Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әке беделі - АРҚА АЖАРЫ

Әке беделі

Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегінде атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жолында жастарымыздың аянбай еңбек ететіндеріне біз, орта буын ұрпақ өкілдері кәміл сенеміз, әрі соны тілейміз.

Заманның запыраны, қоғамның дерті ме екен, кей-кейде ақсақал жасына  жеткендердің арасынан ақсақал таба алмай қынжылатынымызды несіне жасырайық. Солай десек те қазіргі қазақ қоғамында әр жерде аталы сөз айтар, аузы дуалы ақсақалдар болған, осы күні де бар. Солардың бірі шын мәнісінде кеудесі алтын сандықтай ашылар менің әкем Шермұханбет Ахметов десем, артық айтқандық емес.
Елі үшін адал қызмет атқарған азаматты ардақтау – ұлтымыздың аса қастерлі дәстүрі. Бала әкеге, аға ініге теріс айналса, бұл дүниеден не қайыр. Әрқайсысы рас, өзінікін жөн көреді. Ұлы Абай айтпақшы, «сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң … «ағайын әр нәрседен етер бұртың, оның да алған жоқ па құдай құлқын».
Мен өзімді арманшыл жанмын деп есептеймін. Бала кезімнен кітапты көп оқығандықтан, тым қиялшыл болып та кеткен шығармын. Әйтсе де солай болумен қатар, өз жан дүниемдегі нәзік әлемді әлдекімдердің таптауына жол бере алмадым. Себебі, менің әлемім басқаша болатын. Ес біліп, мектепке барған күннен бастап, сәби шағымда анам мен әкем құлағыма құйған ұлтжандылық пен адамды сыйлау өмірлік бағдарым болды. Міне, осылай санама ерте сіңген әке өсиеті өзіммен бірге есейіп, бірге көктеді. Менің бұл қасиетім ата-бабамыздың кіндік қаны тамған ата қонысқа деген махаббаттан да көрінеді. Әлбетте, өмірде қателескен, жақынның көңілін қалдырып, ренішке себеп болған кез де жоқ емес. Ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Соның бәрінен сабақ алып, сол қателіктерді жібермеуге де болар еді …
Әйтеуір, жер өз осінен айналғандай, мен де өзім түсінбеген кейбір мәселелерді пайымдауға тырысатынмын. Ең біріншіден, маған бала санамды серпілтіп ой тастаған ерекше бір жан туралы айтып өтпесем адам алдында да, Алла алдында да кінәлі болар едім. Кезінде өз естелігінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әділхан Шабатов «сол уақта көкіректері ашық, елдің жағдайын білетін, шаруа жайын түсінетін тісқақты азаматтар болған. Аудан  басшыларының ішінде Ахметтің Шермұханы және басқа әкелеріміз бен ағаларымыздың көп еңбегі сіңген», – деген еді.
Әкем Шермұханбет Ахметов Атбасар уезі, Есіл болысының №4 ауылында 1922 жылы дүниеге келді. 1942 жылы Петропавл ауыл шаруашылығы техникумын үздік бағамен бітірді. Еңбек жолын Қорғалжын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің веттехнигінен бастап, мал шаруашылығы саласында аянбай еңбек етуінің нәтижесінде орта білімімен жетпісінші жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып, одан әрі сексенінші жылдары дербес зейнеткерлікке шықты.
Тың игерудің алғашқы 1954-1957 жылдарында әкем машина-трактор станциясының директоры қызметін атқарып, ауданға келген талай механизаторларды жұмысқа қабылдап, қиын сәттерде шынайы сезіммен қол ұшын беріп, жағдай туғызды. Солардың біразы атап айтсам, Н.Качан, А.Симчук жол учаскілерінің бастықтары болды. Ф.Егоров, А.Иванов, Г.Кузьминский, С.Попосемов, В.Седьков «Дружба» совхозында бірге көп жылдар қажырлы еңбек етіп, бұл дүниеде бір-бірін сыйлап өтті.
Әкем 1966 жылы Қорғалжын ауданы Баршын орталығында құрылған оңтүстік қой шаруашылығы тресінің іргетасын қалаушының бірі. Сол отгонда құрылған 6 совхоздың барлығының орнын өзі қолымен көрсетіп, мына жерде ауыл болады, мына жер дұрыс қоныс болады деп совхоздардың бөлімшелеріне дейін орналастырған адамның бірегейі.
Жетпісінші жылдары «Жастар – қой шаруашылығына!» патриоттық бастамасының өркендеген кезі еді. «Аршалы» кеңшарында «Көктем» комсомол-жастар қой бригадасында үш жұптың (Сауле – Тойкен, София – Серік, Рәшгүл – Жанат) үйлену тойлары болды. Осы жастарды ата кәсіпке тарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыра білді. Сол кезде оңтүстік қой шаруашылығы тресінде 300 мыңға жуық қой бар болатын. Сол  бригаданың белсенді мүшесі Тойкен кейін партия қызметтерінде көрінді.
Әкемнің мал шаруашылығын дамытудағы ел үшін атқарған ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ, ол 1966 жылы «Құрмет Белгісі», ал, 1971 жылы «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Қазақ ССР Президиумының грамотасы,
7 медальмен марапатталды. 1955-1982 жылдар аралығында Жосалы ауылдық, Қорғалжын поселкелік Кеңесінің депутаты, Қорғалжын аудандық партия комитетінің мүшелігіне кандидат болып сайланды, 1985 жылы қалалық типтегі Қорғалжын поселкелік Кеңесінің шешімімен «Құрметті азамат» атағы берілді.
«Ондай адамдарды ұмытуға бола ма? Біз олардың тәрбиесін көріп өстік. Біз өзіміз ер жетіп қалған шағымызда солардың қалай жұмыс істеп жүргенін көзімізбен көрдік, білдік», – деп жазады өз кітабында аудандық атқару Кеңесі төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Амангелді Ыбырай.
Осы орайда, әкемнің мұндай жетістіктерге жетуіне бізге асыл ана бола білген адал жары Бибісараның ықпалы ерекше болғанын атап өткім келеді. 1942 жылы Қорғалжын өңіріне жолдамамен келген жас маман «Сталин жолы» колхозында жұмыс істеп жүрген анаммен кездеседі. Жарты ғасырдан астам жарасты өмірлерінде 2 ұл, 6 қыз өсіріп, сыйластықты қадір тұтып, бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін сақтай білгендіктері қандай ғанибет.
Шығыстың ұлы шайыры Әлішер Науаидың «өзі тамаша жанның жары да тамаша болу керек» дегені осы шығар.
 «Әкенің жақсылығы балаға қырық жыл азық» дегендей, Теңіз-Қорғалжын өңірлерінде қызмет еткен жылдары әкемнің жақсылығын, адамгершілігін терең сезініп жүрдім, рухани зор болмысымен әркез қолдап, қалыптасуыма қанат бітіріп отырды. Әкемнің тағы бір асыл қазынасы, Теңіз-Қорғалжын-Егіндікөл өңірін жете білгендігі, тоқтаған жердің шөбіне, төбешіктері мен көлшіктеріне қарап тұрып, керек жерін дәл табатындығы еді. Сол үшін аудан басшылары зейнет демалысында болса да, ел аралағанда іссапарға бірге алып шығатын.
Әкем ел ағасы, ел тұтқасы болған адам. Балалар үйінде бірге тәрбиеленген қоғам және мемлекет қайраткерлері Ахтан Төлеубаев пен Әділхан Шабатовпен ауыр міндеттерді бірге атқарды. Есімдері елге танымал батыр ағаларымыз, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевпен таныс болып, үйлерінде қолдарынан дәм татқан, сыйласқан жан.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының сүйікті перзенті, ұзақ жылдар бойы қазақ елін басқарған, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының белді мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен Қорғалжын өңірінде үш рет жүздескен еді. Д.А.Қонаев  60 жасқа толып, Социалистік Еңбек Ері атағын алған кезде әкем  мына жыр жолдарын арнаған екен:

Атағыңыз  құтты болсын Димаш аға,
Халқыңыз қуанады бұл бағаға.
Кешегі қатардағы мастерліктен,
Болдыңыз ел басқарған  үлкен Аға.
Жасыңыздан болдыңыз талантты ер,
Білім үшін бардыңыз бірталай жер.
Кен білімін Мәскеуден алып келіп,
Таптыңыз жез байлығын ақтарып жер.

Қорғалжын атақты аудан елімізде,
Шақырдық келіңіз деп жерімізге.
Мүмкіндік тауып, егер келсеңіз Сіз,
Тік тұрып қарсы алармыз бәріміз де.

Бүгінде өмір жолын осындай танымал асыл азаматтармен бірге жүріп өткен әкемнің өнегелі ғұмырын ой-сараптан өткізгенде ерекше бір сезімге бөленемін. Елі «Шерекең» атап кеткен мұндай жандардың тағылым-ғибраты, үлгі-өнегесі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанына, көктей қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпақтарымызға да керек. Өз басым текті әулеттен өнгенімді мақтан тұтамын, басқалар да ұрпаққа үлгі болар осындай естеліктерін айта берсін, жаза берсін деп тілеймін.

Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ,
партия ардагері, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері, зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар