Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сол бір жылдар есімде - АРҚА АЖАРЫ

Сол бір жылдар есімде

Кеңес дәуірінде газетке жаздырумен, еңбекші жұртты осы іске жұмылдырумен жергілікті басшылықтар мен партия ұйымдары айналысатын. Тоталитарлық жүйе келмеске кетіп, демократия орнасымен бұл іс жайына қалды да, ел газет, журнал оқымайтын  болды. Ендігі ретте халықты газетке міндеттеп жаздырумен жергілікті әкімдіктердің айналысқаны жөн. Жұмыс жоқ, жалақы жоқ деген сылтаулар жұртты рухани дағдарысқа ұрындыратын кесапатты кеселге айналды.

Ауылдарда араққа ақша шашып жатқанда, қазақ баспасөзіне жазылуға ақша табуға болады. Сүйікті газетіміздің абыз жасы 100-ге келіп жатқанында, осы басылымның шығармашылығыма жол ашып, тәрбиелегенін айтуым парыз. Сонау бір жылдары «Коммунизм нұры» деп аталған басылымды 1970 жылдары ауылдың әр үйі жаздырып алатын. Біздің бала шағымызда «Тың өлкесі» деп аталған газеттің сол жылдардағы беделі биік болатын. Газетте Уәрә Нүрпейісов, Тұрсынбек Тасқожин, Мәлік Нүрпейісов, Қабиден Тәйкенов секілді жазу ісінің алғыр қаламгерлері істейтін. Сол жылдары жыр жазып жүргендіктен, осы басылымдағы қаламгерлер Жарасбай Нұрқанов пен Мәди Хасеновке жиі жолығатын едім.
Қорғалжын ауданының «Қарашалғын» кеңшарында тұратын мен мектепте жүрген кезімнен осы қаламгерлерге өлеңдерімді жолдап тұрдым. Араға уақыттар салып жырларым жарияланып та тұрды. Әсіресе, әскерде, Германияда жүріп, елді сағынған өлеңдерімді ақын Жарасбай Нұрқановқа жолдап тұрдым. Отан алдындағы борышымды өтеп келсем, редакцияда 40 сомнан астам ақша жиналып қалыпты. Қаламақы есебіндегі бұл қаражат қыруар сома ғой. Соны көси алып, қалтамды толтырып, Целиноградта біраз  жігіттік желігін басқаным есімде. Кейін облыстық радиоға қызметке орналастым. Жұмысқа мені марқұм ұстазым Нөгербек Мағзұмов алған еді. 1980 жылдары досым Алдан Смайыл телефон шалып, газетке қызметке шақырды. Басылым редакторы Ибрагим Қапаровтың қабылдау бөлмесінен, газетке қызметке тұруға батылым жетпей, қайта радиоға қайтқам. Ол жылдар газеттегі екі, үш көліктің өзі басылым басшыларынан артылмайтын. Мен қызмет істеп жүрген радиода жеңіл автолар көп. Іссапарларға жаяу шығып көргеміз жоқ. Соны ойладым ба, әйтеуір газетке тұрудан тайсақтағаным есімде.
Сөйтіп, жастық шағымның жарқын жылдары облыстық телевизия мен радиода өтті. Бірақ, іссапарларға газет қаламгерлері Жомарт Әбдіхалықов, Алдан Смайыл, Бәдуан Имашевтармен қанаттас атанып жүрдік, қалған журналистер де біздің автокөліктерімізге бірге отыратын. Газет қызметкерлерінен іссапарларға арнайы көлікпен барғандардан Рамазан Ахметов пен Әмір Нүркішевті ғана көргем. Осының өзі-ақ облыстық газетпен достығымызға, шығармашылық жағынан жақын араласуымызға жол ашты. Ол жылдары іссапарлар көп, ел ішіне редакциялар жиі шығатын. Бұл өмір тынысын терең сезінуге, шынайы шығармашылыққа бас-
таушы еді. Кейін досым Алдан Смайыл газетке Жылқыбай Жағыпаров пен марқұм Төлеген Ілдебаевтарды алдырды. Газет жұмысын көтеруге Алданның сіңірген еңбегі ерекше еді. Қаламы ұшқыр жазушы еліктіре, ерекше суреттер сала, тереңнен тартып жазатын. Жазушы Мәди Хасенов те елдегі жылқы шаруашылығы мен қымыз өндіру ісі туралы талай салмақты, сүбелі дүниелер берген. Газет сол жылдарда жергілікті ақындар Рысты Шотбаева мен Несібелді Имановалардың шығармашылықтарына да кең жол аша алды. Газетті даңқты қаламгер Әнуар Ипмағамбетов пен білікті журналистер Әмір Нүркішев, Октябрь Әлібековтер басқарған жылдар өте-мөте есімде қалды. Газет ауыл тілшілерімен жұмысты жандандырып, алыстағы ауылдарда тұратын Шегебай Қарпықбаев, Сәкен Төлегенов, Қуандық Әбілов, Төлеген Бақтыбаев секілді қалам иелерін жетелей білді. Сол жылдардағы газет қызметкері Мәди Хасеновтың бір  ерлігі есіме түсіп отыр. Ұмытпасам, Қорғалжын аудандық партия комитетінің бюро отырысы болып жатады да, жиналғандардың үстіне Мәди кіріп келеді.
– Сіз бюро мүшесі емессіз, шығыңыз,–дейді аупарткомның екінші хатшысы Владимир Иосифович Козак мырза ызбарланып. Оған ыға қоятын Мәди ме?!.
– Жоқ мен де коммунистпін және облыстық газеттің тілшісімін. Газет обкомның органы, мені бюродан қуып шығуға хақыңыз жоқ, – деп Мәкең отыра береді. Партияның ақырып, әмірі мен дәурені жүріп тұрғанда мұндай қадамға бару Мәди Хасенов секілді табанды, аса білімді, принципшіл журналистің ғана қолынан келгеніне біз де қуанғанбыз. Артынан бұл әңгіме обкомның бюросына дейін жетіп, екінші хатшы В.И.Козак мырзаның жоғарыдағылардан сөгіс алғанын естігенбіз. Бүгінгі жас журналистерге Мәди ағамыз секілді аға ұрпақтың осынау өнегесі де ұлағат. Жүз жылдығын атап өткелі отырған ардақты басылымның жаңа замандағы ізбасары «Арқа ажары» газеті осынау басылымның тағылымды тарихы мен еңбек жолдарын лайықты жалғастырып отыр. Газет өз жанынан  «Көкшетау» әдеби-көркем журналын шығарып, нардың жүгін арқалауда. Екі басылымды да белгілі ақын қаламдасымыз Қайырбай Төреғожа басқарып, бұрынғы екі облыстың да қалам ұстаған иелері, біздерді риза етуде. Бұл оңай шаруа емес.
Сол жылдардағы қазақ газеттерінің атқарған тарихи миссиясы – ұлттың ділі мен тілінің сақталуына тірек болғаны дер едік. Целиноградта бірегей ұлт перзенттері ғана жұмыс істейтін облыстық қазақ газеті мен қала мешіті ғана еді. Телевизия мен радионың негізгі буындарында өзге бауырлас ұлттар өкілдері қызметтер атқаратын. Рас, алалау болған емес, сырт көзге ұлттар достығы беріктей көрінетін. Тек,1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң, ел ішінде жік пайда болып, ұлт перзенттері мемлекеттің тәуелсіздігі жайында ойлана бастаған. Бұл тұста қазақ газеттерінің атқарған насихатшылық, зердені оятушылық ықпалдары мол болды. Ол жылдары газет аудандарда өзінің меншікті тілшілерін ұстағаны есте. Астрахан ауданында Сейітжан Садауов, осы өңірдің жергілікті тілшісі Төлеген Бақтыбаевтар өңір өмірінен материалдарды өндірте жазып тұрды. Қорғалжыннан – Есіркеп Тәжин, Қуандық Әбілевтер де газеттің қызғылықты, тартымды шығуына аянбай атсалысқан еді. Меншікті тілшілердің арасында Садауовтың қалам сілтесі қарымды еді. Бүгінде аталған аудандардан хабар-ошар жолдап тұратындар қатары тым сиреп кеткен сынды. Бұған аудандардағы жергілікті газеттердің сирек шығатыны, жазу ортасының болмауы себеп деп ойлаймыз. Аудандық әкімдіктер аудандардағы шығатын газеттерге көбірек көңіл бөлсе деген өтінішіміз де жоқ емес. Бүгінде ауылдық әкімдіктердің өз бюджеттері қалыптасуда. Сондықтан, елдің газеттерге жазылуларына игі ықпал жасауларына әбден болады.
Кеңес жылдарында аталған облыстық газетке әйгілі жазушы Алдан Смайылдың қызметке келуі басылымның қасаң да, жаттандылықтан арылуына, мақалаларға жан бітіп, мәнді болуына, оларда тіршілік тамырларының лүпіл қаға бас-
тауына жол ашқанын айтқымыз келеді. Негізінен партиялық бұл газет сол кезеңдерде ұлттың мүддесін, аңсар, армандарын жиі жариялағаны есте. Газет қызықты бола бастаған. Әдебиетке, облыстағы жас дарындарға жол беріліп, олардың туындылары кеңінен басылғаны жадымызда. Кейіннен Алдан Целиноградта «Тіл және мәдениет» қоғамын құрып, «Қараөткел» газетін ашып, соларға басшылыққа ауысқан соң, газет бұрынғы жаттанды, партиялығына қайра көшкен. Бұдан қай басылымға да жазушы, ақындардың жаңа леп пен ұлттық арман, аңсарларды ала келетінін көрер едік. Қазіргі «Арқа ажарына» белгілі ақын Қайырбай Төреғожаның басшылық жасауынан да осы игіліктерді көріп отырмыз.
Өз басым газеттің қара жұмыстарына Тұрсынбек Тасқожиннің, Мәлік Нүрпейісов пен Сәркен Барқытов пен Үкімет Сүйінжанов, Жылқыбай Жағыпаровтардың, Төлеген Ілдебаев пен Аманкелді Жұмабековтердің және Бәдуан Имашевтің көп еңбектер сіңіргенін айтамын. Әсіресе, спорт тақырыптарындағы мақалаларға марқұм Қайыркен Асауовтың қаламы жүйрік еді. Мәдениет пен өнеркәсіп тақырыптарын марқұм Рафық Фазылов ағамыз  жақсы алып жүргені есте. Газеттің мазмұнды шығып тұруына жазушы Жұмагүл Саухат, журналистер Рахия Әлібекова, Нағима Қойшыбаева, Мәкен Мергенбаевалар барынша атсалысқанын көргенбіз. Газетте қызмет атқарған алғыр ақын Сәбит Бексейітовті де ұмыта қойған жоқпыз. Оқырман ретінде сол бір жылдары газетті күнде қолға алып, зерделеп тұрғандықтан, осындай пікірлер айта аламыз. «Арқа ажары» газетінен қазір де қол үзген жоқпын. Әр санын алып, тілектес болып отырамын.
Газеттің 100 жылдығы үстінде Шәмшиден Дәуітов, Әмір Нүркішев секілді ағаларымыздың да рухтарына құрметпен бас иеміз. «Арқа ажары» газетінің осы жылдар ішінде көтерілген биіктерінен түспей, жаңа заманның мақсат, мұраттарына үн қосып келе жатқаны қуантады. Газетте Байқал Байәділов, Қалкөз Жүсіп, Ұлмекен Шаменова секілді қаламдары ұшқыр журналистердің еселі еңбектері басылым болашағының зор екенін аңғартады.
 
Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы, газеттің байырғы тұрақты оқырманы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің
иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар