Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, көрікті Бурабай баурайында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Сондай-ақ, Зеренді ауданындағы «Ұмай жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарын аралап көріп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Көкшетаудағы іргелі өндіріс орындарының бірі – «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы кәсіпорнының жұмысымен танысып, «Бурабай» гольф клубының ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысының Ақмола облысына сапарында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов және Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин бірге болды.
Сенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жұмыс сапарын Зеренді ауданындағы «Ұмай жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жайқалып шыққан егін алқаптарын аралап көруден бастады. 2009 жылы құрылған серіктестік бидай, майлы дақылдар өсірумен айналысады. Шаруашылықтың 26 мың гектарға жуық жері бар. Оның 16,6 мың гектары егістік жерлер де, 6,4 мың гектары жайылымдық, 2,9 мың гектары пар. Өткен жылы өндірілген астықтың көлемі 26,2 мың тоннадан асты. Былтыр әр гектардан орташа 21 центнерден астық алынды. Бұл бір ғана серіктестік үшін үлкен көрсеткіш.
Ауғанстаннан ата жұртқа қоныс аударған қандасымыз Абдул Халил Наджибулла басқаратын бұл серіктестік биылғы жылы 16,6 мың гектар жерге дəн сіңірген. Шаруашылық басшылығы биылғы егін орағы науқанын да ойдағыдай өткіземіз деп отыр. Серіктестіктің егін алқабын аралап көрген Мемлекет басшысы танап басында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, шаруалардың хал-жағдайын сұрастырып білді және күзгі егін орағына қамданып жатқан игі істеріне оң бағасын берді.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев алдымен, Социалистік Еңбек Ері, Ақмола облысы мен Аршалы ауданының құрметті азаматы, «Ижевский» өндірістік кооперативінің бас директоры Ибрагим Жанғоразовты 80 жасқа толуымен құттықтады. Жиында диқандар отандық ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру мәселесіне назар аударды. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырумен айналысатын Көкшетаудағы «Вектор» комбайн зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шота Джахуташвили айтып берді. Бұл кәсіпорын жылына 300 комбайн құрастырады. Келер жылы бұл көрсеткішті 500-ге жеткізу жос-парлануда.
– Отандық техникалар сырттан алынатын көлік құралдарынан анағұрлым арзан, әрі сынып қалса, қосалқы бөлшектер жылдам табылады. Шетел комбайндары ылғалды климатқа сай жасалынған. Біздің климат құрғақ, өзімізде құрастырылатын техникаға қолайлы, – деді зауыт басшысы.
Еліміздегі комбайн зауытына Ресейдің «Россельмаш» компаниясы әріптес болып отыр. Осы орайда, Елбасы өзімізде құрастырылатын техникалардың тиімділігін мәселе етіп көтеріп, осыны мықтап қолға алатын кез жеткенін айтты.
– Өзіміздің ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын уақыт жетті. Бұл үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ кездесуде Елбасы ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ірі компанияларды оңтайландыру мәселелеріне тоқталды. Әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, қарызға белшесінен батқан ірі компаниялардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Олардың арасында «Богви», «Алиби» және «Иволга» тәрізді компания-лар туралы айта келе, ірі компанияларды оңтайландыру мәселесіне тоқталды.
– Ірі компаниялардың қаржы мәселесі алаңдатады. Қарызы бар компаниялар активтерінен айырылды. Компания дұрыс жұмыс істеп, қандай болмасын бәсекеге төтеп беруі керек, – деген Елбасы егін орағы науқаны кезінде астықты аймақтарды аралап шығатын жылдағы дәстүр бо-йынша Ақмола облысына алдымен ат басын бұрғанын және сонау тоқсаныншы жылдардың ортасымен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласының жағдайы анағұрлым жақсарғанын атап өтті.
– Ол кезде не өндіреміз деген мəселе туындады. Енді қазір шығарған өнімді қайда сатамыз деген мəселе толғандыруда. Сондықтан, мемлекет тарапынан бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев облыс диқандарына ауа райының жайлылығын, күзгі егін орағын ойдағыдай өткізуде «ақмолалық диқандар ең үздік» деген қанатты сөзімен тілектестігін білдірді. Кездесу барысында шаруалар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін Елбасына алғыстарын айтты.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында болып, минералдық сусындар шығару процесімен танысты. Мемлекет басшысына кәсіпорын қызметінің экономикалық көрсеткіштері, соның ішінде өнімділігі, жаңа жұмыс орындарының саны, тартылған инвестиция көлемі жөнінде мәлімделді. Кәсіпорын басшысы Мұрат Ахметовтың айтуына қарағанда, өткен жылы өндіріс орнына 25 жыл толды. Зауыт жылына 120 миллион шөлмек сусын шығарады. Өткен жылдары 4 миллиард теңге қаржыға қондырғылар жаңартылып, өндіріс толық автоматтандырылды. Өнім негізінен Қазақстан аумағында ғана емес, көрші Ресей еліне де саудаға шығарылады.
Жұмыс сапары соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай курортындағы «Бурабай» гольф клубының ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Осы орайда, Елбасы жаңа жобаның іске асырылуы отандық және шетелдік туристердің курорттық аймаққа қызығушылығын одан әрі арттыруға және келушілер санының көбеюіне септігін тигізетінін айтты.
– Біз Бурабайды Қазақстанның перс-пективалы туристік бағытының бірі ретінде дамытқымыз келеді. Бұл осы өңірге туристер мен спорт сүйер қауымды тарту мақсатымен жасалып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал, Бурабайда өткен мәжіліске Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің басшысы және оның орынбасарлары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Мәжіліс барысында мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептері тыңдалды. Алғашқы болып Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің баяндамасы тыңдалды. Ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді.
– Соңғы 2 жыл бойы «Арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарлар өндіру мен көрсетілетін қызметтер көлемі» көрсеткіші орындалмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа арзандатылған ипотекалық несие және құрылыс салушыларға жеңілдікпен несие беру мүмкіндіктерін қарастырады, – деді осы орайда.
Мәжілісте сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының іске асырылуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасады.
Осы орайда, Мемлекет басшысы баяндамашы келтірген мәліметтерді назарға алып, проблемалық агрохолдингтерге қатысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтижелері жөнінде сұрап білді.
Бұдан бөлек, кеңесте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің және еліміздегі цифрландыру мәселесі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есептері тыңдалды. Сонымен бірге, күн тәртібіне сәйкес өңірлерді дамыту мәселелері талқыланып, өзге әкімдермен бірге, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Әкімдердің есебін тыңдай келе, Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау тұрғысынан облыстардағы автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандар құрылысының қарқынын ширатуды тапсырды.
– Биыл 109 білім беру нысаны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, оның 70-сін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде тек 7 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілді. Жоспарланған білім беру нысандарының көп бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыс-тарына тиесілі. Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне жоспарланған барлық нысандарды уақытылы қолданысқа енгізу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғындардың көп бөлігінің хабарсыз екенін және оған банктердің қатысу белсенділігінің төмендігін де ескертті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуының аралық қорытындысын жасап, экономиканы цифрландырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін айтты.Бұдан бөлек, бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытудың маңыздылығына назар аударылып, экспорттық стратегияны уақытылы іске асыру қажеттілігі де сөз болды.
Жиынды қорытындылаған Елбасы егін шаруашылығын сақтандыруды одан әрі дамыту, соның ішінде өзара сақтандыру қоғамдарының жұмысын реттеу жөнінде шаралар қабылдаудың маңыздылығын айта келе, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жалпы мемлекеттік маңызы бар іс екенін атап өтті.
Жалпы, Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Елбасының аграрлық-өнеркәсіптік облыстың дамып-өркендеуіне берген оң бағасы мен қанатты сөзі аймақта атқарылып жатқан игі істерде де, оған қоса, алдағы міндеттерді де анық аңғартып тұрғандай. Ендеше, ең таяудағы шаруаға тоқталсақ, диқан қауымы үшін шешуші кезең – егін орағы науқаны ойдағыдай өткізіліп, облыс 5,7 миллион тонна астық жинаған өткен жылғы ірі жетістігін қайталайтынына сенім мол.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.