Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкеновтың қатысуымен Зеренді ауданында Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагерінің ашылу салтанаты болып өтті.
Зеренді көлінің жағасындағы «Аврора Гарден» демалыс орнында ұйымдастырылған шарада Абзал Нүкенов құттықтау сөз сөйледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғанындай өсіп келе жатқан келешек ұрпақты жастайынан тарихи құндылықтарға тәрбиелеуге зор көңіл бөлініп отыр. Осы орайда, бауырлас елдер жастарының арасында тығыз байланыс орнату маңызды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагері сол талаптан шығады деп ойлаймын. Қазіргі кезде Зеренді жерінде төрт елден 100-ге жуық жастар жиналды. Бұл лагерь біздің елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда бауырлас елдердің жастары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, осындай ауқымды шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп отырады деп сенемін, – деді Абзал Нүкенов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерь шілденің ортасына дейін жұмыс істемекші. Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Қазақстаннан жиналған жүзге жуық белсенді жастардың өкілдері сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
– Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагерінің ашылуына қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Түрік консулдігі түркі елдері жастарының қозғалысын қолдайды. Елдер арасында мәдени салада пікір, тәжірибе алмасу маңызды. Маған Қазақстан өте қатты ұнады. Елдеріңізде «ЭКСПО-2017» көрмесі өтіп жатыр. Жалпы, қазақ жас-тары белсенді. Олардан көп нәрсені үйренуге болады. Сол себепті, алдағы уақытта жастардың басын қосатын осындай шаралар дәстүрлі түрде жиі ұйымдастырылып отырса жақсы болар еді, – деп атап өтті кеңес мүшесі Мелике Кузу өз сөзінде.
Шара Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өтуде. Халықаралық деңгейдегі шара жергілікті жас өнерпаздардың орындауындағы концерттік бағдарлама мен «Зерен» демалыс орнындағы кездесуге ұласты.
Суретті түсірген автор.