Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Рухани құндылықтар құлдырап тұр - АРҚА АЖАРЫ

Рухани құндылықтар құлдырап тұр

немесе төрт патшалық хақында

 

Бүгінгі күн тақырыбындағы осы мәселеге көңіл аудармас бұрын, педагог В.А.Сухомлинскийдің «төрт құдіретті патшалық өмір сүргенде ғана мәдениетімізді көтере аламыз: «Олар: Отан, Адам, Кітап, Ана тілі», – дегеніне көңіл аударайық. Бізде осы төрт патшалық қалай өмір сүріп жатыр?

 

Бірінші – Отан. Қазақстаның, туып-өскен жерің, отбасың, арқа сүйер ардақтың… Отанымызды басқарып отырған басшылар, зиялы қауым қоғамды қалай басқарып жатыр? Елбасымыздың еліне деген ақ тілеуін, Жолдауларын ел азаматтары қаншалықты дәрежеде шынайылықпен іске асыруда? Күнделікті ақпараттан оқып, естіп, көріп отырамыз. Әрқайсымыз ой елегінен өткіземіз. Әркімнің өзінше айтар уәжі, түйген ойы бар…
Екінші – Адам. Отанымыз Қазақстанда өмір сүріп жатқан қоғам мүшесі. Адамдардың әлеуметтік ахуа-
лы қандай дәрежеде? Адамның ақиқатты сараптап, безбендеп, ақ пен қараны ажыратуға құқы жете ме? Әлде, «Адамның басы, Алланың добы» демекші, тағдырдың жетегінде күресуге дәрменсіз, әлжуаз жандармыз ба? Тұйыққа тірелген тағдыр, өзегі өртенген жандар аз ба? Түрі қазақ, ойлау дәрежесі электрондық құралдардан уланғандар саны көбеюде. Жаһандануды пір тұтқандардың саны өсуде. Олар өз әлемінде өмір сүреді.
Үшінші – Кітап. Кітап оқымаймыз. Ақпараттық технология тәрбиелеуде. Кітапханалардың қадірі кетті. Ұлтымыздың өзіндік дүниетанымын дәріптейтін қазақ телеарнасын менсінбейміз. Қазақи әдет-ғұрыпты ойламаймыз. Ұят, ар, намыс дегендер тасада қалды. Шаңырақ, бесік, босаға, парыз, аманат, ата-ана алдындағы борышты сезініп, жанашырға алғыс айта аламыз ба? Адам мен адамның тілдесуі желіге тәуелденді, сондықтан да, санамыз рухсызданып, қатайып барады, болашағымыз бұлдырап тұр.
Төртінші – Ана тілі. Тіл тәуелсіздік алды ма? Тілден айырылған жан, ұлттық қасиеттен айырылады. Ішкі жан дүниесі қазақ болмаса, ұлтын сүйіп жарытпас. Ана тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін. Тірліктің құлымыз ба? Орыс, ағылшын тілін білу арқылы білім, ғылым жолын қуып, танымал болуға жол ашылады. Дегенмен де, атаққұмар, мансапқор, өзімшілдікке жол көрсетіп тұрған жоқ па? Адам үшін тіршіліктің тамыры жылы сөз, шынайы пейіл. Өз бойымызда өзімізге деген мейірім болмаса, өзгеге деген шапағатты қайдан аламыз? Оның ұлттық болмыста қалыптасқанына не жетсін?! Елбасымыз Рухани жаңғыру бағдарламасында ұлттық рухани болмысымыздың жаңғыру тетігі қыз бала тәрбиесіне де келіп тірелетіндігін көрегенділікпен, саналы салмақтап, аталық, ғалымдық толғаныс үстінде көпшілікке ой салды. Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, бүкілхалықтық іс екендігі айқындала түсті.
Қыз баланың мейірімсіз, қатыгез, сезімсіздіктен халық назарын өзіне аудартуы, періште сәбилер тағдырын тәлкек етуі ұлт санасына түскен қара дақ. Бұған кім кінәлі? Мемлекет, отбасы, қоршаған орта, білім ордалары ма?
Бала білімді мектептен алады. Бірінші сыныпқа он сегіз кітап таратылды, ағылшын тілі де бар. Тәуелсіз, егеменді ел бола тұра, неліктен оқу-ағарту саласында ұлттық салт-дәстүрге негізделген елдік оқыту үлгісі болмасқа. Әлі де болса, әлдекімнің отарындамыз ба? Осы жағына салыстырмалы түрде қараған жөн.
Ана тілін білмеген,
Ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген,
Халқын сүйіп жарытпас.
Ата-ана, тәрбиешілер, білгір ғалымдар, адами бітім-болмысты азамат тәрбиелеудің орнына, мансапқорды дайындауға бет бұрған тәрізді. Бүгінгі күннің ұстанымы – ақшасыз күнің күн емес. Ақша пұл болды, адам құл болды. Ақшадан басқаны құндылық деп санамаймыз.
«Ақиқат айтылмаса, адам азат» деген құран сөзі бар. Заман жаңғырып өзгерген сайын, адамның жан дүниесі, атқарар міндеті де өзгеріске түсті. Бұрын: «Сүйенерім де ұлым, сыйынарым да ұлым» деп тегін айтпаған. Ұл туғанға, жақсы күн туған. Ұлы бардың кеудесі көтеріңкі болған… Қазір ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы: «Ұлы үйленген ананың кеудесі еңкіш, қызы тұрмысқа шыққан ананың кеудесі көтеріңкі» келеді екен.
«Атың шабан болса – дүниенің азабы, алғаның жаман болса – жалғанның тозағы, балаң жаман болса – көрінгеннің мазағы» демекші, жемқор шенеуніктер, парақорлар, тастанды бала, қарттар үйі, қоқыс жағалаған қайыршылар, ипотекадан сан соғып зарлаған жандар, тексіз сәбилер – рухани жұтаңдықтан. Осы тұста халықтың мына бір даналық сөзі ойға оралады: «Жаманның ақылы – көзінде, кигенге мәз, тойғанға мас». «Ағайыннан мал жақсы, ата-анадан жар жақсының» жетегінде кеткен жетесіздер жеткілікті.
Бала махаббат, сезімдік махаббат, рухани махаббат, кемелденген махаббаттан жалған махаббатты таңдадық па? Ата-ана ақылын азық еткен, өнегесін қазық еткен – ұрпақ азаюда. Осы тұста ақын Қайырбай Төреғожаның «Қым-қиғаш қайшылықтар арасында, күндерім зулап, ағып барасың ба?» – деп келетін өлеңі ойыма орала беретіні бар. Оқыту мәселесі көп өзгеріске түсті. Бәріне көндік, талай жазылды. Кейін діни бағытта дәріс береміз деп оқулық негізінде сынға ілікті. Мұсылмандық парыз амалдарын орындай алмай жүргеніміз рас. Пайғамбарымыз: «Мұсылман дегеніміз, қолымен және тілімен мұсылманға зиян келтірмеген адам» деген екен. Аллаға деген адами парызды жүрек тазалығымен сақтаған абзал. Атақты Әбубәкір Кердәрінің: «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде барда, ділде жоқ» дегенінен, алдамшылық, көзбояушылық, жүректегі иманның жоқтығынан екендігі айқындалып айтылған өсиеттен ғибрат алайық.
«Еркек – үйдің иесі, әйел – киесі» дегеннің азаматтарымыз тереңіне бойлап, киелі ұғымды иеленген жанның жанына жара түсіріп, күйелемесе ғой. Қазақтың көрнекті ақын қызы Фариза Оңғарсынованың: «Әйелдің монологінен» үзіндіге көңіл бөлейік: «Қиналғанда қамқор болатын, кейігенде жұбататын» сүйенердің жоқтығы қыздарды есінен тандырып, мейірімсіз қатыгездікке бастайды. Осы тұста Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың: «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы Ерболдың жақсы қыздың абырой белгісі тәнінде ғана емес, жанында болатындығын ескертетіндігі бар. Сезімнің құлы болма, алдағы өмірге сеніммен қарап, сабаңа түс…
Әйел гүлден нәзік, күмістен таза боп бағаланған… Әйгілі ақын Қасым Аманжоловтан төмендегі үзіндіні тілге тиек етейік:
Қыз қызыл гүл, гүл бақшадағы,
Күн нұрымен құлпырар.
Көрсе кенет әркім дағы,
Гүлді алуға ұмтылар.

Бірақ, қызыл гүлдер көп қой,
Қайсы бірін аларсың.
Көрінгенін үзіп кетпей,
Таңдап бірін табарсың.
Сол гүлдер неге солады? Қыздар аяғын жаңсақ басса табалаймыз. Алға басса күндейміз. Осындай қасіретке тек қыздар кінәлі ме? Жоқ. Егер де ерлер бойында қыз тағдырына деген жауапкершілік сезімі болса, қыз өмірін ойыншық етпеген болар еді. Өзі тәлкек еткен қыз тағдырындай өз кіндігінен жаралған қызды да біреу мазақ етсе, қайтер едім-ау деп сезінсе, олар біреудің қызының намысын таптамас. Осындай мәселелерді ер азаматтар (әкелері) ертерек ойланып, ұлының құлағына сіңірсе, мұндай жолсыздық аяқ алмас еді. Болған жағдайда, бұрынғы билердей сарапқа салып, төрелік айтатын, ақсақалдар алқасы қажет.
«Байлығыңның қадірін ұлың ержеткенде білерсің. Абыройыңның қадірін қызың бойжеткенде білерсің» дегендей, өлімнен ұят күшті екенін ата-ана түсінгенмен, бала марқайтатындығы және қартайтатындығы кей жағдайда тәрбиеге де байланысты емес.
Қызым артымда жалғыз қалмасын деген үмітте: «Өзің үшін бір бала тауып ал, не бала асырап ал», – дейтініміз жасырын емес. Бала тағдыры қиынның-қиыны.
Негізгі байлық – саналы ұрпақ. Ұрпақ тәрбиесі былай тұрсын, әлеуметтік жағдай да көңіл толарлық күйде емес. Жасыратын несі бар, ұлт мәдениеті, халық қамын ойлап, жаны ашитындар шамалы. «Бәсекелестік заман» деген тіркес санамызды улап тұр. Жаһанданудан ұлттық сипатта өмір сүрудің тиімді жолын бәсекелестікпен таңдау – азаматтық парыз. Атқа мінген жалды азаматтардың ойлайтыны өз қамы, өз бизнесін өркендетудің амалы, халықпен дүлдараздау. Облыстық, қалалық және аудандық ішкі саясат басқармасы мен бөлімдері бұл істі жандандыруға білікті, өзіндік салмағы бар азаматтарды тартуы қажет…
Тыныш жүріп, жан баққанға не жетсін-ді ойлайтындығымыз жасырын емес. Әліптің артын бағамыз, әлде бір нәрседен қауіптенеміз.
Игілікті шараларды атүсті ұйымдастырмай, тағылымды, саналы, салмақты ортада нәтижесіне көрермен ой қосып, пікірлес болатындай, ризашылық танытатындай дәрежеде өткізгенге не жетсін. Әр кезеңнің өзіндік артықшылығы мен қиыншылығы болатындығын түсіндіріп, ортақ мәмілеге келу – игілікті іс. Бас қосудың нәтижесі де сол. Мен қатысқан кейбір шараларда үлкендер жағы сөз алып, жастар жағы ұйқылы ояу қалғып отырады. Тілдесіп, пікірлесуге араласпағандықтан, санасы тоқырап қалады.
Ұрпақ тәрбиесінің ақсап тұрғаны шындық. Тәрбие құралының қомақтысы ақпарат арқылы таратылады. Жан тәрбиесін ұлықтаудан тәнді әспеттеудің небір сорақы жолдары ақпаратталынады. Телеарналарда әнші жұлдыздар мен әзілкеш-сықақшыларға ерекше уақыт бөлінеді. Шіркін-ай, сол жұлдыздарға қамқор болған, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар, денсаулықтарын сақтауға жәрдемдесуші дәрігерлер туралы толыққанды хабар бар ма? «Болашақ» бағдарламасымен әлемді шарлаған білімдарлардың еліне деген игі істері неге көрсетілмейді? Ақындар айтысы келмеске кетіп барады. «Айтуға оңай», «Дара жол» ғана көңілімді сергітеді.
«Қыз бақытын түзден табады, ұл бақытын қыздан табады», «Ұлтты қыз сақтайды, жерді ер сақтайды», «Үйлену сезім, үй болу төзім», «Жақсы ит өлігін көрсетпейді», – дегендей тақырыптар барысында әдеби кештер ұйымдастырылса.
Қыз бала жатжұрттыққа жаралған, өз тегінің ар-ұят, намысын қорғаймын десе келін боп түскен шаңырақтың ыңғайына көнеді. Ата-анасына жағымды, қайын жұртына жұғымды болудың жөнін іздейді. Екеуі бір-бірінің қас-қабағына қарап, түсіністікпен бір бағытты ұстауы абырой әкеледі. Ата-ана қызын қорғаштамасын…
Жеңіл мінезді қыздардың иненің көзінен өтетін жылпос, алаяқ жеңгетайлардың жетегінде кеткені аз ба? Сол жеңгетайлар жазаланып жатыр ма?
Біреулерден біреу неге ығады, біреулердің сағы неге сынады? Шаңырақтағы күйзеліс, ата-ана арасындағы кикілжің, әлеуметтік жағдай, соқыр махаббат, сананың таяздығынан осындай күйге түседі. Жан дүниесі қатуланып, қаны қарайып, өз бауырымен сыйласа алмайтындар, өзіне-өзі есеп бере алмайтындар баршылық. Мұның себебі не? Мөңке би, Абайдан жауабын іздейік…
«Өспейтін бала өнбейтін дауды қуады» делінген аталы сөз бар. Жауабын Оралхан Бөкейдің «Атаукересіндегі» Тағанның монологінен қарастырайық: «Неге біз осы… Жанымызда жанып тұрған отты су құйып өшіреміз, не май құйып лаулата өртеп жібереміз! Неге біз осы өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы өтірік өмір сүреміз, а?»
Ата, ақсақал, ана, әже, ел анасы дейтін бейнеде алдағы ұрпаққа өзімізді таныта алып жүрміз бе?! Алпыстан асқан азаматша ата-салтымен басына ақ орамал салып, ұлттық сипаттағы киім кисе, қазақ әйелінің келбетін ажарландырып, көрікті етері сөзсіз. Ал, жетпістен асқанда ұлттық брендіміз – кимешек кисе.
Біреудің ақ ниетін, жылы сөзін бағалай білеміз бе? Алғыс айта білеміз бе? Кісі қадірін бағалай білейік, кісілік келбетін жадымызда сақтайық дегім келеді. Алғыс айту күнінің белгіленгеніне ризамын.
Кімнің болсын, көңіл түкпірінде неден ағаттық жасадым деген сауал туындап, ойлы пікір қалыптасса, келеңсіз жағдайлар орын алмас. «Ой дегенің у депті бір ағамыз, ойдан қалай болмақшымыз ада біз», бәріміз де пендеміз. Жаңсақ басқан тек сол қыздар ғана ма? Ол қайталанбас үшін қоғам болып күресу қажет. Қолына шоқпар алып, кісі өлтіру емес, оқу орындарында қазақ тарихы мен қазақ әдебиеті пәндері өз дәрежесінде тереңдетіле оқытылса екен. Тәрбие құралы – көркем әдебиеттен бір мысал келтірейік, Ә.Нұршайықов: «Қыздар, сүйген жігіттеріңе сүйікті жар, ата-енеңе қымбатты келін, шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар! Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді, семьяға сыйлы… Көрсеқызар болмаңдар! Сәнмен емес, санамен озған мерей» дегенді 1972 жылы айтқан еді.
Әйел заты елікпеген сән бар ма?
Қазір бәрі-бәрі де бір арманда.
Үсті-басын жауып, тері-терсекпен,
Ұқсау мода жалбыр түсті аңдарға.
Естілердің сөзін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады. Адамның шынайы бейнесін тану қиынның қиыны. Бет перде, перделі беттен сақтасын.
Иә, ғалымдар айтқан төрт құдіретті патшалық салтанат құрғанда ғана рухымыз құлдырамайтыны анық. Ал, рухы биік ұлттың болашағы жарқын. Ылайым соған жазсын!

Таңсық ЖҰРЫНҚЫЗЫ,
 Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің ардагер ұстазы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар