28 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Ақмола өңірінен үміткерлердің бірі Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков. Сайлау қарсаңында Дәурен Зекенұлының өмір жолы, қалыптасу кезеңдері, қызметтегі сатылап өсуінің қыры мен сыры, Ақмола облысының дамуы туралы көзқарасын білуді жөн көрген едік.
– Дәурен Зекенұлы, Сіз еңбек жолыңызды қатардағы қарапайым қызметкерден бастап, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына дейін жоғарыладыңыз. Мұның бәрі өмір мектебі десе де болады. Осы өткен жолыңыздың ең негізгі кезеңдеріне тоқталып өтсеңіз.
– Мен 1974 жылы Алматы энергетикалық институтына түскенмін. Сол уақытта бағалары тәуір түлектерді республикадан тысқары жерлердегі жоғары оқу орындарына қабылдау қатар жүріп жатқан. Өтініш жазып едім, комиссия қарап, Новосибирск электротехникалық институтына қабылданғанымды айтты. Өте сапалы білім алғанымды уақыт өте келе түсіндім. Бұл алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болатын. Біз Волгоградта, Саратовта, Ленинградта, Москвада, тағы басқа ірі қалаларда, жобалау институттарында, өнеркәсіп, кәсіпорындарда тәжірибеден өттік. Республикадан тысқары жерде оқығандар қайтып келгенде жолдамамен Қазақ ССР жоғары оқу министрлігіне жіберілді. Сол мекеменің ұйғарымымен мен Алматыға қайтып оралдым.
Еңбек жолымды кәсіпорында шебер болып бастап, он жыл ішінде барлық сатылардан өттім. Аға шебер, цех бастығы, бас инженер, жолаушылар тасымалдау кәсіпорнында бес жыл директор болдым. Әртүрлі адамдармен жұмыс істеп, тіл табысып үйрендім. Олардың қатарында қарапайым жұмысшы, инженер-техникалық мамандар, комсомол, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері бар. Алдағы жұмыстарымда мен сол жиған тәжірибемнің пайдасын көрдім.
1989 жылы жас коммунист (партия органдарының кадрлық резервінде тұрғанмын) ретінде Алматы қаласы Совет ауданының жергілікті атқару комитетіне ауыстым. Аудан басшысының орынбасары, бірінші орынбасары болып қызмет істедім. Ал, арада бес жыл өткеннен кейін Қазақстанның кәсіпкерлер Конгресі атынан 13 шақырылған Жоғарғы Кеңес депутаттығына кандидат болып тіркелдім. Бұл кәсіби Парламенттің алғашқы сайлауы болатын. Сайлауалды насихат жұмыстарын жүргізуден тәжірибе жинақтадық, әр кандидаттың бағдарламасы сараланды, тұрғындармен кездесулер өтті…
– Парламенттегі қызмет несімен есте қалды? Ол тәжірибеңіз осы жолы Сенатқа депутат болып сайлансаңыз көмегін тигізе ме?
– Бәрі де есте ғой. 1994 жыл, Кеңес Одағының тарауы…Қоғамдық-саяси ахуал жайлы емес еді. Дегенмен, қызметіме байланысты мен өз ауданымның тұрғындарының ушыққан мәселелерімен таныс едім. 12 үміткердің ішінен сайландым. Біз 177 депутат едік. Бұлар бәрі бірдей шенеуніктер емес, әртүрлі деңгей-дәрежедегі адамдар болатын. Тартысты Парламент болды…
Жоғарғы Кеңесте мен кәсіпкерлікті дамыту комитетінің бір саласының жетекшісі болдым. «Тауар биржасы туралы» заң жобасын дайындауға атсалыстым. Жаңа заң құру жөніндегі сол тәжірибем болашақта пайдаға асады деп ойлаймын. Оған қоса депутат-әріптестеріммен араласа жүріп көпшілік алдында сөйлеуге, өз көзқарасымды дәлелді жеткізуге үйрендім…
ҚР Парламенті Сенатына сайлана қалсам сол жиған тәжірибелерім демеу болары сөзсіз. 1994 жылға қарағанда өмірлік тәжірибе бар, бірнеше өңірде тұрғындармен қызмет істегенім зая кетпес. Өңірдің экономикасы, проблемаларымен, оларды еліміздің жоғарғы құқықтық органында шешудің жолдарымен таныспын.
– Соңғы жиырма жылға жуық уақытыңыз Көкшетаумен, Ақмола облысымен байланысты. Алғашқы әсеріңіз қандай болып еді?
– Ол кез – 1997-1999 жылдар Көкшетау үшін өте күрделі кезең болатын. Соған қарамастан ешқашан келгеніме өкінген емеспін. Тағдыр мені танымал қоғам қайраткерлері, саяси тұлғалар, ғалымдар, ауыл шаруашылығы мамандары, ірі шаруашылық басшылары, меценаттармен жолықтырды. Атап айтар болсам, олар Баян Жанғалов, Ибрагим Жанғоразов, Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев, Кожахмет Балахметов, Сәкен Жүнісов, Қапаш Құлышева, Иван Сауэр, Батырбек Уәлиевтер…
– Қалай ойлайсыз, Көкшетаудың ел астанасына жақындығы, астаналық облыс орталығының Көкшетауға көшірілуі біздің өңіріміздің дамуына, оның тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына игі әсер етті ме?
– Елбасының Көкшетауды Ақмола облысының орталығы етіп шешім қабылдауы дамуымызға сер-пін берді. Біріншіден, Көкшетау астаналық өңір болғандықтан бизнес ашуға қолайлы. Екіншіден, Ақмола облысы Астананың азық-түлік белдеуіне кіретіндіктен экономикалық тұрғыда өрістеуіне мүмкіндік мол. Біз өз кезегімізде Елбасы сенімін ақтауға тырысудамыз. Астананың тұрақты, сенімді азық-түлік белдеуін құруға өзге облыстармен біріге отырып, елеулі үлес қостық. Қалалықтардың демалуына қолайлы жағдай ұсынудамыз. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту бағытында үлкен жұмыс жүруде. Астана маңайындағы жиырма елді мекеннің проблемалары шешіліп, бас қаламызды айнала демалыс аймақтары құрылуда. Оның үстіне ақмолалықтар үшін Астана тауар өткізетін, азық-түлік жеткізіп, қызмет көрсетумен айналысуға болатын үлкен рынок. Бұл мүмкіндікті біздің кәсіпкерлер тиімді пайдаланып отыр.
1990 жылдар Көкшетау қаласы үшін жылу, электрмен қамту жөнінен өте күрделі болды. Облыс орталығы атанғаннан кейін Үкіметтің қолдауымен жылу беру жүйесін жандандыруға мүмкіндік туды. РК-2 бу қазандығына күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша қазандық құрылысы қолға алынды. Күні бүгінге дейін ол қазандықтар қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге жарап тұр. Жолдарды жөндеу жөнінен де көп іс атқарылды. Облыс орталығы, аудан орталығы көшелерін, Щучинск, Степногорск қалаларын жарықтандыру бағытында
ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылды. Ол жұмыстар қазір жалғасын табуда.
Бүгінгі таңда облыс әкімі Мәлік Мырзалин жылу электр станциясын салуға баса көңіл бөліп отыр. Ол құрылыс екі кезеңмен жүзеге асады. Жаңа басшының бұл жобаны жүзеге асырарына сенімім мол. Мүмкіндігі мол инвесторлар бар, келер жылы конкурстар қорытындысы бойынша әлдебір нәтижелер көретін шығармыз деп ойлаймын.
– Сіздің тәжірибеңіз кейбір заңдар мен оның тармақтары актілерінде әлі де жетіспеушіліктер бар екенін аңғартатын шығар. Өзіңіз қандай мәселелерге көңіл аударар едіңіз?
– Заңдар оның орындалу механизмдері ескеріліп шығарылуы керек деп ойлаймын. Оны дайындап, ұсынатын депутаттар мәселенің түп-тамырына мықтап дендегені жөн. Мәселенің түйіні осы жерде. Демек, депутаттың тек білімі ғана емес, өмірлік тәжірибесі де болуы керек. Мәселен, бүгінгі таңдағы маңызды мәселенің бірі – Салық кодексіне өзгертулер мен қосымшалар енгізу. Бұл жерде бизнестің мүмкіндігі ескерілуі тиіс. Біз үшін ауыл шаруашылығына салық салу жүйесінің талаптары маңызды. Оны тиімді етіп шығару үшін ауыл шаруашылығы саласында, өнеркәсіпте, тұрмыстық қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен көбірек кездесіп, пікірлесу дұрыс. Айта кетер болсам, ондай маңызды кездесулердің бірі шілде айында облысымыздың Целиноград ауданында өтпек.
– Сіз 15 жыл бойы облыс әкімінің орынбасары болдыңыз. Бұл уақыт ішінде бірнеше басшы өзгерді. Осыншама уақыт бойы тіл табысып жұмыс жасау оңай емес тәрізді. Сіздің бұл жетістігіңіздің сыры неде, кімдерден үлгі алдыңыз?
– Үлгі аларлық аға буын өкілдері, шаруашылық басшылары, партия-кеңес жұмысы мектебінен өткен жандар жетерлік. Атап айтсам Досбол Жанғалов, Владимир Гарт-ман, Сергей Кулагин, Сергей Дьяченко… Бизнестің не екенін, оның қалай жұмыс жасайтынын білетін орта буын өкілдері де жеткілікті. Бұл жерде Альберт Раудың есімін атар едім. Ол қала басшысы, облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі лаузымдарын атқарып, жаңа жағдайдағы экономика дамуында бизнесті өрістете алды. Аз уақыт болса да, Қайрат Қожамжаров облыс экономикасында елеулі із қалдырды. Әрбір әкіммен жұмыс істей жүріп өзім үшін олардың әрқайсысынан қажетті білім мен білік ала алдым дер едім. Әркез, кез-келген басшымен тиімді жұмыс істеу үшін өз ұстанымың, көзқарасың, өз пікірің, өз жолың болуы керек, сонда ғана жаңылмайсың деп ойлаймын.
Серік Жетпісқалиев.
Кандидаттың сайлау қорынан төленді.