Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының өкілдері мен лауреаттары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде болып, оқу орнының оқытушылары және студенттерімен кездесуде қор қызметімен кеңірек таныстырып өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, сөз сөйлеп, Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев бастаған құрметті делегация құрамына ізгі тілегін жеткізіп, алғысын білдірді.
Салтанатты жиынды университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров сөз сөйлеп ашты.
– Ғылыми-шығармашыл жастарды қолдау, әлеуметтік бағдары бар жобаларды жүзеге асыру барысында Елбасы қорының атқарып жатқан жұмыстары орасан. Бұл ретте жас буын үшін арнайы стипендиялар мен гранттар тағайындау, әртүрлі конкурстық бағдарламалар білімді жастарға кең өріс ашуда. Осы орайда атап өтерлігі, біздің университеттің оқытушылары мен студенттері де қордың арнайы жобаларына белсенді қатысып, өткізіліп жатқан байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Алдағы уақытта да университет ұжымы әлі талай тың жобаларымен жеңімпаз атанады деген үмітіміз бар, – деді ректор өз сөзінде.
Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өз сөзінде білімді жастар келешек кепілі бола алатындығын қадап айтты.
– Елбасының сындарлы саясатының арқасында жастардың сапалы білім алу мәселесі оң жолға қойылған. Қазіргі таңда кез-келген жас буынға алыс-жақын шетелдерден білімін алуға мүмкіндік бар. Осы мәселені жүзеге асыру үшін қор жанынан арнайы қаржы бөлінген. Ол үшін жаңа жобаларды, елге тиімді қандай да бір жаңашыл идеяны жүзеге асыруға атсалысу керек. Қордың атқарар жұмысы ауқымды. Біздегі басты мақсат білім мен мәдениетімізге, ғылым мен ілімге өз үлесін қосамын деген жастарға қолдау көрсету. «Smart жолы» сияқты ауқымды жобалар аясында атқарылып жатқан мәселелер де сөз болды. Жиында сөз сөйлеген Данияр Құдайбергенов осы жоба аясында Сингапурға барып, сондағы тәжірибелі мамандармен пікір алмасып, басқа да ғылыми жобаларды жүзеге асыруға талпыныс танытып жүргендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, кездесу барысында қордың жанындағы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров, «Астана-Опера» театрының пианист-концертмейстері, қор жанындағы шығармашыл жастар кеңесінің мүшесі, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Гаухар Тасбергеновалар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Жиында қор қызметі туралы түсірілген бейнефильмдер көрсетілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.