Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірі өнермен өрілген - АРҚА АЖАРЫ

Өмірі өнермен өрілген

Ежелден ән меккесі саналған Арқаның киелі топырағы ешуақытта өнерпазға кенде болған емес. Дарын қабілетімен елге танылған талант иелеріне біздің Қорғалжын өңірі де бай. Кезінде талай рет топ жарып, сол өнер тағанының берік кірпіші болып қаланған азаматтарымыздың бірегейі – марқұм Дәулет Тілеулесұлы десем артық айтқандық емес.

 

Ел дегенде елгезек, жұрт дегенде жан ұшырып тұратын. Таза, тура мағынасында. Сондай елгезек азаматты елеп, еске алмау мүмкін бе?!
Ақан сері, Біржан салмен өнер жарыстырған Құлтума, Үлебай ақындар, әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбаев, асқақтата салған әнімен ел қадіріне ие болған Қосымжан Бабақов, 1934 жылы өткізілген өнерпаздар жарысында жүлделі орынға ие болған Ілияс күйші, Қазақстанның халық әртісі, әнші Рабиға Есімжанова, Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор, профессор Кенжебек Күмісбеков, кәсіби өнерпаз, күйші Целиноград мұғалімдер институты музыка факультетінің бірінші деканы Сайлау Боранбаев сияқты тарланбоз таланттылар біздің өңірден шыққан деп мақтанышпен айта аламыз. Өнер өлкесіне сонау жетпісінші жылдары елге серпін әкеліп, бір топ жас маман келіп, ел мәдениетінің өрістеуіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. Олардың қатарында Қуаныш Өтебаев, Майра Нәзірова, Оспан Сүлейменов, Антонина Полтарацкая, Марат Бегімбетов, Анар Салиева, Орынтай, Зәуре, Әйкіш дейтін қыздар, Шолпан Ахметова, Еділ
Абдрин және тағы басқалары бар.
Қазақта «қоңыр» деген бір әдемі сөз бар. «Қоңыр әуен», «қоңыр дауыс», «қоңыр күй», «қоңыр қобыз» деп айтыла береді. Бауыр еті баласын еркелеткенде де қоңырым дейтіні бар. Дәулет аға туралы қолға қалам алғанда, неге екені белгісіз, осы бір сөз тіл ұшына орала берген. Ағаның қай түсті жақсы көргенін қайдам, маған «қоңыр» деген ол кісіге дәл келетіндей көрінеді. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына күллі қазақтың ата-баба заманынан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын сол қалпында қызыл тілдің құдіретімен жеткізе білген» деп баға берген біртуар ақындарымыздың бірі Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығында қоңыр сөзі ерекше орын алады. Атап айтқанда, «Қоңыр түс» атты өлеңі қарапайым қазақтың қоңыр тірлігін былайша суреттейді:
Қоңырайып жатыр алда жол әлі –
Кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.
Иә, бір бойынан кісілігі мен кішілігі, мейірімі мен ізгілігі табылатын, байсалды, асып-тасу дегенді білмейтін, қашан да бір қалыпты, жайсаң, жайдары, көркем мінезді жан еді ол. Жанындағылармен адами қарым-қатынасы өте жақсы болатын. Ар алдындағы тазалығы, жанының пәктігі алдынан шығып, Алла разылығына бөленіп, жатқан жері нұрға толсын! Текті аға бар саналы ғұмырын музыка әлемінің бас айналдырар биігін бағындыруға арнады десем артық айтқандық болмас. 1973 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының ән-күй факультетін тәмамдасымен Дәулет Тілеулесұлы Қорғалжын ауданындағы балалар ән-күй мектебіне ұстаз болып орналасты. Аталмыш білім мекемесінде сатылап қызметі жоғарылап, мектеп директоры лауазымына дейін көтерілді.  Зейнеткерлікке де туған ұжымы қимастықпен шығарып салды.  Қызмет еткен жылдары жас ұжымды жаңа бір биікке көтеріп тастағанын айтсақ та жеткілікті. Дәулет Ахметов музыка мектебін басқарған жылдары Амангелді, Жантеке, Жұмай елді мекендерінде музыка мектебінің филиалдары ашылды, халық ауыз әдебиеті ерекше насихатталып, атадан мирас болған қасиетті өнерге өріс ашылды. Дарынды жастарды төл мәдениетімізге баулыған ақын-жыршы, дарынды азамат Бөлеген Тыныбеков болатын.
Ағаның ұстаздық қызметінің бір белесі оның алдынан білім алған шәкірттері аудандық, қалалық, облыстық, тіпті, республикалық өнер байқауларында топ жарып аудан атын аспандатып, абырой биігіне көтерді. Ол балаларды музыкалық сауаттылыққа ғана емес, өнердің қыр-сырын меңгеруге үйретті. Осындай талантты жастардың қатарында Асқар Сәдуақасов, Марат Әлімжанов, Ерболат Өтебаев, Еркеболат Журкаев, апалы-сіңілі Тәшеновалар болды.
Кезінде, нақтырақ айтсам,1984 жылы Дәулет Тілеулесұлының зор еңбегінің арқасында Қорғалжын ауданы гастрольдік сапармен Словакия мемлекетіне барған еді. Осы сапарда Еуропа жұртшылығы қазақ өнерімен, қазақ композиторларының шығармаларымен етене танысып, ондағы бір-бірімен астасып жатқан сан түрлі буырқанған музыкалық бояулар арқылы қазақтың сайын даласының кеңдігін, асқақ та айбынды таулардың биіктігін айқын сезінгені анық. Олай дейтінім, «бір сәт үнсіздіктен кейін, іле дүрілдеген шапалақ үні залды кернеп кетті», – деп еске алған еді кезінде марқұм ағамыз.
Қалай дегенмен де, Дәулет Тілеулесұлы «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді. Ән орындау шеберлігі де үйлесіп тұратын, күйді де желпіндіріп орындап, тыңдаушысын сүйсінтіп, құлақ құрышын қандыратын. Домбыраның шанағынан күмбірлі күй төгіп, әндерді әуелететін ағамыз спорттан да құр алақан емес еді. Сонау 1975-1977 жылдары Латвияның Лиепая қаласында өткен шахмат турниріне қатысқаны, кейіннен КСРО кезінде хат арқылы басқа кеңестік республикалардың білікті деген шахматшыларымен сайысқа түсуі оның жеке басын ғана емес, қазақ деген халықтың өжет әрі батыл екендігін көрсетуге тырысқаны дер едім.
Осы Қорғалжын өңірінде еңбек еткен жылдары тапқан бір олжам – Дәулеттей жаны жайсаң, ақ жарқын, асыл текті аға таптым. Шынымды айтсам, осы 25 жылда Дәулет аға туралы теріс сөз айтқан бір жанды жолықтырған жоқпын. Төңірегі Дәулет ағаны жақсы көріп, айрықша сыйлайтынының себебін біліп, тәлімін алғыңыз келсе ата тек, тұлғалық болмысының сырына үңілсеңіз, сол жетерлік.
Осы орайда бір айтарым, Дәулет Тілеулесұлы әрі әнші, әрі күйші, әрі спортшы болумен қатар оншақты әндерді нотаға да түсірді, сол мұрасы әлі де бар, ұрпақтарының еншісінде.
Жергілікті ақын Зайым Қасымовтың сөзіне жазылған «Қорғалжын құт мекенім» атты әні танымал әнші, талай конкурстардың лауреаты Асқар Сәдуақасовтың орындауында облыс, республика сахналарында шырқалып жүр.
Өнерпаздар отбасы атанған шаңырақта құдай қосқан қосағы Балташ екеуі дүниеге 2 ұл, 2 қыз әкелді. Ауыл еңбеккерлері үшін концерттік сапарлармен аймақта бармаған жері аз. Талай айтулы байқауларда көзге түспей келген кездері де сирек. Үйінің төргі бөлмесінің қабырғасын алып тұрған түрлі марапаттау белгілері соның айғағы. 1987 жылы Алматы қаласында өткен VI Қазақстан мұғалімдерінің съезіне делегат болып қатысты. Ұстаздық еңбегі де бағаланып, 1986 жылы «Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Зейнет демалысына шыққан азаматқа туған елі 2015 жылы «Қорғалжын ауданының құрметті азаматы» деген атағын берді. Көпшілік оның осы қасиеттері мен қарапайымдылығы үшін құрметтейтіндігін көріп-біліп жүрдік, аман болғанда келер жылы 2018 жылдың 19 тамызында 70 жасқа толғанын тойлар едік, шіркін. Жұбайы мен балаларының ағаның құлпытас басына арнап жазған өлең жолдарын ақ қағаз бетінде жариялағым келеді:
Сағындырған біздерді,
Әнің қалды артыңда.
Ұмытпайды сені ешқашан,
Ұрпағың да, халқың да.
Жас дәурен деп салатын,
Даусыңды сенің сағындық.
Тағдыр солай жазған соң,
Амал қанша бағындық.
Сағындық сені, сағындық.
Өлең жолдары балалары үшін әке еңсесінің тіктелгені, бауырларына қырқылған қанаттың жазылғаны, деп білеміз.
Ендеше, Дәулет Тілеулесұлы сияқты ағалардың рухы асқақтай берсін! Ылайым солай болғай!

Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ,
ардагер-ұстаз.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар