Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасароваға зейнет демалысына шығуына байланысты құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі Балым Советқызын өміріндегі осы айтулы күнмен құттықтап, зор денсаулық, қызық-қуаныш тіледі.
– Еңбек жолыңызды білім саласында бастаған сіз өнегелі өмір жолынан өттіңіз. Комсомол органдарында атқарған қызметіңіз, үш өңірде аудан әкімінің орынбасары болуыңыз осы сөзімнің айқын дәлелі. Соңғы үш жылда облыстың білім саласын басқарып, бұл лауазымда да өзіңізді жақсы қырынан көрсете білдіңіз, – дей келе, аймақ басшысы қуаныш иесіне тиісті сый-сияпат жасады. Бүгінгі көрсетіліп отырған құрмет үшін облыс әкімі мен жиналғандарға алғысын білдірген Балым Ізбасарова өзі туып-өскен және жеке тұлға ретінде қалыптасқан Ақмола облысына, оның жаны жайсаң адамдарына, әр жерде, әр салада бірге қызмет атқарған әріптестеріне қарыздар екенін жеткізді. Сонымен бірге, Елбасы алға қойған өскелең міндеттерді шешуде облыс басшысы мен активіне зор табыстар тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.