Өткен демалыс күндері Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайының алаңында өткен жәрмеңкеге Ақмола, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 600 тоннадан астам өнім ұсынды.
Спорт сарайының маңы таңғы сағат 9-дан бастап ырыс, берекенің мерекесіне айналды. Қаз-қатар тізілген сауда шатырларына әлеуметтік маңызды өнімдердің барлығы қойылған. Әсіресе, халыққа аса қажетті ет, шұжық, ұн, сүт өнімдері мен жұмыртқа көбірек ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтары ақмолалық тауар өндірушілердің өнімдерін отызға жуық сауда шатырларынан сатып алып жатты.
–Бүгін үлкен жәрмеңке өтіп, оған бәріміз қуанып жатырмыз. Бағалары да базардан біршама арзан екен. Бұл біз сияқты зейнеткерлерге үлкен көмек. Жәрмеңкені аралап жүріп, қажетті азық-түлік тағамдарын сатып алдым. Жәрмеңке жиі өтсе, жақсы болар еді, – дейді Астана қаласының тұрғыны Құсайын Достығалиев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның айтуынша, өңірдегі үздік тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынды. Олардың арасында Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік кооперативі шұжық өнімдерін, құс еті, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдерін сатты. Еңбекшілдер ауданының «KazBeef LTD» серіктестігі ірі қара мал етін, «ҚазГерҚұс» серіктестігі жұмыртқа, Зеренді ауданындағы «Milk Project» және Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» серіктестігі сүт және сүт өнімдерін, Сандықтау ауданындағы «Максимовское» серіктестігі өсімдік ма-йын саудалады.
–Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері жәрмеңкелерге белсенді түрде қатысып келеді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты біз биыл мұндай шараны қыркүйек айында да өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен қолдау болады. Бұдан бөлек, орақ науқаны аяқталғаннан кейін біздің облыстың аумағында да ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан бізбен әңгімесінде.
Өңірдің барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 430 тоннадан астам 340 миллион теңгенің сапалы өнімін ұсынды. Оның ішінде 174 тоннадан астам ет және шұжық өнімдері, 10,2 тонна балық және оның өнімдері, 2,5 миллион дана жұмыртқа, 34,3 тонна сүт және сүт өнімдері, 50 тонна ұн, 15 мың литр өсімдік майы, 9,5 тонна өзге де азық-түлік тағамдары болды. Жылдың әр мезгілінде дәстүрлі түрде өткізілетін мұндай жәрмеңкедегі өнімнің сапасы мен әртүрлілігі, бағасының нарықтан 10-20 пайыз арзандығы тұтынушыларды қызықтырады. Мәселен, жылқы етінің бір келісі 1500 теңгеден, ірі қара мал етінің бір келісі 1250 теңге, шұжық өнімінің бір келісі 900 теңге, жұмыртқаның он данасы 180 теңге, сүттің бір литрі 190 теңге, өсімдік майының бір литрі 340 теңге, жоғары сұрыпты ұнның бір келісі 100 теңгеден сатылды.
– Астаналықтар жергілікті ауыл шаруашылығы та-уарларын өндірушілердің өнімін бұрыннан білгендіктен, үлкен сұранысқа ие. Ақмолалықтар астана тұрғындарына не қажет екенін біледі, – дейді облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель бай сауда сөрелері қатарын аралап жүріп. Оның сөзін «Сочинское» серіктестігінің сауда шатырының алдындағы тұтынушылардың ұзын кезегі дәлелдей түсті. Алтын түстес күнбағыс майы кәсіпорынның ашылған күнінен бастап Астанада сатылады. Жәрмеңкеде де бұл май тез арада өтіп кетті.
– «Родинаның» өнімін алу керек,– десіп жатты жұрт. Ерлі-зайыпты Темірбаевтар сауда шатырынан сөмкелерін толтырып алған екен.
– Родиналық өнімнен өзге жақсы өнім кездестірмедік. Бұл өнім қала дүкендерінде тез сатылып кетеді. Жәрмеңкеде аталмыш кәсіпорын өнімдерінің түр-түрі болды. Сапасы мен бағасы көңілге қонымды. Сондықтан, бір аптаға жететін азық-түлік сатып алдық, –
дейді олар. Жақсы ауданындағы «ТNК» агрофирмасы» серіктестігінің сүт және шұжық өнімдері сауда сөрелерінде көп жатпады. «Ижевский» өндірістік кооперативі мен көкшетаулық «Бижан» кәсіпорнының сау-да шатырларының алдында кезекте тұрған тұтынушылар өте көп болды. Бірінші күні сауда қызу өтті. Тіпті, сатушылар сауда сөрелерін толтыруға әзер үлгеріп отырды. Екінші күні де жәрмеңкеге келген астаналықтарды сөрелері лық толы сауда шатырлары күтіп тұрды. Жәрмеңке аясында ақмолалық өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары тек қана азық-түлік алып қоймай, дарынды жастардың өнерін тамашалауға да мүмкіндік алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.