Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бастрымовкада тұрмыс жақсара түсуде - АРҚА АЖАРЫ

Бастрымовкада тұрмыс жақсара түсуде

Лесное селолық округінің әкімі Андрей Ким Бастрымовка селосының тұрғындары алдында қорытынды есеп беріп, алдағы ауқымды істерді саралады.

Алдымен, «Сандықтау» серіктестігінің кеңсесінде орналасқан балаларға арналған шағын орталыққа бас сұғып, бүлдіршіндердің жағдайымен таныстық. Мұнда әзірге 10 бала тәрбиеленуде. Оның іші мұнтаздай таза, жарық әрі жылы екен. 
Ал, Лесное селолық округіне қарасты Бастрымовка селосында өткен  әкімнің жылдық қорытынды есеп беру кездесуіне «Сандықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жамул Мусханов пен ауыл тұрғындары қатысты. Андрей Ким өз сөзінде Лесное селолық округіне 5 елдімекен қарайтынын, тұрғындардың жалпы саны 1450 адамды құрайтынын айтып өтті. Оның ішінде, жұмысқа жарамды 725 адам болса, 254-і зейнеткер.  Ауыл шаруашылығы саласында 344 адам еңбек етуде. Ал, Бастрымовкада 44 отбасы ғана бар. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық хал-ахуалын жақсарту мақсатында селолық округ әкімі өткен жылы бірқатар игі істердің атқарылғанын тілге тиек етті. Мәселен, тұрғындармен кездесулер және  жиналыстар өткізіп, мал бағу, тұрмыстық ахуал, төтенше жағдайлардың алдын алу, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы кеңінен талқыланыпты.
– Қазіргі таңда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда. Округке қарасты барлық елдімекенде медициналық пункттер бар. Лесная орта мектебі мен Михайловка бастауыш мектебінің оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ,  Лесное селолық округінде ауыл шаруашылығымен айналысатын «Балкашин мал тұқымын асылдандыру зауыты», «Сандықтау», «Граниковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істеуде. Бұларда орташа жалақы 60-70 мың теңгеден. Округте әрқашан тұрғындарға демеушілік көмек көрсетіледі. Осы орайда, «Сандықтау» серіктестігінің қолдауымен Бастрымовкада шағын орталық ашылды. Бұл өткен жылы ауыл тұрғындарының өтініші болатын, – деді селолық округ әкімі Андрей Ким. Сондай-ақ, ол өз сөзінде өткен жылы 537 миллион теңгенің екі жобасы қолға алынып, Лесное селолық округінде 16 шағын бизнестің өркен жайып отырғанын жеткізді. Лесное-Михайловка, Граниковка-Бастрымовка бағытындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елдімекендердің ішкі тазалығына да аса жоғары мән беріледі екен.
Тұрғындармен кездесу барысында округ әкімі алдағы іс жайын айтып өтті. Ол ауылдардағы зираттарды қалыпқа келтіру мәселесіне арнайы тоқталып, ауыл тұрғындарын бұл іске бірлесе атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, жергілікті билік өкілі ретінде бірқатар әкімшілік-қылмыстық заңдар талабын тұрғындарға хабардар етті.
 Өз кезегінде бастрымовкалықтар айтарлықтай күрмеуі қиын мәселе жоқ екендігін баяндады. Тек, су құбырлары жаңартылса дейді. Өйткені, бұл ауылға су тасымалданатын көрінеді. Ауыл тұрғындары нан кешіктірілмей жеткізіліп, үй телефондары мен  ұялы телефон байланысы ретке келтірсе екен деген тілектерін алға тартты. Қорытынды есеп соңында округ әкімі бұл мәселелердің барлығы шешілетінін айтып, уәде берді. Ауыл тұрғыны, 4 баланың анасы Ольга Махина жаңадан ашылған шағын орталықтың іске қосылғанына дән риза. Өйткені, 3 жастағы ұлы Роман  енді осында барып жүр. Жалпы, жағдайымыз жақсы, істеген адамға жұмыс та бар деді. Өзі үйде, бала тәрбиесімен айналысса, күйеуі «Сандықтау» серіктестігінде механизатор. Күйеуінің ай сайынғы жалақысы мен көп балалы ана ретінде үкімет тарапынан алатын жәрдемақысы күн көрулеріне жеткілікті екен.
Селолық округте кәсіпкерлік те жақсы дамуда. Оған Лесное селосында жаңадан бой көтерген үлкен «Пик-2» сауда дүкені дәлел. Жеке кәсіпкер Наталья Панина алты адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сатушылардың ай сайын алатын жалақылары шамамен 35 мың теңге. Бұл дүкенде азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлар сатылуда.  Жалпы, бұл жиыннан ұққанымыз округке қарасты бес елдімекеннің де жағдайы жаман емес көрінеді. Дегенмен де алда атқарылар шаруалар да жеткілікті. Барлығымыз да ауылдардың гүлденгенін көргіміз келеді. Өйткені, гүлденген ауылдың тұрмыс-тіршілігі де шат-шадыманға толы болмақ. Осы орайда, «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Бұл күндері қалыпты тұрмыс-тіршілікпен өмір сүріп жатқан округке қарасты тұрғындардың ертеңгі күнге сенімдері зор. Біз де табиғаты әсем Сандықтау ауданының бір өңіріне қоныстанған Бастрымовка селосынан осындай үмітпен аттандық.

Түс ауа аудан әкімдігіне барғанымызда, тағы бір кездесудің куәсі болдық. Аудан әкімі Ербол Сағдиев бірқатар серіктестік басшыларын қатыстыра отырып, Калачи селосының 19 тұрғынымен кездесу өткізді. Онда ұйқы ауруына душар болған калачиліктерді көшіру мәселесі қарастырылды. Серіктестік басшылары оларды қанатының астына алып, бірқатарын тұрғын үй және жұмыспен қамтамасыз ете алатындарын айтты. Оның ішінде, «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Амангелді Оразалин механизатор, жүргізуші мамандарын қалап отыр. Қоныс аударушыларға жемшөп, отын-көмірмен көмек көрсетілетіні және ай сайын жалақымен қамтамасыз етілетіні жөнінде байыпты сөз болды. Өзге елдімекендер тарапынан да мал дәрігері, зоотехник, ұстаз, тәрбиеші, жүргізуші, механизаторларға сұраныстың бар екенін аңғардық.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар