Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ереймен тау. Қоянды Қойтас. - АРҚА АЖАРЫ

Ереймен тау. Қоянды Қойтас.

Баянғали Әлімжанов

 

Қоянды Қойтас,
Қоянды Қойтас,
Қойының,
Көтере қоймас,
Қоян мен қойдың ойынын,
Ойрандап аю,
Айдаһар билеп,
Мойнына елдің жүктеген,
Заманның құнын,
Құтыртып жынын,
Сойыңа сілтеп сойылын!

Құбыжық қорқау
Құрсаған кезде даланы,
Құрыған шақта
Бабаңның айла, амалы,
Айнала таспен
Қоршалған аймақ,
Қазақты аман сақтаған,
Ереймен таудың
Табиғи қорған қамалы!

Ереймен  еркін,
Көкжиек түбін көздеген,
Табиғат шебер,
Ерейтіп тегін тізбеген,
Асылдар асқақ,
Басынан бағы тайғанда,
Киелі таудың
Тасынан пана іздеген!

Қатпар да жақпар,
Бұдыр да бұжыр,
Бурадай,
Тастарың қалай
Булығып жатыр туламай,
Бедері бөлек,
Не дері бірақ белгісіз,
Басынан өткен
Аума да төкпе,
Алағай күндер бұлағай!
 
Үздірмеу үшін,
Күмбезді күннің  күмбірін,
Түндігін түнек,
Түргеннің ұғар кім мұңын?
Тар кезең, тайғақ,
Қолтықтан найза сайғанда,
Ұландар кезген,
Саялап тасты,
Ұйлығып, үй ғып үңгірін.

Жастанып тасын,
Төсеніп арша, қынасын,
Сұңқар қияда
Саябыр тапқан,
Жаза алмай еркін құлашын,
Қажыған ерлер
Құзынан қиқу салғанда,
Қысырақ біткен
Шұңғыма түбін,
Шыңғырмай теуіп тұратын!

Батырлар имей,
Боданға басын, от кешкен,
Қызыл мен ақ та,
Кеңес те түгел кектескен,
Бастарын байлап,
Азаттық үшін ажалға,
Алысып өткен  
Атаңның жайын
Әйгілер жартас оқ тескен!

Тұнжырап үнсіз,
Қорымдар қожыр тас қорған,
Арыстар жатыр,
Қарулы қолға бас болған,
Келмеске кеткен
Күндерге куә, жоқтаушы
Тас төбедегі
Қазан шұңқырлар…
Ішіне мөлдір жас толған!
                          
13 – 17.08.2017 жыл.

 

 

Шал мен сағат

 

               Сағаттың шықылдағы емес ермек…
                                                             Абай.
Аямай тағдыр, тарих сынап еді,
От кешіп, аман көрген құба белді,
Соғыстың ардагері біздің әкей,
Жөндеуге ескі сағат құмар еді.

Оқ тескен білезігін тура түптен,
Сол қолдың бас бармағы молақ біткен,
Ұстаған айыр, күрек саусақтары,
Добалдай, сағатшыға олақ тіптен.

Ол кездің бөтен еді сара заңы,
Бірақ-та шалдар оған қарамады,
Қосылып үлкендерге жастайынан,
Намаз оқып, ұстады  оразаны.

Жұмыстан ертелі-кеш бір тынбайтын,
Сағаттан біз ұқпайтын сыр тыңдайтын…
Уақыт та бала күнгі өзгеше еді,
Сағаты да басқаша сыртылдайтын.

Шынжырын тартып қойсаң бір үшінен,
Жаңылмай сырт-сырт еткен жүрісінен,
Адамның серігіндей жалғыздықта,
Тықылдап тіл қататын түн ішінен.

Ол кезде қалта жұқа, нәрсе тапшы,
Аудандағы шебердің бәсі қатты,
Дұрысы бәрінен де біздің шалға,
Алғыс айтып, жөндетіп алған жақсы.

Жүргендей қолдарына  тағып алтын,
Ауылдас біздің үйге ағылатын,
Сағаттар алыс, жақын елден шыққан,
Ескілеу қобдишадан табылатын.
Сағаттар тына қалса тықылдаған,
Көрінер тоқтағандай бүкіл ғалам,
Уақыттың өлшеуіші болса дағы,
Уақыттың  шешімінен құтылмаған.
 
Қол сағат, қалта сағат, шынжыр балақ,
Қақпағы қабырғадай, тұнжыр қабақ,
Бәрінің өлшейтіні бір-ақ уақыт,
Мәңгілік қас-қағымын жылжыр санап.

Уақыттың құлақ түріп дүбіріне,
Бой алдырмай күбір мен күдігіне,
Ұп-ұсақ темір-терсек, көзге ілінбес,
Ауыстырып салатын бір-біріне.

Кім көрген құйттай темір мұндай құнды,
Волосок дейтін еді қылдай сымды,
Шерткендей жүрек қылын  рахаттанып,
Құлағын тақап тұрып тыңдайтын-ды.

Үстелге көлдей гәзет жайылатын,
Бөлшектер тәртібімен қойылатын,
Сағаттың соғып тұрған қолындағы,
Сырқатын сыртылынан айыратын.

Келтіріп бір-біріне бұрамасын,
Үш сағаттан бір сағат шығаратын.
Қырық жылғы көненің бір тетігі,
Кәдеге асып кетсе қуанатын.
                                              
Көк тиын және ешкімнен ақы алмайтын,
Тағып ап көзге лупа, мақамдайтын.
Қолына түскен сағат жөнделгенше,
Жарықтық тыныш ұйқтап жата алмайтын.

Шетелдік қымбат сағат бой бермесе,
Сарылып отыратын, шөлдегенше.
Қалатын кәдімгідей жүдеңкіреп,
Секөнті секөнтіне сай келмесе.
Сараптап, сағаттарды салыстырып,
Сапырып, темір-терсек ауыстырып,
Шетелдікке сәбеттік деталь салып,
Қанттай ғып жіберетін қабыстырып!
 
«Зауыттың қитұрқысын аңдадым деп,
Біріне-бірін иіп жалғадым деп,–
Шаттанып, көрсететін бізге әкеліп, –
Мінеки! Мұны да  ақыр  оңдадым!» – деп.

Қуаныш ұялайтын қабағына,
Ол кезде кім үңілген сабағына,
Сағатты істен шыққан жүргізуі,
Уақытты тоқтатпаудың амалы ма?

Сау келген жауған оқтан жаңбырлатып,
Әкемді уақыт жықты қалжыратып,
Бір кезде Берлинді алған берен жігіт,
Ауырып, төсек тартып, қалды жатып.

Парызы төккен қанмен өтеліпті,
Адамның момыны еді өте мықты…
Көңілін сұрай келген бір ауылдас,
Сағатын сынып қалған  әкеліпті.

Көтерген мойынымен бар салықты,
Сабырлы ер әрең оны қарсы алыпты,
Алайда,  тұрып кеткен төсегінен,
Сағатқа құмарлығы соншалықты!

Солдаттай  селт етпестен тұрған сапта,
Сөйлетпей, дегендей күт, інім, тоқта…
Бір сағатты жүргізіп кетті ақыры,
Өз  уақыты сызыққа жеткен шақта!
 
Өз сағаты тоқтарын біліп тұрды,
Көңілінде  иман мен үміт тұрды…
Шал өмірден озғанда, сырт-сырт етіп,
Жөндеген  сағаттары жүріп тұрды!
                                    
27. 05. – 2.06. 2017 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар