Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
СЕЙІТБАТТАЛ МҰРАСЫ - АРҚА АЖАРЫ

СЕЙІТБАТТАЛ МҰРАСЫ

Көкшетау өңірінен шыққан  Алаш қайраткері, жазушы, ұстаз Сейітбаттал Мұстафаұлы (1892-1937) қазақтың  тұңғыш «Алаш» саяси партиясының мүшесі болған.

Сейітбатталдың қызы Нәдияның облыстық музейге тапсырған құжаттары Қазақстан тарихы залының  «Алаш қайраткерлері – өлке тарихында» атты экспозициясында көрсетілген.  Ғұмыры шуақты да қысқа болғанымен, С.Мұстафаұлы кейінгі ұрпаққа өшпестей мұра қалдырған тұлға.

 

Сейітбаттал Мұстафаұлы 1892 жылы Көкшетау өңірінің Еңбекшілер болысына қарасты нөмір үшінші ауылда дүниеге келген. Сол кезде ауыл құрамында отыз шақты қыстау болған. С.Мұстафаның ата-бабалары Көкшетаудың Ақсары, Жанқұс, Жөкей, Қоянды, Қотыркөл, Қожағұл, Қопа, Қызылағаш, Тереңсай, Терісқыстау сияқты қоныстарын мекендеген.
1908 жылы 16 жасында Сейітбаттал түрік еліне барып, Стамбұлдағы мұғалімдік семинарияға оқуға түсіп, оны 1913 жылы бітіріп шыққаннан кейін Семей қаласында ұстаздық қызметін бастайды. Нәдия Батталқызының айтуынша: «Өз кезеңінің озық ойлы, білімді азаматы болған Сейітбаттал Қазақстанның өркениетті іргелі елге айналуы үшін ең алдымен оқу-білім қажет екендігін терең түсінген. Ол мектепте қазақ тілі, педагогика, физика пәндерінен сабақ берген». Семей қаласының мұрағатында С.Мұстафин Қазақ мұғалімдер одағының төрағасы болған деген дерек бар.
1918 жылдан бастап Сейітбаттал Мұстафин Алашорда астанасы болған Семей қаласында «Жанар» жастар алаштық ұйымының мүшесі, Алаш ұлттық педагогикалық курстарының оқытушысы болды. Алашорда үкіметі басшылардың бұйрығымен қазақ жастарын Алашорда әскерлері қатарына дайындады. Осындай істермен ол Көкшетау өңірінде де айналысқан.
1918 жылы 31 қазан күні қол қойылған құжатта Қаныш Сәтбаевпен, Мәннан Тұрғанбаевпен бірге Сейітбаттал Мұстафин да жаңа ашылған «Алаш» педагогикалық курсына мұғалім болып тағайындалғаны айтылған. Сейітбаттал Мұстафаұлы қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға да белсене қатысқан адам. Ол Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарысқан. Жай шығарушылардың бірі ғана емес, сонымен қатар, оның белсенді авторы болған. Мәселен, журналдың 1918 жылғы №4 санында «Қалай көндіру керек?» деген педагогикалық мақаласы басылған. Сонымен бірге, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің жұмысына да белсене атсалысады. Бұған оның осы басылымдарда жарық көрген «Стамбұлға саяхат», «Көшу турасында», «Бұрынғыны айтпай соңғы еске түспейді», «Қалың малдан пайда бола ма?»  деген еңбектері дәлел.
Жиырма жасында Сейітбаттал Түркиядағы Стамбұл қаласында оқып жүргенде, «Көшу турасында» атты мақаласын жазған еді. Алғашқы мақалаларының бірі саналатын бұл еңбек 1913 жылы «Айқап» журналының №4-5 санында «Сейітбаттал Аманқұли» лақабымен жарияланған. Онда «Кейбір жерлерде біздің қазақ халқының ата-қонысын тастап, алысқа көшеміз дегендері естілді. Бұл туралы бір-екі көрген, естіген ақпаратты халдерді жазғым келеді. …Оқудан босап, елге қайтып барғанымда бұлардың бірсыпырасына параходта, станцияларда жолығып, жөн-жобаларын сұрап едім. Бұлар: «Біз көшеміз деп үлкен қате іс істедік. Жәннат сияқты жерімізді қолдан шығардық» дейді. Ойлап қараңыз, шаһарда тұрып, шаһарда өскен, ойды-қырды көрген, һәм түрлі тіршілікке көнген ноғайлардың көшкен уақытта халі мынау. Жалғыз мал бағып, шөп шауып, отын жинағаннан басқа бір нәрсе көрмеген қазақтар көшетін болса, бастарына қандай халдер келетұғынын әркім білсе керек. Онда солай болған уақытында кіндігімізді кесіп, көзімізді жуған, қалмақтан қан төгіп алған жерімізді һәм ата-бабаларымыздың зиратын басқа жұрттың ішіне тастап «көшеміз» дегендер дүниеде қатын-балаларының көз жасына, қазақ халқының жоғалуына себеп болар деп ойлаймын», – деген екен. «Қалай көндіру керек?» мақаласында тәрбие жайындағы мәселе педагогикалық тұрғыдан қарастырылған. Мұнда «Алаш» мұғалімі Сейітбаттал Мұстафин былай деп жазған: «Тәрбие ғылымының тексеретін мәселелерінің бірі – баланы қалай ұстау жайы. Баланы тар соқпақпен қысып ұстап, сарбазша мойын ұсындыру керек пе, я болмаса мүлде баланың өз еркіне қоя беру керек пе? Немесе қысып та ұстамай, өз еркіне де жібермей, ортадан бір жол тұтыну лайық па?  Ескі жолмен тәрбие қылушылардың пікірі – балаға қатты тыю салып, кеш уақытта өз еркіне жібермей, теріс ісіне ылғи жаза салып отыру керек дейді. Әр кез бала осы жолмен тәрбие қылынса, бұзақылық мінезіне, жүріс-тұрысына тоқтау салса, рух сипаттары қуаттанып, ақыл мінезі түзеледі. Бұл пікір бір жағынан теріс сияқты да емес. Себебі, бала буыны қатып, бойы өспеген, ақылы ержетпеген уақытта тіпті, өз еркіне қоя берілсе, ол бала тентек, бұзақы болып, рух қуаты өспей, далдұқ-дұлдық, жаңғалақ жеңіл ойлы болатыны да рас. Бірақ, бұл таршылық жолмен ұстаудан үлкен залалдар шығады. Бала ылғи қысымшылық көріп, өз бетімен ешбір нәрсе істей алмайтындығына, істеген ісінен ылғи жапа көретіндігіне көзі жетсе, бойдағы мағнауи қуаты сынады. Олай болса, еш нәрсені басқарып істей алмайды. Ойлай алмайды. Балада табандылық, талаптылық, жігер сөнеді, өзінің үздік қасиетін жояды. Сондықтан, балаға қай жолмен болсын еркіндік беру керек. Бірақ, балаға еркіндік берген уақытта ескеретін бір мәселе бар. Ол мынау: бала араласып тіршілік қылатын өскен орта, замандас, неше түрлі адамдар болады. «Баланы – жастан» деген мысал бар. Хош, олай ету, былай ету керек дедік, осы айтылғанның бәрін балаға ылғи айтып, ұғындыру мүмкін бе? Жас бала терең сөзіне, себебіне, дәлеліне түсіне ме? Бала жалғыз-ақ: «Өйтпе, жаман болады, обал» дегенді ұғынады. …Бала айтқанды ұқпайды, көргенге еліктейді. Ендеше, балаға жақсы тәрбие беру үшін әуелі тәрбиеші (ата-ана, мұғалім, замандас) өзін түзеу керек. Қазақтың: «Үлгісі жаман, көргені жаман» дейтіні бала көргенінен ғана тәлім алатындықтан айтылған тәжірибе. «Естігені жаман, айтқаны жаман» деп айтпапты».  («Абай» журналы, 1918 жыл, №4). Сол жылдары Сейітбаттал Мұстафиннің «Имам Ғазали», «Архимедтің өнері», т.б. мақалалары «Абай» басылымында жарияланған.
С.Мұстафиннің тағы бір еңбегі – қазақтың ауыз әдебиетінің үлгілерін, әсіресе, Төле би, Қали би, Орынбай, Өскен, Шортанбай сияқты ірі шайырлардың өлең-жырларын, өсиет сөздерін, қолжазбаларын жинастырған. Осыған байланысты деректерді көрнекті өлкетанушы Қарта Қаңтарбаев өзінің «Көкше-Бурабайдың тарихы туралы» қолжазбасында қалдырған екен: «Көкшенің баурайындағы ақын-әншілерді айтарда, Біржан сал Қожағұлұлын бірінші ауызға аламыз, өйткені, осы маңда Біржан ақын-әншілердің ағасы болған секілді, әнші Байғожаның Бекахметі, күйші, өлеңші Сарының Шаңғожасы Біржанды «ұстаз ағамыз» деп айтқан бірнеше аңыздар бар. Екінші – Атығайдың тума ұлдары, майталман жорғасы, айыр көмей ақындары: Тезекбай, Әліш ақын, тағы басқалар. Әліш ақын ертеде Шернияз бен Баймағамбет сұлтанды айтыстырып, өлең етіп оны Мұстафин Сейітбаттал бастырып шығарған».
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Шернияз ақынның өлеңіне «Қыр баласы» лақабымен пікір жазған еді: «Шернияз ақын. Басқармадан. «Қазақтың өмірі, айтқан өлеңі, жоқтауы, жұмбағы, айтысы, рухани тарихы үйдің шаңырақ, кереге, уығындай мүшесі… Қазақ жұртының мәдениетін түгел жазуға өнер, әдебиет қалаған кірпіш болады. Осыны көздеп, Шернияз ақынның өлеңін басып отырмыз. Бұл өлеңнен ХІХ ғасырдағы қазақтың мінезі көрінеді. 1925 жыл. Қыр баласы». Нәдия Батталқызының айтуынша, дәл сол жылы Сейітбаттал Мұстафиннің «Шернияз» хикаясы Мәскеу қаласында жарыққа шыққан.
Сейітбаттал Мұстафин 1922-1925 жылдары Көкшетау қаласында халыққа білім беру бөлімінде қызмет атқарады. Бұл жайлы деректер Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған: №146 қор,
1 тізім, 63 іс. Мысалы, 1924-1925 жылдары. Көкшетау қаласы мен Көкшетау уезі бойынша «Ұстаздар тізімінде» Сейітбаттал Мұстафиннің есімі тіркелген және қай жерде білім алғаны жазылған: «Түркия, Константинополь қаласы (Стамбұл), Мұғалімдер семинариясы». Сонымен қатар, С.Мұстафаұлымен бірге қызмет еткен көкшетаулықтар: қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың немере інісі Ыдырыс Уәлиханов (1888 жылы туған), Көкшетау қаласының тұңғыш мұғалімдерінің бірі Нұрмұхаммед Көшімов (1882 жылы туған), «Алаш» қозғалысының қайраткері, Көкшетау уездік халыққа білім беру басқармасы қазақ бөлімінің төрағасы Біләл Малдыбаев (1890 жылы туған), ол 1917 жылы Қызылжар (Петропавл) қаласында «Алаш» комитетінің хатшысы болып, Сейітбаттал Мұстафинмен жақын араласқан. 1925-1930 жылдары Сейітбаттал Мұстафин Қызылжар қаласындағы педагогикалық техникумда ұстаздық етті. Осы тұста ол қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевпен етене танысып, пікірлес болды. Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Серкебай Бекмұхамедов, тағы басқа атақты тұлғалармен араласты. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ғалым Есмағамбет Ысмайылов, драматург Шахмет Құсайынов және басқалар С.Мұстафаұлынан сабақ алған қайраткерлер. Бұдан әрі 1930-1932 жылдар аралығында туған жері Казгородокта, (төл атауы Жанқұс) мұғалімдік қызмет атқарды. 1929-1933 жылдары Сейітбаттал Мұстафин кеңес үкіметінің ұжымдастыру науқанына қарсы белсенді түрде жұмыстар жүргізді. 1937 жылы 25 сәуір күні Степняк қаласында тұтқынға алынды. Қызылжар қаласында оған сол жылы 13 қыркүйекте «халық жауы», «Алаш партиясының әрі мүшесі, әрі үгітшісі» деген айып тағылып, «үштіктің» шешімімен атылды. Нәдия Батталқызының айтуынша, Сейітбаттал Мұстафин түріктің «Көксанжақ» романын қазақ тіліне аударған. 1937 жылы ұсталғанда Ішкі істер халық комиссариатының агенттері (НКВД) қолжазбасын алып кетіп, жоқ қылған.
1958 жылы 28 желтоқсанда Көкшетау облыстық соты Сейітбаттал Мұстафинді кінәсіз деп тауып, ақтады. Тамаша дарын иесі, біртуар азамат небары 45 жасында өмірден өтті. Оның ғұмыры қысқа болды, бірақ, кейінгі ұрпаққа сәуле шашып тұратындай жарқын да өнегелі екені күмәнсіз.
      Бибігүл СӘДУАҚАС,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар