Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жынды» демеңіз оны, тіл қадірін біледі!.. - АРҚА АЖАРЫ

«Жынды» демеңіз оны, тіл қадірін біледі!..

 

Кешегі көзбен көріп, көңілге түйгенім өңімде болмаған жағдай сияқты. Көзі қарақты оқырманға ой салар деген ниетпен қолыма қалам алып, болған жайды баяндасам ба деп едім.
Түс мезгілі болатын. Қоғамдық көліктің біріне отырдым. Иін тірескен халық, ине шаншар жер жоқ. Көптің бірі болып мен де ауыр қозғалған автобусқа міне кеттім. Салонда өзді-өзімен сөйлесіп, күбірлеп отырған бір жас жігітке назарым ауды. Үстіне киген киімі жұпыны. Күн ыстық болғанымен, аяғына резеңке етік киіпті. Үстіндегі тозығы жеткен күртесі мен жыртық шалбарына   жұрт жиіркене қарайды. Неге екені белгісіз, бәлкім ол да ел назарын өзіне аударғысы келді ме,  қатты айғайлап ән айтып келеді. Ағылшын тілінде аздап түсінетінім бар. Әлгінің орындаған әні ағылшын тілінде, шет тіліндегі әрбір сөзді ешбір айна қатесіз айтып шықты. «Махаббат әуені» шырқағаны. Тілі дүдәмал «МС Сайлаубектен артық екен» дедім іштей мен. «Жаман уақыт қой қазір. Жыны қозып отыр» деді жанымда тұрған бір апай. Мен үнсіз бақылап, әліптің артын бақтым. Бір аялдамадан соң автобусқа ақ жаулықты апа кірді. «Жындыға» балаған әлгі жігіт орнынан атып тұрып, «Апа, келіңіз, менің орныма отырыңыз» деп ізеттік танытып, орын берді. Анықтап қарасам, әлгі «жындының» ұлты басқа болғанымен тілі қазақ. Сол жігіттің жанында «есі дұрыс», киімі бүтін, сырт келбеті де көз тартарлық  қазақтың қыз-жігіттері көп еді. Алайда, соның бірі тұрып кішілік көрсетіп, инабаттылық танытпады. Өкінішті.  Кондуктор апай жасы елуді алқымдаған қазақ әйелі екен. Ұлты қазақ болғанымен, тілі – орыс. «Следующая остановка – швейная фабрика» демесі бар ма. Аялдамаларды екі тілде айту керек деген ұстаным оның қаперіне де кірмейтін сыңайлы. Соны естіген әлгі «жынды жігіт», апа кешіріңіз,  «Келесі аялдама – тігін фабрикасы» деп айтыңыз демесі бар ма. Автобус салонындағы бар адам «жынды жігітке» жалт қарады. Сол-ақ екен, кондуктор апай  орысша оқығандығын алға тартып, қазақша дұрыс білмейтінін айтып ақталды.
Мынаны «жынды»  деп едім, есі бар екен деді жанымдағы сол апа тағы да күбірлеп. «Сіз оны жынды демеңіз, тіл қадірін білмейтін көпке үлгі болар жан екен» дедім де өзіме қажетті аялдамадан шығып кеттім.
Көпке дейін осы жағдай көкейімнен кетпеді. Адамды сөзіне қарап емес, бөзіне қарап бағалайтын заман болды. Шіркін-ай, өз тілін өгейсітіп, ұлт тілін білмегенді ұят санамайтындарды көрген сайын  тіл қадірін білетін «жынды жігіт» ойыма орала кететіні бар.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар