Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлт бағына жаралған жан - АРҚА АЖАРЫ

Ұлт бағына жаралған жан

Қазақтың қаһарман ұлдарының бірі Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі жайлы түрлі кітаптарда, газет-журнал беттерінде аз жазылған жоқ.

Батырым, Мәлік, беренім,
Жүйрігім, озған өренім,
Халқы сүйген қалаулым,
Жырымды саған төгемін, –

деп қарт жырау Жамбылдан басталған жырменен Мәлік бейнесін сомдау үрдісі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Сол арқылы батырдың тұлғасы әлденеше ұрпаққа етене таныс. Сегіз қырлы, бір сырлы Мәлік Ғабдуллиннің өмірлік ұстанымы туған халқына аянбай қызмет ету болды. Мұны оның көптеген хаттарынан, жалынды баяндамаларынан анық көреміз.
Ол жастайынан туған халқының ерлік рухын жадына тоқып, бойына сіңіріп өсті. Осы бір өр рух оны майдан шебінде хас батырға айналдырды. «Немістің қоршауындағы ұрыс үстінде Наурызбайдың батырлығы, өрттей жалындап, батыл, тұтқиыл шабуыл жасайтын оның қаһармандығы көз алдымда тұрады», – деп жазады Мәлік батыр майдан жазбаларында.
Біздің әңгімеміз Мәлік Ғабдуллиннің соғыс жылдарында жазған хаттары мен қолжазбаларындағы ұлттық рухты ұлықтау, намысты жоғары ұстау, қазақ тілі мен әдебиетін, мәдениетін дамытуға бағытталған ойлары туралы болмақшы. Мәлік Ғабдуллин терең мазмұнға толы хаттарында ұлт зиялыларымен ой бөліседі, майдангерлердің түрлі мәселелері бойынша билік өкілдеріне хаттар жазып, ондағы проблемалардың дұрыс шешімін табуына атсалысады, жауынгерлерді батыр бабалары туралы өршіл жырларымен қайраттандырады, жігерлерін жаниды. Сол үшін де Мәлік Ғабдуллинді қаруластары жақсы көрді.
Мәлік батырдың бойындағы осыншама бұлқына буырқанған ерлік рух турасында қазақтың қаһарман ұлы, қарулас досы Бауыржан Момышұлы былай деп жазған екен: «Ең алдымен, ол ел алдындағы азаматтық борышын тереңнен тебіреніп ұғынған азамат. Ар үшін арпалыс кезінде ажалмен бетпе-бет келіп, ол нағыз әскери тәлім алды. Шын мәніндегі қоян-қолтық шайқастың офицері атанып, абыройы көтерілді. Ол тек творчестволық ойлаудан туатын жай. Соны күн нұрындай бойына сіңірген ол педагог болды, көз жұмғанша оның осы асқақ тұғырдан, жас ұрпақты тәрбиелеу тұғырынан түскенін көргеніміз жоқ. Осылай болуға оның өзінің де көп дайындығы бар еді. Ол ғылымның сан тарауынан хабардар болатын. Бұл біліктілігі алғы шепте үлкен үгітші болып, үлкен істерге ұйытқы болуына көп көмектесті. Оның түп тамыры тереңде еді. Жөргегімен сіңген қасиет шырғалаңы, шатқалы көп шақтардың елегінен екшелеп, алмастай қырланып жарқырап шыға келді. Сөйтіп, сергек ойды серік еткен ер өмірде өшпес із қалдырды, сөз де қалдырды».
Қолға қару алып, қарсы келген жаумен соғысу бір басқа да, өзі сол қоғамның бір белсенді мүшесі бола отырып, ондағы белден басулар мен өзге де әділетсіздіктер мен кемшіліктерді көріп, сезіне отырып, бұған қарсы үн қатпай қалуды өзіне мін санаған сындарлы сәттер де Мәлік Ғабдуллиннің басынан талай өткеніне оның жазба мұраларын қарастыру арқылы анық көз жеткізгендей боламыз. 1937 жылы жазықсыз жала құрбанына айнала жаздағанына қоса, ұстаздары мен қызметтес ғалымдардың бірталайы Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары «саяси сенімсіздер» қатарына жатқызылып, сотталып жатқан кезде қазақ ұлтының мәселесін көтеру үшін де үлкен жүрек керек болатын.
Кеңес жауынгерлері майдан даласында бір атаның баласындай, жұмылған жұдырықша бірлесе соғысты дегенімізбен, ерлікті дұрыс бағаламаушылықтардың, менсінбеушіліктердің де орын алып жатқандығы анық еді. Мәлік Ғабдоллаұлындай ұлтжанды офицер мұндай жағдайларға көзжұмбайлықпен қарай алмайтын. Соның бірі – Мәншүк Мәметова ерлігіне қатысты. Мәншүк Мәметованы жоғары наградаға ұсыну мәселесі көтерілгенде дивизия командирі Ленин орденіне лайық деп шешеді. Мұны естіген Мәлік Ғабдуллин КСРО Қорғаныс министрі К.Е.Ворошиловтың өзіне кіріп, мән-жайды баяндайды, сонан соң Бас штабта қызмет істеп жүрген жерінен майданға арнайы ұшып келеді. Келгендегі мақсаты да сол, дивизия командирімен қатаң сөйлеседі.
– Мәметованы Ленин орденіне ұсынғанымыз әділдік емес. Оның жоғары награда екенін білеміз, бірақ, қазақтың қаршадай қызы жігіттердің қолынан келмейтін ерлік жасады. Үкімет адамдары да бұдан хабардар. К.Е.Ворошилов мәселені анықтап келуге мені жіберді. Қажет болса, менің Алтын Жұлдызымды алыңдар!» дейді тайсалмастан.
«Ұлтының ары мен намысы үшін күрес – мылтықсыз майдан» дегеннің өзі осы емес пе?! Мәлік Ғабдуллиннің  табанды күресінің арқасында Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, есімі мәңгі құрметке бөленді.
Өткен ғасырдың  50-жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде Мәлік Ғабдуллиннің Мұхтар Әуезовке ашық хаты жарияланады. Онда сол кездегі қазақ поэзиясының даму барысына өзінше шолу жасап, оған Мұхтар Омарханұлының өз тарапынан үн қосуын сұрайды. Аңғарған адамға сол заманда бұл да ерлікпен пара-пар.
Мәлік Ғабдоллаұлының соғыс жылдары ұлт руханияты, тіл мәселесіне белсенді атсалысқандығын 1943 жылы Сәбит Мұқановқа жазған мына бір хатынан көреміз: «Мен Скворцов жолдасқа хат жаздым. Әдебиетімізге, тарихымыз бен искусствомызға байланысты біраз мәселені айттым. Оның қысқаша маңызы мынау:
1. Әдебиет шығармаларын, батырлар жырын оқығымыз, музыка тыңдағымыз, өлең айтқымыз келеді. Бұлардың майданда мәні зор.
2. Жауынгерлерге қазақтан шыққан батырлар, атақты адамдар жайында әңгіме айтамыз, халыққа қызмет етуде солардан үлгі ал дейміз. Бірақ, солар жайында жазылған, көпшілік қауымға түсінік беретін биографиялық материалдар жоқ. Сондықтан да, ол адамдар жайындағы сөздеріміз дәлелсіз, сұйық болып отыр.
3. Майданда жүрген қазақ жауынгерлерінің ішінен бірнеше Геройлар шықты. Солардың атын білгеніміз болмаса, нақтылы батырлық, ерлік жұмыстарын білмейміз. Бұл жайында кітапшалар неге жазылмайды?
4. Қазақстанды кен байлығының, жер байлығының, шаруашылықтың шарықтап өскен өлкесі дейміз. Ал, соны көрсететін кітапшалар аз.
5. Қазақ халқының тарихын білмейміз. Тарихтың жазылмауынан тамаша көп материалдар, оқиғалар ұмыт болады.
6. Қазақ арасында соғыс өнерін пропагандалау керек. Ол үшін Қызыл Армияның кейбір аспаптары, кейбір қару-жарақтары жайындағы оқу құралдарын орысшадан қазақшаға аудару керек. Әскери тактика жөнінде кітапшалар шығарылған жоқ.
7. Майданда жүрген қазақтардың бір тобы, орыс тілін білмейді. Олармен ерекше жұмыс жүргізудеміз. Ал, бұлармен орыс жолдастар жұмыс жүргізгенде көп қиыншылықтарға ұшырайды. Біріншіден, ол қазақ тілін, қазақтың әдет-ғұрпын, салтын, характерін, әлеуметтік-шаруашылық жағдайын білмейді. Сондықтан, жаңағы тіл білмейтін қазақтармен қалай сөйлесу керек екенін білмейді. Міне, сол мәселе жөнінде «Қазақ халқының әдебиеттік, шаруашылық жайы, әдет-ғұрпы, салты және характері туралы справочник» (орыс тілінде) жазылуы керек.
8. Батырлар жыры, қазақ халқының халық өнерлерінің жинағы, совет жазушыларының таңдаулы шығармаларының жинағы шығарылсын. Көп материалдар филиалдың шкафтарында шаң болып жатыр, оны жарыққа шығару керек».
Міне, бұл батылдықтың, өз ұлтын сүюдің үлгісі осындай-ақ болар. Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті, профессор Мырзатай Серғалиевтің «Мәлік ағаның қажетті жерде әділдікті ту етіп, дегенінен қайтпайтын, ойын батыл жеткізе білетін турашылдығын оның өміріндегі деректер толық дәлелдейді» деген пікірін ескерсек, айналасына мейірім шуағын шашқан қарапайым да кішіпейіл Мәлік Ғабдоллаұлы өз ұлтының ар-намысы  сыналар шақта арыстандай ақырып, қарсы келгеннің мысын баса білген Батыр тұлға ретінде ұрпақтарының жадында мәңгі жасай берері сөзсіз.

Күнсұлу МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ,
Мәлік Ғабдуллин музейі қор бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар