Адам капиталының негізі – сапалы білім. Білімді адам еңбек нарығында аса қажет және оның жұмысы қашанда тиімді. Халқының білімі жоғары пайызға ие болғанда ғана, мемлекет жаһандық тартыстарға төтеп бере алады.
Сондықтан, жастардың білім алуы үшін инвестиция құятын болсақ, болашақта оның берері мол. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде осы мақсатта «Нұр Отан» партиясының «Нұр Арман» партиялық арнайы жобасын жүзеге асыруға қайырымдылық білім гранттарын бөлу қажеттігін атап өткен болатын.
2016 жылы жобаға біздің облыс мектептерінен қатысқан екі оқушы республика бойынша бөлінген «Нұр Арман» білім грантына ие болған тоғыздықтың құрамына енді. Олардың бірі – Көкшетау қаласының №1 орта мектептің түлегі Данияр Рақымов. Ол қазір Қытайдың Нанкин қаржы және экономика университетінде білім алуда. Ал, екінші грант иегері Диана Әбікеева. Ол Сандықтау ауданының Балкашин №1 орта мектебінің түлегі. Бүгінде Малайзия мемлекетінің Сайберджая қаласындағы Лимкоквинг университетінде оқып жүр.
«Нұр Арман» жобасы халық арасында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан талантты, болашағынан үміт күттіретін жастарды, атап айтқанда, шетелдің жоғары оқу орындарына бакалавриат бағдарламасы бойынша өз күштерімен түскен және тек қана қаржылай көмекті қажет етіп жүргендерді қолдауға бағытталып отыр. Партияның міндеті – талантты жастарға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында сапалы білім алулары үшін мүмкіндікті ұсыну.
Жобаға мектептердің, колледждердің жасы 21-ге дейінгі, әлеуметтік көмекті қажет ететін түлектері қатыса алады, ондай топқа жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алатындардың отбасынан шыққан, көп балалы немесе толық емес отбасылардың балалары жатады. Төрт жыл ішінде әр жыл сайын бакалавриат және «Foundation» даярлық бағдарламасына 20 гранттан бөлу жоспарланып отыр. Оларды қаржыландыру «Нұр Отан» партиясының есебінен жүргізіледі. Грант төрт жылдық оқу мерзімін, яғни, оқу құнын, ай сайынғы медициналық сақтандыруды, жол-көлік шығындарын өтеуді және визалық қолдауды қамтиды. Жобаға қатысушыларға оқу гранттарын партия жанынан құрылған арнайы комиссия іріктеп, бөледі. Жобаға ағымдағы жылдың шілде айына дейін қатысуға болады. Оны «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебі жүзеге асырады. Жобаға қатысты қызығушылық танытып, сұрақтар туындайтын болса, облыстық, қалалық, аудандық және аумақтық бөлімшелерге хабарласып, толық ақпарат ала аласыздар.
Саян БАЛПАНОВА,
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі.