Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Менің мектебім - АРҚА АЖАРЫ

Менің мектебім

Кейде біреулер мен ешкімге ешқандай берешегім жоқ дейді. Ал, шынтуайтына келсек, қарызсыз адам бола ма? Дүние есігін ашып, бұл әлемге келген екенсің, демек, сені аялап өсірген, тәрбиелеп азамат еткен ата-анаға борыштысың ба? Борыштысың. Әліппеден бастап білім теңізіне сүңгідің, олай болса, алтын ұя – мектебіңе берешексің. Әке-шешең, туған туыстарың, ел-жұртың, Отан алдындағы парызың, басқа да борыш-қарызың бір төбе…

 

Осындай ой-өрімдер мазалай бастағанда әкем Ғазиздың асыл бейнесі көз алдыма елестейді. Ол кісі біз сияқты Алматы мен Мәскеудің жоғары оқу орындарын тәмамдап, қос дип-
лом алған жоқ. Биік лауазымды қызмет те атқармаған. Қарапайым ел азаматы. Өндіріс орындарында қатардағы жұмыс істеп, қан майданға қатысқан соғыс, еңбек ардагері. Солай болса да оқығанынан тоқығаны көп, адамгершілігі мол, ар-ожданы таза адам болатын.
Өмір тақтайдай түзу жол емес. Оның бұралаңы, жақсы мен жаманы, кедір-бұдыры бәрі қатарласа жүреді. Әсіресе, сондай бір қысылтаяң кезде ол кісінің әр уақытта берген ақыл-кеңесі, кейбір ерекше іс-әрекеті еріксіз есіңе оралады.
1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет институты «Орысша-қазақша сөздік» шығарды. Біз тұратын Ақсу поселкесінің поштасына түскен сөздікті әкем өзінің зейнетақысынан әрқайсысына елу сом-
нан (рубль) төлеп, «бұл Амантайға керек болады» деп әлі мектепке де бара қоймаған маған осы кітаптарды жүз сомға сатып алыпты.
Тағы бір дерек.
Әкем үйге «Социалистік Қазақстан», облыстық «Сталин туы» газеттерін жаздыртып алатын. Менің үшінші не төртінші класта оқитын кезім. Бірде «СҚ»-да Балғабек Қыдырбекұлының кезекті фельетоны шығыпты. Әтәйім (әкемді осылай атайтынбыз) «оқыдың ба?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. Сонда ол «Сен неге газет оқымайсың?» деп біраз ұрысқанын осы күнге дейін ұмытпаппын.
Әлі кәмелетке толмаған жас бүлдіршінге Ғылым академиясы шығарған қымбат кітаптарды сатып алып, бастауыш класта жүрген балаға неге газет оқымайсың деп жазғыруы бүлдіршінім жақсы азамат болып өссін деген игі тілектен туындаған іс-әрекет болса керек.
Көп балалы анам Алманың барлық ғұмырын перзенттерін бағып-қағуға, оларға дұрыс тәрбие беруге, өнегелі іске баулуға бағытталған қадамы да ата-ананың келешек ұрпақ үшін жасап жүрген сауапты шаруасы деп түсінгеніміз жөн. Демек, толқымалы, толқынды өмір айдынында әр адамның өз орнын табуы үшін оны жақсы әдетке баули білгеніміздің артықшылығы жоқ емес пе?

 * * *
Менің еңбек жолым Ақсу руднигінің өндіріс ошақтарында басталды: карьерде алты жыл электр монтері, екі жыл бастауыш комсомол ұйымының секретары қызметін атқардым. Ақпарат құралдарымен байланысымды үзген емеспін. Кәсіпорын озаттары, ондағы еңбек тынысы жайлы материалдарым облыстық, республикалық газеттерде жарық көріп жатты. Комсомол белсендісі болып жүргенде жастар өміріне көбірек назар аударып кетсем керек, «Тың өлкесі» газетінде жарық көрген «достық әзілде» ақын Нұрғожа Оразов мені былай деп «сынапты»:
Карьерден біздің Кәкенов
Табысты тұр әкеліп.
Кәрілерге жоламай,
Жастарды жүр көтеріп.
Баспасөзге жұмысшы тілші ретінде белсене қатысып, өндірістен қол үзбей КазГУ-де оқып, 1966 жылдың 3 қаңтарынан бастап Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне жұмысқа қабылдандым. Газет ұжымы жақсы қарсы алды. Мен де өз тарапымнан бұл сенімді ақтауға тырыстым. Еңбегім еш болған жоқ. Газет басшылығы мұны ескере білді. Әуелі меншікті тілші, сосын бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі болып, екі рет облыстық партия комитетінің Құрмет грамотасына ие болдым. Өмірімде тұңғыш рет өкімет наградасы – «Еңбектегі ерлігі үшін. Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» мерекелік медалімен «Коммунизм нұрында» істеп жүргенде марапатталғанымды әрқашан мақтанышпен еске аламын. Облыс басшылығы бекіткен арнайы конкурсқа қатысып, өңір журналистерінің ішінен «1972 жылдың орақ гвардееці» атанып, көңіл-күйімнің көркейе түскенін жасыра алмаймын.
Мұның бәрі бүгінгі күннің биігінен қарасақ ұсақ-түйек сияқты. Ал, шын мәнінде ойластырылып жасалған сый-құрметтің кімнің болса да еңбегіне ықылас білдіріп, оны ынталандыра түсетін бірден-бір игілікті іс екенін түсіне білгеніміз абзал.
Қазір ойлап қарасам, өмірімнің ең бір шуақты кезеңін «Коммунизм нұрында» өткізіппін. Әскен Нәбиев, Әмірғали Нүркішев, Шәмшиден Дәуітов, Сайлаубек Қожамсейітов, Рамазан Ахметов, Қайыркен Сұлтанов, Мәлік Нүрпейісов, Балмағамбет Жүнісов сияқты аға буын өкілдері кейінгі толқынға жанашырлық көрсетіп, жақсы дүние жазсақ көтермелеп, кемшілік жіберсек оны қалай түзетуге болатынын айтып, ақыл-кеңес беруден жалықпайтын. Ал, осы ұжымға бізден төрт-бес жыл бұрын келіп, газет жұмысына едәуір төселіп, елге таныла бастаған Жұмамұрат Тұяқбаев, Октябрь Әлібеков, Мәди Хасенов, Жарасбай Нұрқановтар да өздерінің үлкендігін көрсетпей, Болат Бабақов, Төлеген Қажыбаев және мен сияқты газет ұжымына жаңадан келген жастарды жатырқамады, оларға түсіністікпен қарады, реті келгенде әрдайым қолдап-қолпаштап та отырды.

* * *
Ескі өкімет құлап, жаңа құрылым толыққанды жұмыс істей алмай тұрған аласапыран уақытта (1917) Сәкен Сейфуллиннің ұйытқы болуымен Қазақ комитеті құрылады. Уездік Қазақ комитетінің орынбасары, сосын төрағасы болған ақын бабамыз «Жас қазақ» ұйымына да басшылық жасады. Сол кезеңде бірінші қазақша демократиялық басылым «Тіршілік» өмірге келеді.
Осыған орай, басылым редакторлары туралы айта кеткеніміз орынды сияқты. Газеттің ұйымдастырушысы және идеялық жетекшісі Сәкен Сейфуллин, ал, ресми редакторы Рақымжан Дүйсенбаев болса, аты талай өзгеріп, «Арқа ажары» деп аталатын газеттің бүгінгі жетекшісі Қайырбай Төреғожаға дейінгі аралықта қаншама қазақ зиялылары берекелі қызмет атқарды десеңізші!
«Коммунизм нұрында» қызмет істеген уақытым 1966-1973 жылдар. Жұмысқа қабылдап, бұйрыққа қол қойған редактор Сафаржан Хайдаров еді. Алайда, ол бір-екі аптаның ішінде қызметін тапсырып, Алматыға ауысып кетті. Енді редактор болып бұрынғы басшының бірінші орынбасары Әнуар Ипмағамбетов тағайындалды. Редакциядағы одан кейінгі қызметім осы кісінің басшылығымен өтті.
Әнекең – асылдың тұяғы. Оның әкесі Нұрғали Ипмағамбетов (1883-1922 жж.) қазақтың алғашқы оқығандарының бірі, сонау 1911 жылы Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясын бітірген, патша әскерінің полковнигі, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері. 1917 жылғы Алашорда съезіне қатысып, «Алаш» партиясының мүшелігіне өткен. 1920 жылы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің құрамына сайланып, Қазақ Республикасының тұңғыш Парламентінің алғашқы депутаттарының бірі болған. VIII Бүкілодақтық Советтер съезіне қатысып, бір кездерде казак-орыстар басып алған Жайық пен Ертістің сол жағалауын, қазақтың ежелгі құнарлы жерлерін қайтып беру жөнінде сөз сөйлеген, ал, съезд бұл жерлерді халқымызға қайтарып бергізген.
Әрине, әкесі «Алаш» партиясының мүшесі, патша әскерінің жоғары шенді қызметкері болған Әнекең оның «зардабын» бір кісідей-ақ тартты. Мәскеу гидрометеорологиялық институтының 3-курсынан шығарып жіберді. Осындай сылтаумен «Лениншіл жастан» да қуылды. Талай жыл бойы Қазақстанның Орталық Комитеті соңына шырақ алып түсті. Сондағысы – баяғы «сенімсіз адам» («Қазақ әдебиеті», 17 шілде 1992 ж.).
Әнекеңнің туған анасы Зейнеп Ержанқызы да төре тұқымынан, жоғары мәдениетті, аса белгілі отбасынан шыққан. Өз заманында қазақ қыздарының ішінде өте сирек кездесетін білімді адам болған. Сонымен бірге, шығыс әйелдері жайлы жаңа бағыттағы ой-пікірін мақала етіп жазғанымен «Алаш» атты газеттің архивінен таныса аласыз.
Міне, осындай аяулы жандардың отбасынан шыққан Әнекең бізге сыртқы сән-салтанатына қоса білімділігімен ерекше көрінетін. Қызметтес достары, інілері оны үлгі-өнеге тұтатын. Әнекеңдей болуға тырысатынбыз.
Соғыс басталғанға дейін ол Қызыл Армия қатарына шақырылып, міндетті әскери борышын өтейді. «Комсомольский пропагандист» журналының, республикалық радиокомитеттің бас редакторы қызметін атқарған.
Қаһарлы қырық бірінші жылы бір жылдай атты әскерде, алдымен эскадронның саяси жетекшісі, сосын полктің насихатшы-нұсқаушысы болып ұрысқа тікелей қатысты. Кейін Қызыл Армияның саяси басқармасының бұйрығы бойынша майдандық «Сталин туы» газеті бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Бұл газет әуелде Сталинград майданының, сосын төртінші Украин майданының органы болды. Сөйтіп, әскери журналистер санатына қосылған майор Ипмағамбетов фашистік басқыншыларға қарсы өткір қаламымен де күреседі.
Соғыстан кейінгі 1946-1962 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Қазақфильм» киностудиясында, одан кейін Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында бас редактор, Жазушылар одағында секретарь болып істейді. Сол жұмыстардың арасында Москвада Жазушылар одағының жанындағы екі жылдық жоғары мектепті тәмамдайды. Кейінгі отыз жылдай «Тың өлкесі» газетінде, өлке тараған соң облыстық «Коммунизм нұрында» (1966-1986 жылдар, оның ішінде он жыл басылым редакторы) істейді.

* * *
Қазақ әдебиетінің орыс және батыс әдебиетімен байланысы жөнінде сөз болғанда Әнуар Ипмағамбетовтың есімі құрметпен аталатындығы тегіннен-тегін емес. Орыс тілін ана тілінен кем білмейтін Әнекең әлемнің көптеген көркем шығармаларын аударған, олармен қазақ оқырмандарын алғаш таныстырған қаламгерлердің бірі. Мұны Әнекең жасаған Н.В.Гогольдің «Өлі жандар» мен «Ескілікті помещиктер», Л.Н.Толстойдың «Севастополь әңгімелері», П.Мерименің «Кармен» хикаясы, Э.Казакевичтің «Одердегі көктем» романы, Л.Леоновтың «Шапқын», А.Кронның «Терең тамырлар», А.Якобсонның «Екі лагерь» пьесаларының қазақша нұсқасынан айқын байқауға болады. Соңғы жылдары ол Е.Пермитиннің «Тау қырандары» трилогиясын, Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармаларын ана тілімізде сөйлетті.
Әнекең сонымен бірге, кезінде біраз кинофильмдерді қазақшаға аударды. Олардың қатарында «Ленин Октябрьде», «Ленин 1918 жылы», «Адмирал Нахимов», «Үшінші соққы, «Барлаушының ерлігі» сияқты туындылар бар.
Әнуар Ипмағамбетовтың шығармашылық және баспасөз саласындағы жемісті еңбегін Үкімет елеп, оған тиісті сый-құрметін көрсетті. Ол бірнеше жыл қатарынан жергілікті партия, кеңес органдарының басшылық құрамына сайланды, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» тағы басқа медальдармен, екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен наградталды.

* * *

«Коммунизм нұры» газетінің аппаратында Әнекеңнің қарамағында жеті жыл бойы атқарған жұмыс мен үшін үлкен өмір мектебі болғанын ризашылық көңілмен еске аламын. Қоғамда болып жатқан әртүрлі әлеуметтік-саяси оқиғаларды сараптау, басшы-қосшымен араласып сұхбаттасу, жалпы журналистік кәсіптің қыры мен сырын меңгеру сияқты тәжірибе кейін көп пайдаға асқанын өмірдің өзі көрсетті. Осы жалғанда біраз нәрсеге қолым жетсе, соның негізінің бірі – «Коммунизм нұрында» қаланғаны өзіме аян. Бұған редактор Әнекеңнің ықпалы аз болған жоқ. Біз үшін ол іскер басшы, қарымды қаламгер ғана емес қамқоршы аға, жанашыр ақылшы да бола білді.

Амантай КӘКЕН,
бұрынғы «Коммунизм нұры» газетінің қызметкері, зейнеткер.

Суреттерде: басылымның 1965-1976 жылдардағы редакторы, бітім-болмысы ерекше Әнуар Ипмағамбетов және мақала авторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар