Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Бала дауысы» жобасында Алтынай топ жарды - АРҚА АЖАРЫ

«Бала дауысы» жобасында Алтынай топ жарды

 

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен «Бала дауысы» балалар ән байқауының облыстық іріктеу кезеңінде жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанған он жасар Алтынай Әйтен Алатаудың баурайындағы «Жұлдызды арман үйіне» жолдама алды.

 

Бұл ауқымды шараны Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырды. Аталған қордың шығармашылық тобы 2015 жылы халықаралық «Бала Тюрквижн» байқауын өткізіп, өткен жылдан бастап балалар ән байқауын жүзеге асыруға бағытталған «Бала дауысы» авторлық жобасын қолға алған еді.  
– Байқаудың басты мақсаты  –  балалардың ән айтуға деген қызығушылығын арттыру, өнер жолындағы шығармашылығын дамыту және оларға қолдау көрсету, сонымен бірге, балалардың музыкалық білім алуына және тәрбиесіне қоғамның назарын аудару, жалпы, адамдық құндылықтарды ашу мен дамыту, – дейді ұйымдастырушылар.
– Мен бұл жобаға былтыр қатысқанмын. Өкінішке орай, ағылшын тілінде ән орындай алмадым. Сол себепті, продюсер маған келесі жылы дайындалып кел деді. Міне, биыл тағы келіп тұрмын. Бәріне сәттілік, ал, өзіме жеңіс тілеймін, – деді іріктеудің бірінші кезеңінен сүрінбей өткен Целиноград ауданының Тайтөбе ауылынан келген Даяна Ділдәбекова.
– Немерем Гүлнұр Мұстафа 10 жас-
та. Ән айтады. Қазір Зеренді музыка мектебінің Шағалалы ауылындағы филиа-
лында вокал сабағынан дәріс алып жүр. Бірінші кезеңнен өтті. Былтыр Алматы қаласында өткен «Рауан» байқауында бірінші орын алған еді. Осы байқаудан да үміт күтіп отырмын. Жалпы, осындай байқаулардың көп болғаны дұрыс. Шалғай ауылдарда да өткізілсе деген ұсынысым бар. Таланттардың көбі ауылдан шыққан ғой, – деді зеренділік Сәуле Әбдірісова.  
Ағымдағы жылдың 13 маусымынан бері еліміздің барлық аймақтарында жеті мен он үш жас аралығындағы балалар арасында өтіп жатқан жобаның іріктеу кезеңі аяқталуға жақын. Әр өңірге жұлдызды тәлімгер атанатын эстрада әншілері барып, болашағынан үміт күттіретін, бойында таланты мен талабы зор балдырғандарды таңдап алуда. Осыған дейін Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 3 мыңнан астам бала қатысып, әр өңірден бір жеңімпаздан анықталатын жобаның аймақтық іріктеу кезеңі біздің облыста да өз мәресіне жетті. Қазақстанның танымал эстрада әншісі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Маржан Арапбаева ақтық сынға қатысқан балалардың ішінен жеңімпазды анықтау, жүзден жүйрікті таңдап алу қиын болғандығын жасырмады.
– Көкшетау қаласы шағын болғанымен, жүздеген бала келіп, өнер көрсетеді деп ойламаппын. Әрине, таңдау оңай болмады. Осында балаларға арналған музыка мектептері бар шығар. Өйткені, балалар вокал жағынан бірінен-бірі асады. Дайындықтары мықты, өте ұнады. Ақтық сында сегіз баланың қайсысын таңдарымды да білмедім. Тіпті, бір әнді әрқайсысына кезек-кезек орындаттым да. Егер осы сегіздікті біріктіріп, бір топ құраса мықты ұжым шыққалы тұр. Алтынайға сенім артамын. Байқауда бірге жеңеміз, мен қателескен жоқпын деп ойлаймын, – деді жұлдызды тәлімгер.
«Бала дауысына» қатысушылар – кішкентай әртістер, сондықтан, оларға тек бала деп қана емес, ертеңгі болашақтағы сахнаның жұлдыздары деп қарауымыз керек шығар. Олардың сахналық әдебі, актерлік шеберлігі, вокалдық қабілеті, киім киісі мен жүріс-тұрысы барлығы ескерілетін жобаға арнайы музыка мектебіне қатысатын балалар көптеп келген екен. Қазір баланың қабілеті мен талантына орай, ата-аналар кез-келген үйірме мен мектепке балаларын беруге болатын заман ғой. Оған әрине, қуанамыз. Өнерімен жоба ұйымдастырушыларын баурап алған Алтынай Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосының №1 орта мектебінде оқиды. Бүлдіршіннің кішкентайынан ән айтуға деген қызығушылығын байқаған анасы, ән сабағының мұғалімі Дина Қабылтайқызы оны Көкшетау қаласындағы балалар шығармашылығы үйіндегі талай өнерпаздарды өнерге баулыған тәлімгер ұстаз Әридаш Хамзина жетекшілік ететін вокал тобына білімін ұштауға берген. Талай республикалық, халықаралық байқаулардың, фестивальдердің лауреаттары мен жеңімпаздарын үкілеп шығарған Әридаш Жараспайқызының тәрбиеленушісі Алтынайдан да күтер үмітіміз мол.
Еліміздегі ең мықты деп танылған аталмыш жоба – «Бала дауысының» жеңімпазы әйгілі Диснейлендке жолдама алады және Қазақстандағы алдыңғы қатарлы музыкалық оқу орнында білім алу грантына ие болады.
Аймақтардағы іріктеу кезеңдері толығымен аяқталғаннан кейін 25-ші маусым мен 15-ші шілде аралығында жеңімпаздар Алматыда «Бала дауысы» музыка мектебінде білім алады. 1 қазаннан бастап, финалдың соңына дейін «Бөбек» ұлттық орталығының базасындағы «Бала дауысы» Жұлдызды арман үйінде ақтық сынға дайындалады.
– «Бала дауысын» мен жеңемін! «Жұлдызды арман үйі» күт мені, – деген бүлдіршіннің тележобаға беріп жатқан сұхбатын тамашалап тұрып, «Алтынай жұлдызың жансын!» дедік біз де сырттан шынайы шаттық пен балғын балалықтың бақытты сәтін сезініп тұрған болашақ әншіге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар