Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жарасымды жүздесу - АРҚА АЖАРЫ

Жарасымды жүздесу

«Достар» мәдениет сарайында облыстық жас-тар саясаты мәселелері басқармасы жанындағы облыстық жастар ресурстық орталығы Көкшетау қалалық әкімдігімен бірлесіп, «Ерлік істері ұрпаққа үлгі» атты тақырыпта Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жастармен кездесуін ұйымдастырды.

Өскелең ұрпақты майдангерлердің қаһармандық ерліктері негізінде тәрбиелеуді, оқ пен оттан қаймықпай, Отанын қорғаған батырларға жастардың ізетін білдіруді көздеген шараға жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, жоғары оқу орындары мен орта арнаулы білім мекемелері жастар комитеттерінің мүшелері, мектеп оқушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дәл осы күні, яғни, 21 қаңтарда екінші дәрежелі  Ұлы Отан соғысы орденімен және «Венаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған,  бүгінде алты баладан тараған немерелерінен сегіз шөбере сүйіп отырған  ардагер Елдес Қоңыров 90 жасқа толды. Қалалық әкімдіктен келген өкіл оны арнайы құттықтап, қазыналы қартқа ақшалай сыйақы табыс етті. Ал, әскери антына адал болған сарбаздың өзі фашистік Германияны күйретіп, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған  жауынгерлердің ерлігін жастардың мәңгі есте сақтауға тиіс екендігін тілге тиек етті.
І  дәрежелі Ұлы Отан соғысы және екі рет «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Польшаны азат еткені үшін», «Чехославакияны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған, бүгінде өзінен тараған төрт перзенттен он немере, он үш шөбере сүйіп отырған Бүркітбай Батырханов  жуырда ғана Президенттің атынан соғыс ардагерлеріне жасалған сый-сияпаттың ерекше қуаныш сыйлағанын атап өтті.  Қазіргі таңда экономикасы мықтап дамыған қуатты еліміз бірліктің арқасында күн санап жаңа белестерді бағындырып келеді. Дегенмен, біз  Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегендігін  естен шығармауға тиіспіз. Ардагер осы
жиында Отанды қорғаған даңқты батырлардың құрметіне қойылған ескерткіштерге де ерекше көңіл бөлу қажет деген ой айтты. Себебі, жастар сол тарих белгілерін қарап, өткенді еске алады.  Жауынгер көтерген тағы бір маңызды жайт – із-түзсіз кеткен боздақтар мәселесі. Туған ағасын да  жоғалтқан ол бүгінгі бейбіт күнде барлық сарбаздың ізделіп, жерленген жерінің нақтыланғанын қалайды. Қарт жер бетіндегі сол соғысқа қатысқан соңғы сарбаздың сүйегі табылып, жерленбейінше, оны аяқталды деп санауға болмайтынын алға тартып отыр.
Кеудесінде «Сталинград үшін», «Германия-ны жеңгені үшін» медальдары мен басқа да наградалары жарқыраған  Владлен Лесничий адам үшін Отанды сүюден артық еш нәрсенің болмайтындығына тоқталды. Ал, Отанды сүю деген оның әр тау-тасы мен өзен-көліне құрметпен қараудан басталады. Осы орайда, көпті көрген қария көшеде қоқыс  лақтырып, суы мөлдір көлдерді былғаудан, балағат сөздерді «сәнге» айналдырудан жастарды сақ болуға шақырды.
Бес баладан тараған ұрпақтан отыз үш шөбере сүйіп, жуырда ғана жарымен отасқанына жетпіс жыл толуын атап өткен  92 жастағы ардагер Оспан Жүсіп жас
буынды бүгінгі қол жеткізген жетістіктердің бәрінің осы соғыстан кейінгі жемісті еңбектің арқасында мүмкін болғанын, сондықтан да, көпшіліктің осындай ерлікке барған жандарды құрметтеп өтуге тиіс екендіктерін естен шығармау қажеттігін айтты. Ұлы  Отан соғысы ордені мен «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарының иегері, 89 жастағы майдангер Жават Габдулкафеев болса, қоғамда білімді адамның ғана өзіндік орнының болатындығын атап өтті. Білімді болу үшін ең алдымен, кітап оқу қажет. Жаужүрек қарттың айтуынша, адамның жан дүниесін одан артық еш нәрсе де байыта алмайды.
Ал, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Соломина бүгінде қалада 69 майдангердің ғана қалғанына, тыл еңбеккерлері санының да күн санап азайып келе жатқандығына тоқтала келе, сол қанқұйлы шайқастарда Отан үшін күрескендердің Жеңістің 70 жылдық торқалы тойына, одан қалды, жүзге жетулеріне тілектестік білдірді. «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауған соғысы ардагерлерін қоса шақырудың жастарға патриоттық тәрбие берудегі, ұрпақтар сабақтастығын, ерлік эстафетасын жалғай түсудегі орнын атап өтті. Шараның негізгі ұйымдастырушысы – жастар ресурстық орталығының директоры Тимур Ысқақов та бұл кездесудің адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс куәгерлерін кейінгі буынмен жүздестіріп, майдангерлердің ел үшін жан аямаған асқан патриоттылығын соларға үлгі-өнеге ету мақсатында өткізіліп отырғандығын баса айтты.
Әдеттегіден өзгеше, дәстүрлі емес формада өткізілген ардагерлермен кездесуде олар өздеріне арнап жайылған ақ дастархан басында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Сол сұрапыл жылдарды еске алып, соғыс атты сұмдықтың енді қайталанбауын тіледі. Ал, жастар жағы өз кезегінде қарттардың көңілдерін көтеріп, оларға арнап ән-күйден шашу шашты.

Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар