сайын таныстық туыстыққа, аралас-құраластық шынайы бауырмалдыққа ұласып, арамыздағы ағайындық ықылас беки түсті. Төлеген ағамыздың қарапайымдылығы, кеңпейілдігі, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті, ал Тұрар апайдың ақжарқын мінезі мен қазақы қонақжайлығы бұл отбасының адамдық болмысын айшықтай түседі.
Шындығында, адамның қадірі атақ-даңқымен емес, айналасына сыйлаған жылуымен, өзгеге жасаған жақсылығымен өлшенсе керек. Осындай асыл қасиеттерді бойына жинаған азаматтың өнегелі ғұмыры туралы қалам тербеу – біз үшін әрі қуаныш, әрі азаматтық парыз. Атам қазақтың «Жақсыда жаттық жоқ» деген даналығының терең мәнін осындай жандармен араласқанда шын сезінеді екенсің. Ендеше, көптен көңілде жүрген ризашылық пен құрмет сезімі бүгін еріксіз қолға қалам алдырып, жанымызда жүрген жақсы адамның жақсылығын көпшілікпен бөлісуге жетеледі.
Төлеген Сейілбекұлы 1956 жылы бұрынғы Ақмола ауданының Қарамойыл ауылында қарапайым еңбек адамдары Сейілбек пен Рәзияның отбасында дүниеге келген. Сегіз перзент тәрбиелеген берекелі шаңырақтың үшінші баласы болып өскен ол жастайынан үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды, адал еңбек етіп, маңдай термен нан табуды өмірлік ұстанымына айналдырды.
Сейілбек әкеміз дүкеншілік қызметімен отбасының нәпақасын тауып, ал, Рәзия анамыз сол табыстың берекесін келтіріп, сегіз баланың тәрбиесін, үлкен шаңырақтың жылуын сақтай білді. Қазақы кеңдік пен аналық мейірімнің арқасында балалар еш қиындыққа мойымай, бір-біріне сүйеу болып ержетті.
Көпбалалы отбасында өскен баланың бойында жауапкершілік ерте қалыптасатыны белгілі. Бірінің қуанышы бәріне ортақ, бірінің қиындығы бәріне сын болған сондай ортада Төлеген де бауырмалдықтың, ұйымшылдықтың, өзара қамқорлықтың шынайы мектебінен өтті. Ата-анасының еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы оның кейінгі өміріне берік негіз қалады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ адамға жәрдемдесуге, қиын сәтте қолұшын беруге бейім жасөспірім болашақ өмірін медицинамен байланыстыруды армандады. Сол арманның жетегімен мектепті тәмамдаған соң, Целиноград қаласына келіп, медицина училищесіне оқуға түседі. Содан соң, училищенің бірінші курсын аяқтаған бозбала Кеңес әскері қатарына шақырылып, азаматтық парызын абыроймен атқарып қайтады. Әскер өмірі жас жігіттің жігерін жанып, тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке баулыды. Бойындағы табандылық пен мақсаткерлікті одан әрі шыңдады. Әскери қызметтен оралған соң, Төлеген Сейілбекұлы өзінің медицинаға деген алғашқы қызығушылығын нақты еңбекпен ұштастырады. Целиноград қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық стансада санитарлық дәрігердің көмекшісі болып үш жыл қызмет атқарады. Осы уақыт аралығында медицина саласының күнделікті тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Бұл жылдар оның болашақ мамандығына деген сенімін нығайтып, дәрігер болу арманына бір табан жақындата түсті.
Сөйтіп, бала күнгі арманын жүзеге асыру мақсатында сол кездегі еліміздің солтүстік өңіріндегі беделді жоғары оқу орындарының бірі Целиноград мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Осы жылдары ол өзінің өмірлік серігі, көрікті Көкше өңірінің аруы Тұрар Айтқалиқызы Жұмабековамен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Жастықтың жалынды шағында басталған бұл жарасымды жұптың ортақ өмірі уақыт өте келе берекелі отбасыға, ұрпаққа өнеге болар сыйластыққа ұласты. Тұрар Айтқалиқызы да өмірдің түрлі белестерінде жарына сүйеу болып, қуанышын бірге бөлісіп, қиындықты бірге еңсерген адал серік бола білді.
Ал, Төлеген ағамыз отбасылық жауапкершілік пен студенттік өмірдің қиындығын қатар алып жүрді. Күндіз білім алып, сабақтан тыс уақытта мейіргер, санитарлық фельдшер болып еңбек етті. Жас отбасының тұрмысын түзеу, білімін жетілдіру, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеру, бәрі де қажырлы еңбекті талап етті. Дәрісханада алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, науқаспен тіл табысудың, шұғыл жағдайда дұрыс шешім қабылдаудың, медицина қызметкеріне тән сабыр мен жауапкершіліктің маңызын терең түсінді.
1988 жылы институтты аяқтаған жас маман өзінің кәсіби еңбек жолын жалғастырып, 1992 жылға дейін Көкшетау облыстық ауруханасында анестезиолог-реаниматолог болып қызмет атқарды. Төлеген Сейілбекұлы осы жауапты салада еңбек ете жүріп, талай адамның дертіне шипа, жанына медет бола білді. Әрбір науқастың өміріне бейжай қарамай, дәрігерлік борышын адал атқаруды өзінің басты ұстанымына айналдырды. Ал, 1993 жылдан бастап оның еңбек жолы Астана қаласының онкологиялық диспансерімен тығыз байланысты болды. Содан бері үш онжылдықтан астам уақыт бойы бір медициналық ұжымда қызмет атқарып келе жатқаны мамандыққа, еңбек ортасына және азаматтық парызға деген адалдықтың айқын дәлелі.
2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін анестезиология және реаниматология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, бөлім жұмысының жауапкершілігін көтерді. Басшылық қызметте жүріп кәсіби тәжірибесін ұжымдағы әріптестерімен бөлісіп, медицинадағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын өз еңбегімен дәлелдеді. Төлеген ағамыз зейнеткерлік жасқа жеткен соң да еңбектен қол үзген жоқ. Бүгінде де анестезиолог-реаниматолог ретінде өзінің мол тәжірибесін ел игілігіне жұмсап келеді.
Өз жұртына қоса, қайын жұртын, яғни, жан жарының ата-анасы Айтқали ақсақал мен Нағима апамызды сыйлай білген Төлеген Сейілбекұлы мен Тұрар Айтқалиқызының отбасы өзара сыйластықты, береке-бірлікті, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты ту еткен жарасымды шаңырақ. Жастық шақтың қиындықтарын бірге еңсеріп, өмірдің қуанышы мен сынағын қатар бөліскен ерлі-зайыптылар бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты ата-ана. Балаларының әр жетістігін өз қуанышындай қабылдап, олардың азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін жұмсаған ата-ананың бүгінгі ең үлкен мақтанышы – ұрпағының өсіп-өнуі, шаңырақтарының түтіні түзу ұшуы. Бұл күнде Төлеген ағамыз бен Тұрар апамыз алты немеренің сүйікті атасы мен әжесі. Әсіресе, үлкен ұлдары Әсет пен келіндері Эльмираның дәрігерлік мамандықты таңдауы әке жолының жалғасуы, әулеттегі ізгі дәстүрдің сабақтастығы екені анық.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді дана халқымыз. Әке еңбегінің қадірін ұғынып, оның өмірлік жолын үлгі тұту – ұрпақ тәрбиесінің ең үлкен нәтижесі. Бұл тұрғыдан алғанда, Төлеген Сейілбекұлы тек өз мамандығының шебері ғана емес, кейінгі буынға кәсіби адалдық пен жауапкершіліктің өнегесін қалдыра білген ардақты әке.
Елге адал қызмет етіп, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға күш-жігерін жұмсаған азаматтың еңбегі елеусіз қалмайтыны анық. Төлеген Сейілбекұлының медицина саласындағы көпжылдық қызметі де лайықты бағасын алды. Ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Онкология орталығына 65 жыл», «Ұлы дала дәрігері» медальдарымен және түрлі Алғыс хаттармен марапатталды.
Халқымыз «Алпыс – тал түс, жетпіс – белес» деп бекер айтпаған. Жетпіс жасқа келгенде адамның байлығы дүние-мүлікпен емес, артында ерген ұрпағымен, ел ішіндегі абыройымен, жұрт жадында қалған жақсылығымен өлшенеді. Осы өлшеммен қарағанда, Төлеген Сейілбекұлының ғұмыры мағыналы да мерейлі, өнегелі де өрісті ғұмыр. Өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын медицина саласымен байланыстырып, оның бірнеше онжылдығын тікелей дәрігерлік қызметке арнаған азаматтың еңбегі қандай құрметке болса да лайық. Өзінің мағыналы да мәнді өмірімен адам баласының бақыты адал еңбекте, берекелі отбасында, айналасына жасаған жақсылығында екенін дәлелдеген абзал жанға деген осы ел, ағайын-туыстың құрметі алдағы уақытта да жалғаса берсін, денсауығыңыз зор болсын, сексен жастың да төрінен көрініңіз, қадірлі Төлеген Сейілбекұлы!
Ғарифолла АБЫЛҚАСОВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық
зерттеу университетінің лекторы.
Астана.
![]()

