Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға қатысып, кірпік қақпай ел тыныштығын күзететін құрылым қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады.
Күнделікті қарбалас жұмысы жөнінде тіс жарып айта қоймайтын, ұлттық қауіпсіздік бағытында тынбай еңбек ететін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері салтанатты жиынның басты кейіпкерлері болды. Әрине, мұндай айтулы күнде көңіл-күйдің көтеріңкі болмауы мүмкін емес еді. Комитет тарихы туралы сахна төріндегі үлкен экраннан көрсетілген шағын роликте жауапты әрі құпия қызметтің еліміз үшін зор маңызға ие екендігі, оның құрылуынан бастап, даму жолдары, қазіргі уақыттағы жағдайы тартымды берілді.
1992 жылдың 13 шілдесі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елімізде Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды, яғни, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органының тарихы осы атаулы күннен бастау алған болатын. Комитет осы ширек ғасыр ішінде қалыптасып қана қоймай, түрлі реформалардың нәтижесінде тұрақты дамыды. Оның құрылымындағы барлық өзгерістер әлемдегі және еліміздегі ахуалмен тығыз байланысты болды. Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті кез-келген сын-қатерлерге, сынақтарға жедел жауап бере алатын икемді, әрі жоғары білікті арнайы қызметке айналған.
Атқарылған жұмыстары құпия сақталатын қызметтің кейбір аты-шулы арнайы операцияларын оқырманның есіне сала кеткеніміз жөн болар. Мәселен, кепілге алынған адамдарды босату барысында өткізілген алғашқы «Набат» арнайы операция-сы 1992 жылдың қысында орын алған еді. Түрмеден қашқан екі адам автобусты жолаушылармен кепілге алып, ұшақ пен қыруар қаржы талап еткен болатын. Бір тәулік ішінде комитет құрылымдарының жылдам шешім қабылдауының және арнайы операциясы нәтижесінде кепілге алынған жазықсыз адамдардың барлығы аман-есен құтқарылды. Осындай ірі операциялардың бірі «Сапфир» деп аталды. Ол АҚШ-пен бірлесіп жүргізілді. Сондай-ақ, «Тайфун», «Виктория» секілді басқа да ірі операция-лар комитет қызметкерлерінің табандылығы мен қайсарлықтарының арқасында оң шешімін тапты.
Аймақ басшысы салтанатты жиында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстағы департаментінің қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтады. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін атқарып жүрген ерен еңбектеріне алғыс білдіріп, өз атынан бір топ қызметкерлерге Алғыс хаттар табыс етті. Олардың ішінде Александр Ганаков, Данияр Елубаев, Ермек Өтебаев, Ерғали Ақанов секілді азаматтар бар.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы Сандыбек Қасенов, комитет ардагерлері мен қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай келе:
– Лаңкестіктің алдын алу мен оның жолын кесу барысындағы қиындықтар, ұлттық қауіпсіздік саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бізден үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті, тәртіп пен адалдықты, ерлік пен намысты талап етеді. Бұл күні біз өмірін Отанымыздың қауіпсіздігіне арнаған, ел үшін қызмет атқару ісін ғұмырының мәніне айналдырған қызметкерлерді марапаттаймыз, – деп ҰҚК-нің ардагерлері мен қазіргі уақытта күш-жігерін салып, адал еңбек етіп жүрген қызметкерлеріне алғысын білдірді. Департамент бастығының баяндамасында Елбасының алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын жүзеге асыру жолында ұлттық қауіпсіздік органының үлесі атап көрсетілді.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің тыныш өтуіне де аталмыш органның қосып жатқан елеулі еңбегі ескерілді. Бұдан соң департамент бастығы комитетте қызмет еткен ардагерлерді Елбасының Жарлығымен бекітілген «Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен, қазіргі уақытта елеулі қызметімен көзге түскен қызметкерлерді мерекелік медальдармен марапаттады. Аталмыш мерейтойлық наградалар отызға жуық адамға табыс етілді. Мерекелік марапатқа ие болған ардагерлер арасында отставкадағы полковниктер Сайлаубай Ибраев, Ғабит Мәкенов, Николай Власов, Марат Жәкішев, Юрий Головин, Болат Қасенов бар. Сонымен бірге, қауіпсіздік органының бір топ қызметкерлері, облыстағы департамент бастығының кеңесшілері Алғыс хаттармен марапатталды.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.