Ақмола облысының №2 Қараөткел орта мектебінің үш оқушысына қылмыскерлерді ұстауға көмек көрсеткендері үшін жергілікті полиция қызметінің басшысы бағалы сыйлық тапсырды. Балаларды марапаттау рәсімі барлық оқушылардың алдында салтанатты жағдайда өтті.
9 сыныпта оқитын Жансерік Бақытжан мен ағайынды Аян және Темірлан Пышинскийлердің мектеп оқушылары арасында аңыз болып таралған ерлігі биыл көктемде болған еді. Астана маңындағы Қараөткел ауылының тұрғындары бір-бірін жақсы таниды. Кешкілік уақытта көшеде ойнап жүрген балалар ауылдастарының үйіне бөтен адамдардың кіргенін көріп, сезік алады. Үйге кешкі уақытта есіктің құлпын ашып кірген әлгі бөгде жандар бір уақытта сөмкеге салынған заттарды алып, сол маңайдағы көше бұрылысында тұрған БМВ маркалы автокөлікке отырып жүріп кетеді. Олардың соңынан аңдыған балалар білдірмей ұялы телефондарына машинаның суретін түсіріп алады.
Кейін белгілі болғандай, Астана маңындағы ауылдарға барып ұрлық жасап жүрген екі қылмыскер сол күні Қараөткел ауылының тұрғынының үйінде болмағанын пайдаланып, бағалы бұйымдар мен ақшаларын ұрлаған. Келтірген залал мөлшері 1 миллион теңгеден асады. Бұл жолы ұрылардың жолдары болмады. Қылмыскерлерді іздестірген полиция қызметкерлеріне балалар өздері келіп, болған жайды айтып, ұялы телефонға түсірген суретті берді. Кейін ол сурет ұрыларды ұстауға көмегін тигізді. Осылайша Астанада тұратын, ұрлықты кәсіп қылған екі қылмыскер қолға түсті. Бұдан бұрын да талайды зар қақсатқан қылмыскерлердің үстінен іс ашылып, тергеу абақтысына қамалды.
Целиноград аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция майоры Ермек Медеубаев балаларға өз қолымен бағалы сыйлық тапсырып, қылмыскерлерді ұстауға көмектескендері үшін алғысын айтты.
Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.