Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен мәнді кездесулердің бірі «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінде өтті. Оған депутаттармен бірге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысты.
Серіктестіктің директоры Әсия Шәрімова өз сөзінде бағыттарға шығатын автобустардың техникалық жағдайы мен жүргізушілердің денсаулығы мұқият тексерістен өткізілетінін айтып өтті.
– Өткен жылы автобус паркінің құрылғанына 70 жыл толды. Парк 1998 жылы жекешелендірілген. Соңғы төрт жылда техника паркінің 70 пайызын жаңарттық. Тек пайыздық өсімді субсидиялауға қол жеткізе алмай отырмыз. Әзірше бұған бағытталған қаржы жоқ. Серіктестіктің төрт құрылтайшысы бар. 2014 жылдан бері қалаішілік автобуспен әр жолаушы 60 теңгеден тасымалданып келеді. Кіріс аз. Парк қалааралық бағыттардағы жолаушы тасымалының арқасында күн көріп отыр. Жүргізушілердің орташа еңбекақысы жүз мың теңгені құрайды,–деді серіктестіктің директоры. Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары автобус паркі ұжымымен кездесті. Алдымен, Мәжіліс депутаты Майра Айсина сөз сөйлеп, жұмыс сапарларының мақсаты жөнінде айтып берді.
– Біз шығарылған заңның аймақтарда қалай орындалып жатқанын қадағалау үшін келдік. Заңның әр жолында адамдардың тағдыры тұр. Сондықтан, оны әркім білуі тиіс. Қазақстандықтар әлемдік технологияны игеруі қажет. Елдің дамуы үшін алдымен білім қажет,–деген Мәжіліс депутаты өзге де өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, ол өз сөзінде бірлік пен ынтымақтың арқасында бірнеше дағдарыстан аман-есен өткенімізге тоқталып, «100 нақты қадам», «Нұрлы жол» бағдарламалары жөнінде айтып берді.
– Әр ұжымда қоғамдық кеңес жұмыс істеуі тиіс. Олар бөлінген бюджет қаржысының қалай жұмсалатынын бақылайды. Келесі жылы ірі ауылдық округ әкімдіктерінің өз бюджеті болады. Қаржы жергілікті тұрғындармен келісіліп жұмсалмақшы, – деді Майра Айсина.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары ұжым мүшелерінің сауалдарына жауап берді. Ұжым мүшелерін зейнеткерлік жас мәселесі, жүргізушілердің жетіспеушілігі, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің қымбатшылығы толғандырды. Бұл сауалдарға Мәжіліс депутаттары Жанат Омарбекова, Сапархан Омаров пен Михаил Чирков тұшымды жауап қайтарды. Кездесу соңында Мәжіліс депутаты Майра Айсина автобус паркінің жүргізушілері Петр Михайлович, Александр Деревянной мен Азмұхамед Тумгоевты Алғыс хатпен марапаттады.
***
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Теміржанов пен Сергей Звольский «Көкшетау Су арнасы» серіктестігінің цехтарын аралап көріп, кәсіпорын ұжымымен кездесті, оның барысында жұмысшылардың сауалдарына да жауап берді.