Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Бақытты нөмірге» алданып қалмаңыз... - АРҚА АЖАРЫ

«Бақытты нөмірге» алданып қалмаңыз…

Түрлі ақпарат көздерінен телефон алаяқтары жайлы жиі еститінмін. Бірақ, өзім солардың құрығына түсіп қаламын деп еш ойламаппын. Осыдан шамамен екі-үш ай бұрын үйдегі қарт әжемнің қалта телефонына белгісіз бір нөмірден хабарлама келіп түсті. Ашып қарасақ, «Құттықтаймыз! Сіз «Sаmsung» маркалы ұялы  телефон ұтып алдыңыз. Бізге хабарласып, мекен-жайыңызды айтсаңыз, сыйлықты аласыз» делінген екен. 

Қуанышымда шек жоқ, әлгі жаңалықты дереу барып әжеме жеткіздім. Мұны естіген кейуана да қатты қуанды. Өзінше ол: «Сотка ұтып алғанымызды ешкімге айтпайық. Әйтпесе, балалар таласып жүрер» деп қояды. Сөйтіп, екеуіміз сол арада бірден әлгі белгісіз нөмірге хабарластық. Тұтқаны көтерген ер адам жаңағы ақпаратты растап берді. Айтуынша, еліміз бойынша «Бақытты нөмір» атты акция жүргізіліп, тек он абоненттік нөмір ғана жеңімпаз деп танылған. Солардың бірі әжемнің нөмірі болып шыққан.
–Күніне қаншама рет оннан-мұннан хабарлама келеді. Солардың бірін де оқымаймын. Көзім нашар көрсе қайдан оқиын? Сен болмасаң бұл сыйлықтан да құр қалар едім, құлыншағым. Хабарламаны аша қалғаның мұнша жақсы болар ма еді», – дейді әжем мені өзінше мақтап.
Қуанышымыз қойнымызға сыймай, қалай шаттанғанымызды көрсеңіздер ғой, шіркін. Бағасы қымбат тұратын бұл байланыс құралын қалайша бізге жайдан-жай су тегінге бере салмақшы деп әжем де, мен де аң-таңбыз. Соңы не боларын қайдам, әйтеуір, мекен-жайдың бәрін өзін «Sаmsung» фирмасынанмын деп таныстырған өкілге бердік. Біраз уақыттан соң ол бізге хабарласып сыйлықты алу үшін алдымен жиырма бес мың теңге көлемінде салық төлеуіміз қажеттігін айтты. Ол салық құнын өзімнің нөміріме бірлік ретінде жіберуім керек екен. Басында «ол неғылған салық, әй, бұл алаяқ шығар» деп ішімізден күдіктенгенімізбен, «Салықты айтылған нөмірге бірлік ретінде аударасыздар, сыйлықты бір сағаттасын үйіңізге жеткізуші апарып береді» дегесін ол күмәніміз сейіліп қалды.
Айналдырған бір сағаттың ішінде жаңағы фирма өкілімен жүз рет сөйлескен шығармыз. Ақшаны қашан жібересіздер деп телефонымызға дамыл бермеді. «Ақшаны қазір төлейтін болыңыздар» деп бұйыра сөйлегесін санамызға тағы да күмән ұялай бастады. Осылай ойға шомып отырғанымызда үйге жолдасым келді. Мән-жайды сұрап білген ол мұның бәрі алаяқтардың құрған тұзағы екенін, кез келген салықты ешқашан телефонға бірлік ретінде төлемейтінін, оның салық мекемесіне барып төленетінін және арнайы банк деректемелері болуы қажеттігін тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп берді. Сол арада жолдасым әлгі белгісіз нөмірге қоңырау шалып, тергей бастаған соң, олар әлденеден сезіктенді ме, телефон тұтқасын қоя салды. Осыдан-ақ, олардың алаяқ екенін түсіну қиын емес еді. Ертеңіне біз болған оқиғаны құқық қорғау органдарына баяндап бергенімізде, полиция қызметкерлері де қазіргі таңда осындай қылмыс түрі өршіп тұрғанын, алаяқтар бейкүнә тұрғындарды алдап-арбап, жиған-тергендерін тонау үшін сан түрлі айла-тәсіл ойлап тауып жатқанын тілге тиек етіп, келесіде абай болуымызды ескертті.
Шынымен де, қулығына құрық бойламайтын алаяқ немелердің адамдарды алдау үшін ойластырып жатқан әрекеттері сырт көзге сондай шыншыл көрінеді. Тіпті, осы қылмыс жайлы азды-көпті хабары бар менің өзім әп-сәтте алданып қала жаздадым. Арнайы кодтар арқылы алаяқтар ақшаны қалтаңыздан ғана емес, тіпті, телефоныңыздағы теңгерімнен де оп-оңай суырып ала алады екен.
Иә, әжемнің телефонын алып, қайдағы жоқ хабарламаны оқымағанымда мұның бірі де болмас еді. Абырой болғанда, алаяқтардың құрығына ілініп қалмай, аман-есен құтылдық. Дегенмен, қазіргі қоғамда аталмыш қылмыстың құрбанына айналып жатқандар да аз емес. Соларға өзгелердің оқиғасы сабақ болса екен дейміз.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар