Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
әкім – ел ішінде ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ - АРҚА АЖАРЫ

әкім – ел ішінде ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Өткен бейсенбі және жұма күндері облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Ақкөл мен Шортанды аудандарында болып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларына назар аударып, өткен жылы атқарылған жұмыстарды пысықтады. Сондай-ақ, аудан активтеріне қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты  Жолдауынан туындайтын басты міндеттерді саралап берді.

 І. Ақкөл – әлеуеті мол өңір

Облыс басшысы ең алдымен, аудандағы «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  майлы және дәнді дақылдар  тұқымын сақтау, кептіру, тазалау кешенінде болды. Қойма сыйымдылығы  9000 тонна  көрінеді. 2011 жылы іске қосылған кәсіпорын  АҚШ мемлекетінде жасалған құрылғыларды пайдаланып келеді. Серіктестік директоры Қуаныш Рақышевтың айтуына қарағанда ұжымға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында   көмек көрсетіліп, бұл күнде кәсіпорын өз жұмысын  қарқынды жүргізіп отыр.
Бұдан кейін облыс әкімі осы серіктестіктің мал шаруашылығы кешенімен танысты. Мұнда 1069 ірі қара өсіріледі екен. Өткен жылы кәсіпорын қазіргі заманғы сиыр сауу құрылғыларын орнатыпты. Малды асылдандыру бағытын ұстанған шаруашылық ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Алдағы уақытта  шаруашылықта «Симментал» жоғары өнім беретін мал тұқымын өсіру жоспарланып отыр. 2017 жылы олардың санын 1000 басқа дейін көбейту келелі міндеттердің бірі болып табылады. Облыс әкімі мұндағы  жұмысты ұйымдастырудың жақсы жолға қойылғанын айтып, серіктестік басшыларына осы ұстанған бағыттан тайынбай еңбек ету қажеттігін тапсырды.
Еңбек орта мектебі екі тілде білім беретін оқу ордасы. Бүгінде мұнда 117 оқушы білім алуда. Мектептің барлық кабинеттері қажетті оқу  құралдарымен жабдықталған. Мәселен, өткен жылы физика кабинетіне жаңа үлгідегі құрылғылар қойылыпты. Облыс әкімі Сергей Кулагин мектеп түлектерімен кездесіп, өңірге дәрігерлер жетіспейтінін алға тартты. Сондықтан, ағымдағы жылы дәрігер мамандығы бойынша білім алғысы келетін түлектерге 120 грант бөлінгені жайлы хабардар етіп, мектеп ұжымына теледидар сыйлады.
Одан соң өңір басшысы Ақкөл қаласындағы №1 бала бақшаны аралап, бүлдіршіндерді тәрбиелеу жа-йына назар аударды. Бүлдіршіндерге ойыншықтар мен теледидар тарту етті.  Тәрбиеленушілер де өз кезегінде би билеп, ән шырқады. Ауданда бала бақшаға бару үшін 673 бала кезекте тұрған көрінеді. Облыс әкімі бұл мәселені түбегейлі шешу қажеттігін  қадап айтты. Алдымен, осындағы  140 орындық сәбилер үйіне жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған бүлдіршіндердің санын азайтуға күш жұмсалмақшы.  Өңір басшысы кейін шілде айында қолданысқа берілетін бала бақшаға тағы да сонша баланы орналастыру басты міндеттердің бірі деген ойын тарқатты. Ал, іргесі сонау 1971 жылы қаланған №2 Ақкөл орта мектебінде 2012 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мектеп директоры Гүлжамал Нұрова кездесуде білім ошағының әлеуметтік жағдайы жақсы екенін айтты. Сергей Кулагин мұнда да мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, таңдаған мамандықтары жайлы сұрастырды. Сондай-ақ, мектеп ұжымына теледидар табыс етті.
Индустрияландыру картасына кіретін «КазЛес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көптен бері ағаш өңдеумен айналысады. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – ағаш өңдеу өндірісін жандандыру және нарыққа бәсекеге қабілетті жиһаздарды ұсыну болып табылады. Оның қуаттылығы 5000 шаршы метрді құрайды. Серіктестік республиканың орман шаруашылығы бойынша вертикальды біріктірілген бірден-бір компания. Өңір басшысы ұжымның қазіргі даму жағдайын сараптап, оған оң бағасын берді.
Осыдан кейін Сергей Кулагин Ақкөл қаласындағы №1 балалар үйіне барды. Мұнда 108 бала тәлім-тәрбие алуда. Балалар үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет көрінеді. Облыс әкімі бұл мәселені жеделдете шешуді тапсырды. 
Сапар соңында аудандық мәдениет үйінде өткен активте  аудан әкімі Теміржан Едігенов  өңірдің  тыныс-тіршілігі жайлы хабарлама жасады. Ол Индустрияландыру картасы бойынша бес жоба қолға алынғанын сөз етті. Сондай-ақ, аудан туризм саласының дамуына қолайлы аймақ болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар да жанданатын болады. Ең басты мәселелердің қатарына енетіндер ішінде  мектептердің барлығының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім ордалары күрделі жөндеуден өткізілмекші. Өңір басшысы Сергей Кулагин ауданды көркейту мақсатында әлі де болса едәуір жұмыстар атқару қажеттігіне тоқталды.
– Ауданда жаңа кәсіпорындар бой көтеріп келеді. Біздің мақсатымыз олардың жұмысына жаңа серпін беріп,  ауданда шағын және орта бизнесті дамытуымыз қажет. Аудандағы әлеуметтік нысандарды назардан тыс қалдырмай, оларды қалыпқа келтіру мәселесін жан-жақты ойластыру басты міндет. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсейік. Бұл атқарылған жұмыстың негізгі көрсеткіші болмақ, – дей келе Сергей Кулагин облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен марапаттады, аудандық орталық ауруханаға жаңа жедел жәрдем автокөлігінің кілтін табыс етті.

ІІ. Шортандыда өркендеудің мүмкіндіктері зор

Облыс әкімі жұмыс сапарын Шортанды ауданындағы Төңкеріс стансасында орналасқан «Turan Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастап, табиғи тастардан жасалған бұйымдарды тамашалады. Бұл кәсіпорынның алғаш іске қосылып тұрған сәті екен. Серіктестік ресми түрде өз жұмысын бір айдан кейін бастамақшы. Шығарылған өнім Астана қаласындағы құрылыс кешендері мен ЭКСПО-2017 нысандарына жіберілмекші. Ал, шикізатты Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары мен Иран мемлекетінен алдыртады. Атқарушы директор Мұрат Мұрдинов жобаны өз қаражаты есебінен бастағанын айтып, бастаманы әкімдік бірден қолдағанын тілге тиек етті. Айта кетерлігі, бүгінде өндірісте 16 маман жұмыс істесе, алдағы уақытта жұмысшылар санын 60 адамға дейін көбейту көзделіп отыр.
Облыс әкімі Сергей Кулагин одан соң Дамса ауылындағы  Шортанды қарттар мен жалпы үлгідегі мүгедектерге арналған мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемесінде болды. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен және «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мекеменің материалдық-техникалық базасына көңіл толады. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Бұл күнде осында отыз үш қария тұрады. Өңір басшысы олардың бөлмелеріне кіріп,  хал-жағдайларын сұрастырып білді. Мекеме әкімшілігі бір бөлмеге бес адамды орналастырғандықтан қарттар орыннан таршылық көріп отырған көрінеді.  Бөлмедегі адам санының көптігіне наразылығын білдірген облыс әкімі сол жерде мекеме жанында орналасқан дәрігерлік амбулатория ғимаратына қарттарды көшіруді тапсырып, дәрігерлер үшін жаңа нысан салу қажеттігін алға тартты.
Осыдан кейін өңір басшысы Петровка ауылында орналасқан «Айгөлек» бала бақшасын аралап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді оқыту жайын сұрастырды. Оқу мекемесінде 70 бала тәлім-тәрбие алуда. Педагогикалық ұжым мектепке дейінгі балаларды оқытып, тәрбиелеу және таным қабілеттерін дамытуға ерекше мән беруде. Алайда, оқыту бөлмелері тиісті дәрежеде жылынбайтын көрінеді. Осы жайға қаныққан облыс әкімі жауапты тұлғаларға мектепке жаңа жылу қазандығын орнатып, балаларға жақсы жағдай жасау жайлы міндеттер жүктеді. Бүлдіршіндерге плазмалық теледидар тарту  етті.
Петровка орта мектебінде бұл күнде 183 оқушы білім алуда. Олардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында  лингофонды-мультимедиялық кабинет жұмыс істейді. Облыс әкімі «Петровское» акционерлік қоғамының бас құрылтайшысы Эрвин Шварцтен осы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол ұшын беруді сұрады.
Ауылдағы «Петровское» акционерлік қоғамының мәдени-демалыс орталығын аралаған соң, өңір басшысы «Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал шаруашылығы кешенімен танысты. Шаруашылық сүт және ет өндірумен айналысады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 692 тонна сүт және 64 тонна ет өндіріліпті. Серіктестіктің машина-трактор шеберханасының жұмыс қарқыны жоғары екен. Кәсіпорында қосалқы бөлшектер жеткілікті. Олар  ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуді өз күштерімен атқаруға мамандандырылыпты. Агроном Василий Ганжа шеберханада тайланған сабанды жағатын пеш құрастыру жайын айтты. Сабан жанғанда күл мөлшері аз болады екен. Күніне ғимаратты жылыту үшін 6-7 тайланған  сабан жеткілікті көрінеді. Бұл көмірге деген қажеттілікті біршама азайтады. Облыс әкімі Сергей Кулагин өндіріске осындай жаңашылдықтарды енгізу жақсы нышан екенін айтып, шеберханашылар  жұмысына сәттілік тіледі.
Ал, «Полимер-Пласт» жауап-кершілігі шектеулі серіктестігінің негізгі қызметі полиэтилен өнімдерін жасау болып табылады. Оған  пакет және басқа да он бес түрлі өнім жатады. Кәсіпорынның іске қосылғанына бір жыл  болса да, бүгінде өндіріс саласында үлкен серпіліс байқалады. Жобаның жалпы құны 162 миллион теңгені құрайды екен.
Сапар соңында аудандық мәдениет үйінде өткен актив кеңесінде аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова өңірдің өткен жылғы жетістіктері жайында баяндама жасап, ағымдағы жылы атқарылуға тиісті  міндеттерге де кеңінен тоқталды.
Өңір басшысы Сергей Кулагин шағын және орта бизнесті дамытудың амалдарын қарастыруды міндеттеді.  Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында батыл іс-қимыл таныту қажеттігін сөз ете келе, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік  үлес қосқан азаматтарды Құрмет грамоталарымен марапаттады  және аудандық орталық ауруханаға жаңа жедел жәрдем автокөлігінің кілтін тапсырды.

Ырысгүл АШУОВА,
«Арқа ажарының»
арнаулы тілшісі.

Көкшетау – Ақкөл – Шортанды – Көкшетау.

Суреттерді түсірген
Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар