Астана күніне орай, Көкшетау азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінде болашақ өрт сөндіру мамандарын даярлауға арналған оқу-жаттығу кешені мен қоян-қолтық ұрыс өнерінің ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.
Колледж басшысы Шоқан Қасымның айтуынша, аталмыш оқу ордасында 2009 жылдан бері «Өрт қауіпсіздігі» мен «Төтенше жағдайлар кезіндегі қорғаныс» мамандықтары ашылған. Алдағы уақытта оқу орнының білім алушылары аталмыш ғимараттағы төрт қабатты және үш жолақты өрт мұнарасында жаттыға алады. Бір ұтымдысы, бұл жер кез-келген жыл мезгілінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан шынығып, оқу мен іс-тәжірибені ұштастыруға қолайлы.
Салтанатты шарада Көкшетау техникалық институтының басшысы, өртке қарсы қызмет полковнигі, техника ғылымдарының докторы Сырым Шәріпханов сөз сөйлеп, колледж басшылығына болашақ өрт сөндіру мамандарына лайықталған аса қажетті нысанды іске қосқандары үшін зор алғысын білдіре отырып, жиналғандарды Астана күнімен құттықтады.
Ал, қоян-қолтық ұрыс өнерінің ғылыми-зерттеу орталығының ашылу салтанатында спортшы жастар өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандарды тәнті етті. Бұл спорт кешенінің басты ерекшелігі жас спортшылар жаттығу үрдісіне ғылыми тұрғыдан қарап, ұрыс өнеріндегі әдіс-тәсілдерді тереңірек зерделеп, кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Салтанатты жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамзатов елімізде кәсіптік білімнің өркендеп дамуына көңіл бөлініп келе жатқандығын баса айтты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.