Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
әрқашан жақсы істердің басында - АРҚА АЖАРЫ

әрқашан жақсы істердің басында

Ауылдың әлеуметтік мәселелеріне жете көңіл бөлу сол жерде шаруа-сын дөңгелетіп отырған кез келген шаруашылық басшысының тікелей міндеті.  Осы орайда, игі істерге жаны жақын Ерлан Әлин басшылық ететін «Темірлан»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі тіршілігі соны анық аңғартып отырғандай. Іргесі 1999 жылы қаланған «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжым мүшелерінің тынымсыз еңбегінің  арқасында бүгінгі күні көштің алды болуда. 

Серіктестіктің құрылуының да өзіндік тарихы бар. Сонау 90-шы жылдары Одақ ыдырап, экономикалық байланыс үзіліп жатқан кезеңде «Тасөткел» өндірістік кооперативі банкрот деп танылып, бар мүлкі балғаның тарсылымен сатылып кеткен болатын. Сол кезде Ерлан Кінуәрбекұлы өзінің жастығы мен тәжірибесінің аздығына қарамастан тәуекелге бел буады. Осылайша қордаланып қалған ірі көлемдегі қарызды иығына арқалап, «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Кез келген шаруаны бастап кету оңайға соқпайтыны анық. Мұндай қиындықтарға мойынсұнбай тек тура бағыт-бағдар ұстап, табандылық танытқан серіктестіктің бүгіндері егіншілікпен қоса, мал шаруашылығын қатар дамыту арқылы тасы да жыл өткен сайын өрге домалап, табыс көлемі де артып отырған жайы бар. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан шаруашылық жайлы айтқанда, оның негізін қалап, өсіп-өркендеуіне айтулы үлесін қосқан іскер басшы, талантты ұйымдастырушы Ерлан Әлиннің есімі ең алдымен ауызға оралады.
Шынын айтқанда, серіктестікті құрып, аяғынан тұрғызуға қосқан үлесі де зор.  Енді оның өмір жолына бір сәт тоқтала кетсек, бала кезден спортпен шұғылданған Ерлан 16 жасында шаңғы жарысы бойынша спорт шебері атанып, Олимпиада, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, даңқты шаңғышымыз Владимир Смирновпен жарысқа түсіпті деседі. Мектепті тәмамдаған соң ауылда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бас-тайды. 1987 жылы әскер қатарына шақырылып, сонау Чехословакия жерінде азаматтық борышын өтейді. Кейін елге оралып, көкөнісшілер бригадасына жетекшілік етеді. Осы кезден шаруашылық жұмысына араласуы басталады. Ал, серіктестіктегі жұмысына келетін болсақ, банкротқа ұшыраған өндірістік кооперативтен қалған техникалардың бәрі ескі, ал, қолдағы бар малдың көбі баспа-бас айырбасқа түсіп жоғалған сол қиын кезде оған нарық талабына сай жұмысты жаңа жолға қою оңай болған жоқ.
Өзінің аз да болса, тырнақтап жиған тәжірибесі мен басшылық қабілетінің арқасында өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында шаруашылықты шашау шығармай, техниканы да, малды да аман сақтап қалуға тырысты деуге болады. Өмірге бүгінгі күннің өлшемімен қарап, қолма-қол пайда әкелетін істі ғана қолға алатын өзгелер сияқты емес, болашақты ойлаған азамат сол тұста шығыны көп болса да, егіншілікпен бірге, мал шаруашылығын да қатар алып жүруге бел байлады. Осы қадамының дұрыс болғандығын бүгінгі өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өткен жылы Астана қаласында өткен ел патриоттарының форумында Ерлан Кінуәрбекұлының ауылдың әлеуметтік мәселелеріне жете көңіл бөлгені үшін «Ерен еңбек» аталымы бойынша жеңімпаз атануы осыған айқын дәлел. Оның қайырымдылық игі істері тар шеңберде шектеліп қалмайды. Ерен еңбегі үшін 2002 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен, 2008 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі тәрізді абырой биігінен көрсететін марапаттарға қол жеткізді. Жалғыз егінге қарап қалған шаруашылықтармен салыстырғанда, мал өнімдерін сату арқылы жыл бойы табыс тауып отырған «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі жайы екі саланы қатар жүргізудің қаншалықты тиімді екендігін көрсетіп отыр.  Өздері тірлік етуге шамасы жетпеген көптеген шаруашылықтар өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында ірі агрофирмалардың қолтығына кіріп, жан сақтағандығы белгілі. Ал, «Темірлан» серіктестігі ешкімге тәуелсіз, өз күндерін өздері көріп келеді.
Тіпті, жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсіріп, табыс көлемін жыл санап арттырып, аудандағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың санатына қосылып отыр. Биыл да бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Сондай-ақ, техника паркін түгелге жуық жаңартып, «Бюллер», «Джон-Дир» сияқты қазіргі заманғы шетелдік өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Ылғал үнемдегіш технологияға көшкен шаруашылық жыл сайын бітік егін өсіруде. Өткен күзде де ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өздеріне жеткілікті, одан қалды, сыртқы саудаға шығарарлықтай астықты қамбаға құйып алды. Сондай-ақ, 20 гектар жерге көкөніс отырғызып, ауыл тұрғындары мен шаруашылық еңбеккерлерінің сұранысын қамтамасыз етуде. Тіпті, серіктестік бүгіндері ауылдағы әлеуметтік мәселелерді өздері шешетін болды. Жол, мектеп, балабақша, абаттандыру және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы да серіктестіктің мойнында. Ауылда жас мамандар үшін екі қабатты тұрғын үй жөнделіп, жылумен қамтамасыз етілді. Спорт зал, дүкен, наубайхана, 300 орындық дәмхана жұмыс істейді. Қыс айларында ауыл көшелері қардан тазартылып, жаздыгүні құм-тас төселіп, тұрғындардың қатынауына жағдай жасалынып тұрады.  Ауылдағы мәдени-әлеуметтік нысандарды ұстауға да үнемі көмек көрсетіп келеді. Зейнеткерлер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне тегін шөп түсіріп беріп, басқа да көмек-қолдау көрсетіп тұрады. Ауылда жұмыссыз адамның болмауы серіктестіктің халыққа көрсетіп отырған ең үлкен қамқорлығы екендігі анық. Мұнда атаулы көмек алатын, кедейшілік шегінде өмір сүретін бірде-бір отбасын кездестірмейсің. Темірландықтар тарапынан қолға алынып отырған мұндай әлеуметтік қадамдар ауыл адамдары үшін айтарлықтай қолдау әрі Елбасы Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын дамыту жайына үлкен көңіл бөлініп отырғандығын байқатады.  
Түгін тартса майы шығатын құнарлы жерде тұрып, өз билігіміз, өз байлығымыз қолымызда тұрған кезде басқасы басқа, ал, ауыл шаруашылығы мен ауылдағы ағайынның жағдайы дұрыс болғаны маңызды. Сондықтан,  ауылдың әлеуметтік мәселелеріне жете көңіл бөлу, сол жерде шаруасын дөңгелетіп отырған кез келген шаруашылық басшысының тікелей міндеті екені сөзсіз. Соны  Ерлан Кінуәрбекұлының жақсы түсініп қана қоймай, ауылының көркейіп, гүлденуі үшін бар күш-жігерін салуда.

Суретте: шаруашылық басшысы Ерлан Әлин егінжайға шалғы салған еңбеккерлермен бірге.
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар